Жастар – жаңа идеялар мен оң өзгерістердің генераторы
Арал индустриалды-техникалық колледжінде «Жастар – жаңа идеялар мен оң өзгерістер генераторы» тақырыбында студенттермен мазмұнды кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың бастамаларын қолдау және өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына бағыт-бағдар беру.Кездесуге «Әділет» партиясы Арал аудандық филиалының «Жастар Рухы» Жастар қанаты бөлімше жетекшісі Сабырбай Ержан Әділжанұлы, Жастар ресурстық орталығының мамандары, жастар көшбасшылары және колледж студенттері қатысты.
Кездесу барысында жастардың бүгінгі қоғамдағы орны мен жауапкершілігі, білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласудың маңызы сөз болды. Жастар – елдің ертеңі ғана емес, қазіргі қоғамдағы өзгерістерге тікелей ықпал ете алатын белсенді күш. Сондықтан олардың тың идеяларын қолдау, бастамаларына мүмкіндік беру – маңызды бағыттардың бірі.
Кездесуде Ержан Әділжанұлы жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен жастарға арналған мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, білім алу, кәсіп бастау, жұмыспен қамтылу, кәсіби дағдыларды дамыту, волонтерлік және қоғамдық бастамаларға қатысу бағыттарындағы мүмкіндіктерге тоқталды.
Сонымен қатар жастардың өз қабілетін танытып, жаңа жобаларға бастамашы болуына, қоғамдық ортада белсенділік танытуына және өз болашағын жоспарлауына қажетті мүмкіндіктер бар екені айтылды.
Ал Жастар ресурстық орталығының мамандары жастарға арналған мемлекеттік және жергілікті деңгейдегі бағдарламалар мен жобалар туралы айтып, олардың талаптары мен қатысу мүмкіндіктерін түсіндірді. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық және спорттық бағыттарға қатысу, еріктілік қызметпен айналысу, түрлі жобаларға атсалысу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жастарға арналған бағдарламалар мен жобаларға қатысу тәртібі жөнінде қажетті ақпарат алды.










