Мамандық пен нарық: Жұмыссыз жүрген жастар көп
Жақында туыстармен басқосу болып, «өзіміз отырып шай ішейік» дастарханында жұмыс туралы әңгіме басталып кетті. Сонда бір үлкеніміз «Бұрынырақта барлық жасқа жұмыс табылатын. Жұмыссыз жүргеніңді көрсе, жұмысқа қоятын, әскерге жіберетін немесе жаза қолдануы да мүмкін еді. Қазір жастардың бос жүргенін көп көресің. Бәрі жеңіл жолмен жүргісі келеді, жасы 30-ға толғанға дейін қыдырып үлгермегендер де бар. ЖОО оқып бітірсе де, ата-анасының арқасында жұмыс істемей, көлік айдап, кафе жағалап жүреді» деп, біршама ойын жеткізді. Оған біріміз қосылсақ, енді бірі қарсы пікірін білдірді. Ал, расымен, саралай қарасақ, елдегі жағдай қалай?Мемлекеттік масштаб
Бүгінгі таңда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатында жастар ресурсын тиімді пайдалану – мемлекеттік тұрақтылық пен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын басты басымдық. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенсек, еліміздегі жалпы жұмыссыздық деңгейі Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) әдістемесіне сәйкес 4,5 пайыз маңайында тұрақтаған. Осы орайда, 15 пен 34 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 2,9-3,1 пайыз шамасын құрап, соңғы жылдары белгілі бір оң динамиканы көрсетіп келеді.
Дегенмен, макроэкономикалық көрсеткіштердің оңтайлы болуы бұл саладағы түйткілдердің толық шешілгенін білдірмейді. Республика бойынша тіркелген жұмыссыздардың жалпы саны шамамен 333,1 мың адамды құраса, оның ішінде білім де, еңбек те, кәсіби даярлық та алмайтын NEET санатындағы жастардың үлесі 6,5-6,7 пайыз аралығында сақталып отыр.
Республикалық деңгейдегі басты мәселе – құрылымдық жұмыссыздық құбылысы. Жыл сайын жоғары және орта арнаулы оқу орындарын мыңдаған түлек аяқтағанымен, олардың алған білімі мен кәсіби дағдылары еңбек нарығының нақты сұранысына толық сай келе бермейді. Мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Жасыл ел» секілді арнайы бағдарламалар осы бәсекелестік алшақтығын жоюға және жас мамандарды алғашқы еңбек ортасына бейімдеуге бағытталған.
Аудандық динамика
Жергілікті инфрақұрылым мен аудандық «Мансап» орталығының деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері мекемеге 1744 жас азамат жұмыс іздеуші ретінде ресми түрде хабарласқан.
Жүргізілген жүйелі шаралардың нәтижесінде 305 жас маман тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар, 172 жас қоғамдық негіздегі жұмыстарға тартылса, 115 жас «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында өз мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алды. Ал туған табиғатты көркейтуге әрі еңбекке баулуға бағытталған «Жасыл ел» еңбек жасағы аясында 110 жас қамтылды. Жұмыс іздеуші жастар мен жұмыс беруші мекемелерді тікелей тоғыстыру мақсатында жыл басынан бері дәстүрлі «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі 7 рет ұйымдастырылды. Сонымен қатар:
– Ауылдық елді мекендердегі және кенттердегі жастардың әлеуметтік бейімделуі мен ақпараттануын арттыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» жүйелі түрде «Жастар керуені» жобасын ұйымдастырып келеді. Сала мамандары ауылдық округтерді аралап, жастарға шағын кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй бағдарламалары, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар мен бос жұмыс орындары жөнінде тікелей түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бұл – ауыл жастарының өз туған жерінде еңбек етіп, әлеуметтік-экономикалық ортаға кірігуіне жасалған практикалық қадам, – дейді аудандық Жастар орталығының басшысы Берік Сұлтаниязов.
Жұмыссыздық аспектісі
Жастар жұмыссыздығы – тек экономикалық көрсеткіш емес, ол ауқымды әлеуметтік салдары бар күрделі құбылыс. Оның қоғамға тигізер кері әсері де, дұрыс бағытталған жағдайда берер оң нәтижесі де бар.
Жұмыссыздықтың басты зияны мен салдарына тоқталсақ, ең алдымен адам капиталының деградациясы орын алуы. Диплом алғаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жас маман уақыт өте келе кәсіби біліктілігі мен дағдыларын жоғалтады. Сонымен бірге, бұл жағдай әлеуметтік депрессия мен NEET санатының өсуіне алып келеді. Еңбек нарығынан өз орнын таба алмау жастардың қоғамға деген сенімін азайтып, пассивтілікке, пессимизмге немесе жағымсыз әрекеттерге бейімделуіне соқтырады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, мемлекеттің білім беруге жұмсаған инвестициясы ақталмай, еңбекке қабілетті азаматтар қосымша құн өндірудің орнына әлеуметтік қолдауға тәуелді болады.
Дегенмен, бұл мәселені дұрыс басқарған жағдайда оның өзіндік мүмкіндіктері де ашылады. Жұмыссыздық еңбек нарығының қайта құрылымдануына түрткі болады. Ол ескірген мамандықтардан арылып, жастардың жаңа цифрлық, креативті экономика салаларына, IT мен қызмет көрсету секторларына жаппай бет бұруына ықпал етеді. Бұған қоса, бұл жағдай кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Дайын жұмыс орны болмаған жағдайда жастар мемлекеттік гранттар мен микрокредиттерді пайдаланып, шағын бизнес ашуға ұмтылады, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын тудырады.
Сарапшылар мінбері
Аталған мәселенің шешілу жолы мен еңбек нарығындағы шынайы жағдай төңірегінде қоғамның әртүрлі өкілдері өз пікірлерін білдірді.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Берік Сұлтаниязов:
– Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту – құрғақ есеп үшін жасалатын шара емес. Бұл – әрбір жастың болашағына, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына қатысты жауапты міндет. Орталықта жастармен күнделікті жұмыс барысында олардың бойында еңбекке, жаңа серпінге деген ынтаның жоғары екені байқалады. Көп жағдайда жастарға бос жұмыс орны туралы ақпарат, кәсіби бағдар немесе өз мүмкіндігін дұрыс таныстыру жетіспейді. Осы себепті орталық бос жұмыс орындарын ұсынумен қатар, түйіндеме дайындау, сұхбаттасудан өту, кәсіпкерлік бағытында да қолдау көрсетеді. Басты мақсат – мемлекет, жұмыс беруші және жас маман арасындағы байланысты нығайтып, әрбір жастың өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау болып табылады, – дейді.
Ал қала тұрғыны Динара Мұратқызы:
– Ірі мегаполистер мен өңірлер арасындағы еңбек миграциясы заңды процесс екені рас. Өңірдегі жастардың жұмыспен қамтылуы тікелей жергілікті экономиканың стратегиясына байланысты. Бүгінгі жастарға тек диплом емес, икемді дағдылар, цифрлық сауаттылық ауадай қажет. Егер жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер бірігіп, жастарды нарық сұранысына сай қайта оқытуды жолға қойса, бұл жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендететіні сөзсіз, – деп пікірін білдірсе, жас маман Нұрбол Асылбеков:
– Жоғары оқу орнын аяқтаған соң кезігетін басты кедергі жұмыс тәжірибесінің талап етілуі. Алғашқы еңбек жолын бастау үшін тәжірибе жинайтын орын қажет. Көп жағдайда жастар «Мансап» орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс орнына орналасады. Бұл оларға кәсіби тұрғыда шыңдалуға, ұжымда жұмыс істеуді үйренуге мүмкіндік береді. Жастарға осылай бағыт-бағдар беріп, сенім білдірсе, олар кез келген мүмкіндікті жаңа бастамаға айналдыра алатынына сенемін, – деп, ізінен ерген кішілерге сәттілік тіледі.
ТҮЙІН: жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешу – мемлекеттік институттардың, білім беру жүйесінің, жұмыс берушілер мен жастардың өзара тығыз әрі жүйелі әріптестігін талап ететін процесс. Жастардың бойындағы әлеуетті дұрыс арнаға бұрып, еңбек етуіне жағдай жасау – еліміздің тұрақтылығы мен жарқын болашағының кепілі.
Г.ӘЛНИЯЗИНА










