Күміс жас жобасы: 50-ден асқан азаматтарға қандай жұмыстар ұсынылады

Бұған дейін «Күміс жас» жобасы 60 жастан асқандарға қарастырылып келді. Биылдан бастап 50 жасқа дейін төмендетілді. Осылайша, жобаға қатысушылар аясы кеңейтілді. Жалпы, жұмыссыздардың дені – үйде бала күтімімен отырып қалғандар немесе түрлі себептермен еңбек ету мүмкіндігі болмағандар. «Күміс жас» жобасының мақсаты – зейнет жасына жақындап қалған жұмыссыз азаматтарды қолдау. Біз оларға жеке көмекші, әлеуметтік қызметкер, атаулы әлеуметтік көмек бойынша немесе еңбекпен қамту орталықтарында консультант болуды ұсынамыз. Демек, әлеуметтік сала бойынша жұмысқа орналастырамыз, -
деді Тамара Дүйсенова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің сөзінше, ендігі уақытта «Күміс жас» жобасы аясында 50-ден асқан жандарға білім және денсаулық саласы бойынша бос жұмыс орындары ұсынылмақ.
Айта кетейік, «Күміс жас» жобасы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
kyzylorda-news.kz