Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫ: 50 жастан асқан адамдар қатысады

«КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫ: 50 жастан асқан адамдар қатысады

Ұлттық статистика агенттігінің дерегі бойынша елімізде 450 мыңнан астам жұмыссыз адамдар бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар болса, ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыссыздар қатарында. 2022 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасы зейнеткерлікке таяу, уақытша жұмыссыз жүрген адамдарды жұмыспен қамту, қолғабыс ету мақсатында «Күміс жас» жобасын іске асыруды жоспарлаған болатын. Зейнет жасына жақындағанда жұмыссыз қалуы тіршілікке де, алдағы зейнетақысына да әсер ететіні белгілі. «2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жобаны іске асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді оған 50 жасқа толған адамдар қатыса алады. Бұл ретте мемлекеттен жұмыс берушіге жұмысқа орналастырылған жобаға қатысушылардың жалақысының белгіленген мөлшерінің 60-тан 70%- на дейін, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде субсидиялар төленетін болады. «Күміс жас жобасына қатысу ұзақтығы 36 айға дейін. Осыдан кейін жұмыс беруші «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, ал зейнеткерлік жасы алдындағы (58 жастан асқан) адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына орналастырады», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында. Жоба бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «еnbek» электронды еңбек биржасына жүгіну қажет. 50-60 жас – адамның кәсіби және тұлғалық дамуының шыңына жеткен, психологиялық дамуы қалыптасқан шағы. Сонымен зейнеталды «күміс жас» – адамның ең әлеуметтік белсенді және өнімді кезеңі. Сол мүмкіндікке қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан жасалған «Күміс жас» жобасы ауданымызда да жүзеге асса, жұмыс істеуге әлі де болса қабілеті бар жандарға үлкен көмек-қолдау болар еді. К.МАХСҰТ
01 сәуір 2023 ж. 393 0