Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ызғарлы жылдар жаңғырығы жүректе

Ызғарлы жылдар жаңғырығы жүректе

Желтоқсан бірде,Ел тосқан түрде,Келетін мүлде жайдарлы.
Сол жылы бірақ,
Әдеттен жырақ
Көрінді шын ақ айбарлы.
Міне, осы бір өлең жолдары сонау 1986 жылы егемендік аңсаған қазақ жастарының азапты тағдырынан сыр шерткендей еді. Расымен де бұл күн тарихта қанды оқиғамен қалды. «Тәуелсіз ел боламыз. Бізге қазақ басшы керек» деп ұрандатқан қазақ жастары алаңға жиылып, өз талаптарын қойды. Әрине, егемендік ешкімге оңай жолмен келген жоқ. Қазақ қазақ болғалы ел мен жер үшін талай соғысты, қанкешті оқиғаларды бастан өткерді. Бұл күні де ырыққа бағынбаған қазақ жастарын ұрып соғып, түрлі азаптар тартқызды. Шындықты жасыру мүмкін емес. Сол жылдары, тап сол алаңда болып, оқиғаның бел ортасында жүрген азаматтар қазір де ортамызда жүр. Шыны керек, бір кездегі сол бір қаракөз қазақ жастарының арқасында бүгінгі азат күнге қол жеткіздік.
Сол кездегі үкімет басшыларын қазақ жастарының қаһары қаймықтырды. Осылайша олар діттеген мақсатына жете алды. Осы желтоқсан оқиғасы азапты күннің нүктесін қойғандай еді. Кейіннен Тәуелсіз ел атандық. Шекарамызды шегендеп, мемлекеттігімізді мәңгілік ету жолында жұмыстар жасала бастады. Енді Қазақстан деген ел барын әлем танитын болды. Ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Ата Заңымыз бекіп, төл теңгеміз айналымға енді.
Отыз бір жылға жуық уақыт өтті. Бұл жылдарда Қазақстан Республикасы әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иық тіресіп, әлемдік саяси аренада өз орнын қалыптастырды. Қазіргі қазақ жастары бақытты, алаңсыз, азат елде өмір сүруде. Бізге білім алуға, еңбек етуге, өз болашағымызды қалыптастыруға ешқандай кедергі жоқ. Қайта ел болашағы жастарға мемлекет иек артып отыр. Шетелде оқуға, кәсіп ашуға түрлі гранттар тағайындауда.
Иә, біз бақытты жастармыз. Біздің бүгінгі қол жеткізген игіліктеріміздің астарында сол бір азапты, ызғарлы күні қаймықпай алаңға шығып, қайсарлық танытқан аға-апаларымыздың ерлік істері жатқандығы жасырын емес. Олар өз заманында «желтоқсаншы» деген атақ алып, азапты өмір кешті. Оқудан, жұмыстан шығарылып, ешқандай қызметке алынбады. Тек кейінгі жылдары ғана ақталды. Десе де, сол бір қаһарман жастардың ерлік ісі ел жадынан ешқашан ұмытылмақ емес. Олар елді еркіндікке жетеледі. Сол сындарлы шақта қайыспай қарсы тұрып, өздерінің нағыз ұлтжанды азамат екендіктерін дәлелдеді. Біз осындай қайсар қазақтың ұрпағы болғанымызбен мақтанамыз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
17 желтоқсан 2022 ж. 369 0