Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуантқан Қалпақов: алаңға шыққанымды айтуға қорықтым

Қуантқан Қалпақов: алаңға шыққанымды айтуға қорықтым

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – қазақ жастарының ұлттық намысы мен ел тағдырына деген алаңдаушылығын танытқан тарихи кезең. Алматының алаңына жиналған жастар өз пікірін ашық білдіріп, ел басқару ісінде қазақ азаматының болуын талап етті. Алайда бейбіт талаппен алаңға шыққан жастардың әрекеті күшпен басылып, талай жастың тағдырына ауыр із қалды. Сол күндері болған оқиғаға куә болғандардың естелігі – тарихтың тірі шежіресі.Сол бір желтоқсан күндері Алматыда студент болып, алаңдағы оқиғаның ортасында жүрген азаматтардың бірі – аралдық Қуантқан Қалпақов. Ол кезде жас студент болған Қуантқан Панабайұлы бірнеше оқу орнының жатақханаларын аралап, жастарды алаңға шақырған. Алаңдағы жағдайды өз көзімен көріп, кейінгі қуғын-сүргінді де бастан өткерген.
Қуантқан ағай Желтоқсан оқиғасын көп жыл бойы ішіне сақтап келді. Сол кездегі қорқыныш, оқуынан айырылып қалу қаупі, тергеу, жасырынуға мәжбүр болған күндер – бәрі де оның жадында. Бүгінде ол сол күндерді ашық айтып, көрген-білгенін кейінгі ұрпаққа жеткізуді азаматтық парызы деп біледі.
Қуантқан Қалпақовтың Желтоқсан күндеріндегі естелігі:
1986 жылдың желтоқсаны. Ол кезде мен Зоотехникалық-малдәрігерлік институтының бесінші курсында оқитынмын. Дипломдық жұмысымды Мыңбайов ауылында жүргізіп жүрген кезім еді. Ауылда бес күн болып, демалыс сайын Алматыға жатақханаға келіп тұратынмын.15 желтоқсан күні түнде жатақханада демалып жатқанымда, ҚазГЮУ-ден бір топ студент келді. Олар: «Мемлекет басшымызды, бірінші хатшымыз Дінмұхамед Қонаевты алып, орнына Колбинді қойды. Соған қарсымыз. Ертең студент болып алаңға шығайық», – деді.
Біз де қарап қалмай, басқа оқу орындарының жатақханаларын аралап, болған жағдайды айтып шықтық. «Ертең таңертең алаңға шығамыз. Сендер де бірге шығыңдар», – деп студенттерді шақырдық. Бірімізден біріміз жалғасып, хабарды басқа жатақханаларға жеткіздік.
16 желтоқсан күні таңертең алаңға жиналдық. Басында ҚазГЮУ студенттері де келеді деп күткенбіз. Бірақ оларды алаңға өткізбей қойғанын кейін білдік. Сөйтіп, әр оқу орнынан, зауыттардан адамдар жинала бастады. Жастардың талабы біреу еді – ел басшылығына қазақ азаматының келуін талап ету.
Алаңда мұғалімдер де келіп, бізге: «Қайтыңдар, босқа жүрмеңдер, ақымақ болмаңдар», – деп ескертіп жатты. Бірақ жастардың қайтатын түрі жоқ. Әр жерден студенттер шығып сөйлеп, өз талаптарын жеткізді.
Бір кезде солдаттар келіп, сөйлеп тұрған жастарды ұстамақ болды. Біз оларды бермей, қарсы тұрдық. Содан төбелес басталып кетті.
Кейін СҚИ-дің жатақханасына бардық. Ондағы студенттерді сыртқа шығармай, қамап қойған екен. Соларды шығарып алдық. Адам саны біртіндеп көбейе берді. Абай көшесімен жүріп отырып, Абай ескерткішіне бардық. Колонна болып келе жатқанымызда солдаттар жолымызды бөгеп, соққы көрсетті. Біз де шегінбей, қарсылық білдіріп жүрдік.
Одан кейін Қазақстан қонақ үйіне, Спорттық туризм институтына, Инязға, дене шынықтыру институтына бардық. Студенттерді алаңға шығуға шақырып, қайтадан лек-лек болып қала орталығына бет алдық. Кешке қарай қатты шаршадым. «Жатақханаға барып, аздап демалып, шай ішіп алайын. Сосын қайта шығамын», – деп жатақханаға кіріп кеттім. Шай ішіп, біраз тынығып алған соң кешкісін алаңға қайта бармақ болдым.
Бірақ сыртқа шыққанда жағдайдың мүлде өзгеріп кеткенін көрдім. Алаңда қырғын болыпты. Су шашып, адамдарды ұстап әкеткен. Қасымдағы жолдастарымды іздедім, бірақ ешқайсысын таба алмадым. Көпшілігін алып кеткен екен. Сол түні жатақханаға келгенімде бірге тұратын жолдастарымның жоқ екенін білдім. Ертеңіне комендант жолдасым еді, ол да мені сыртқа шығармады. Бірақ кейін артқы есіктен шығып, қайтадан алаңға бардым.
Біз сол жерде ел басшылығының өзгеруіне қарсылығымызды тағы да білдірдік. Кешке қарай жолдастарымның біразы келді. Сонда олардың бастарынан не өткенін естідік. Қыздарды да, жігіттерді де қала сыртына, айдалаға апарып тастап кеткен екен. Олар жақын маңдағы ауылдарға жаяу жетіп, әрең дегенде жылынып, 17 желтоқсан күні кешке жатақханаға оралған.
Кейін коменданттық сағат енгізіліп, бізді жатақханадан шығармай қойды. Артынша тергеу басталды.
Менің ең үлкен қорқынышым – оқуымнан шығып қалу еді. Оның үстіне отбасым бар болатын. Жұбайым мен баламды бұл оқиғаға дейін ауылға қайтарып жіберген едім.
Бір күні дипломдық жұмысыма қатысты шаруамен институтқа бармақ болғанымда, комсомол хатшысы Ерболат деген кісі маған: «Институтқа барма. Сенің суретің анық түсіп қалыпты», – деді. Суретімді институтқа әкеліп, іліп қойған екен. Мен алаңда жүргенде қолымда таяқ болған. Сол сәтте түсірілген суретім анық болып шығыпты.
Ерболат ағайдың өзі кейін: «Сенің суретіңді әкелгенде, таныған адамдарымды қысқартып, алып тастап отырдым», – деп айтты. «Сен дипломдық жұмысыңды жасап жатқан ауылыңа бар да, Алматыға келме», – деді. Сөйтіп, Мыңбайов ауылына кетіп қалдым. Біраз уақыт Алматыға бармай, дипломдық жұмысымды сонда жаздым. Дипломымды бір адам арқылы тапсырып жібердім. Қасымдағы жолдастарымның кейбірі ұсталды. Үшеуінің ішінен біреуі сотталды, екеуі қашып құтылды.
Оларды кейін айдалаға апарып тастап кеткенін естідік. Қыз-жігіт демей, далаға тастап кеткен. Олар жақын ауылдарға жаяу жетіп, әрең оралған. Жолдастарымның көпшілігі үлкен азап көрді.
Мен де Алматыға бірден бара алмадым. Оқиға сәл басылғаннан кейін ғана жасырын түрде барып, дипломымды алдым. Киімімді өзгертіп, көзге түспеуге тырыстым. Сөйтіп, вокзалға барып, ауылға қайтып кеттім.
Сол кезде қорқыныш өте күшті болды. «Бұл туралы ешкімге айтпа. Айтсаң, басың бәлеге қалады, сотталасың», – деп ескерткен. Сондықтан туған-туысқа да, достарыма да ештеңе айтпадым. «Сұранып келдім» деп қана жүрдім. Тергеу кезінде де: «Мен қатысқан жоқпын», – деп айттым. Өйткені оқудан шығарып жібереді, өміріме таңба болып қалады деп қорықтым.
Желтоқсан оқиғасына қатысқанымды көп жыл бойы ішімде сақтадым. Желтоқсаншылардың қатарына да бірден қосылған жоқпын. Тек зейнетке шыққаннан кейін ғана басымнан өткен оқиғаны ашық айта бастадым.
Сол кезде бізді қорқытып, үнсіз қалдырды. Арада қанша жыл өтсе де, «Желтоқсанға қатыстым» деп айтуға жүрексінетінбіз. Ұялатын да едік. Өйткені сол кездегі үрей әлі де санада сақталып қалған.
Бірақ сол күндердегі жағдайды көрген адам ретінде айтарым – біз алаңға ешкімге жамандық жасау үшін шыққан жоқпыз. Біз өз еліміздің басшысы қазақ болғанын қаладық. Жастардың айтқан талабы осы еді.
Бүгінде сол күндерді еске алғанда, қасымдағы жолдастарым ойыма түседі. Қазір олармен хабарласып тұрамыз. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі болды. Бірі сотталды, бірі қуғын көрді, енді бірі сол күндердің зардабын ұзақ уақыт бойы іште сақтады.
Менің де басымнан өткен жағдайды ұзақ жыл бойы ешкім білмеді. Дипломымды аяқтап, оқуымды бітіріп шыққанымның өзі сол кезде үлкен жеңіс сияқты еді. Маған көмектескен мұғалімдер де болды. «Алматыға барсаң, ұсталып қаласың» деп ескертіп, оқуымды аяқтауыма қолдау көрсетті.
Қазір өткенге көз жүгіртсем, сол бір Желтоқсан оқиғасы біздің жастық шағымыздың ең ауыр әрі ұмытылмас кезеңі болыпты. Біз қорықтық. Біз жасырындық. Бірақ көргенімізді жүрегімізден өшіре алмадық» – деп естелігімен сыр шертті ағамыз.
Арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де, Қуантқаг Қалпақовтың жүрегінде Желтоқсанның ізі өшкен жоқ. Сол кезде айтылмай қалған сөздер, бірге жүрген жолдастарының тағдыры, қорқыныш пен белгісіздікке толы күндер оның жадында сақталды.
Желтоқсан – Қуантқан ағай үшін жай ғана өткен тарих емес, өз көзімен көріп, өз басынан өткерген кезең. Ұзақ жылдар бойы бұл туралы ашық айта алмаса да, уақыт өте келе сол күндердің шындығын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын түсінді.
Бүгінде оның естелігі – сол кезеңді көзімен көрген адамның сөзі. Өткенді білу, сол күндердегі оқиғаны ұмытпау – тарихқа деген құрмет. Ал Желтоқсанды бастан өткерген жандардың естелігін сақтау – кейінгі ұрпақ үшін өткеннің сабағын түсінудің бір жолы. Қуантқан Панабайұлының әңгімесі бір адамның тағдыры арқылы сол кездегі мыңдаған жастың басынан өткен ауыр кезеңді еске салады. Жылдар өтсе де, Желтоқсанның шындығы ел жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетуі тиіс.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ
29 қыркүйек 2026 ж. 41 0