Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гендерлік теңдік

Гендерлік теңдік

Гендерлік теңдік – қазіргі қоғамның тұрақты әрі әділетті дамуының негізгі қағидаларының бірі. Ол әйелдер мен ерлердің қоғам өмірінің барлық саласында тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуын білдіреді. Білім алу, еңбек ету, мемлекеттік басқаруға қатысу, кәсіби тұрғыдан даму және өз қабілетін жүзеге асыру барысында адамның жынысына байланысты шектеулер болмауы – гендерлік теңдіктің басты ұстанымдары.
Қазіргі таңда гендерлік теңдік мәселесі әлемнің көптеген елдерінде әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан маңызды тақырыпқа айналды. Себебі қоғамның әлеуетін толық пайдалану үшін әрбір азаматқа өзінің қабілеті мен еңбегіне қарай мүмкіндік берілуі қажет.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстан әлемдік стандартқа сәйкес гендерлік теңдік принциптеріне назарын аудара бастады. Қазіргі уақытта Қазақстан адам құқықтары бойынша, соның ішінде жыныстар арасында тең құқылықты қамтамасыз етуге және әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған 20-дан астам әртүрлі шарттар мен конвенциялардың қатысушысы.
Елімізде бекітілген Қазақстан Республикасындағы гендерлік тепе-теңдіктің стратегиясы билік пен қоғамның әрекет етуінде ерлер мен әйелдердің теңдігіне бағытталған.
Бұл стратегия- ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді. Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Яғни, осы арқылы әйелдердің саяси-экономикалық ілгері жылжуы үшін еліміздегі гендерлік саясаттың ұлттық моделі әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа белесін ашты деуге болады.
Бүгінде елімізде әйелдер қауымының гендерлік теңдікке біршама қол жеткізгендігін көруімізге болады. Қазіргі заманғы әйел кез-келген салада ерлермен қатар көптеген міндеттерді қатар алып жүруде. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да белсенділік танытуда. Олар қандай қызмет атқарса да, аналық құқығын гүлдендіре отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, болашаққа деген сенімнің зор ұйытқысы болуда.
Арал аудандық сотының
бас маманы А.Кималанова.
17 қыркүйек 2026 ж. 61 0