Тәуелсіздік белесі: Қиын кезең артта қалды

Қырық бірде басталған қанды қырғынның ұзын құрығы қаншама қандастарымызды жалмады. Қаншама қара шаңырақтың бас көтерері болған қазақ азаматтары қара жер құшты. Балалар жетім, әйелдер жесір қалды. Осы уақыттар тарихта «Ұлы Отан соғысы» деген атпен сақталды. Қазаққа айтарлықтай ауыртпашылық салған сол кезеңдер бүгінгі ұрпақ жадында мәңгілік сақталары сөзсіз.
Содан кейін де кеңестік жүйенің жолымен жүрген елге жарық күн тумады. «Түйенің жегені жантақ, арқалағаны алтын» демекші, ашығып ас ішкен, ентігіп демін алған қазаққа жақсы ат болмады. Дәстүрі дәріптелмеді, діні дүбара болды. Осылайша, қараңғылықта күн кешкен қазақтың тағдырына сексен алтының сергелдеңге салған ызғарлы сәттерін тағы қосыңыз. Бұл кезеңде де аз қан төгілген жоқ. Алматыдағы Тәуелсіздік алаңы сол бір сорақы кезеңнің куәгері. Ашық алаңда «Елдің еркіндігі керек, әр елге өзінің басшысы керек»,-деп ұрандатқан қаншама қазақ жастарын қойша қырып салған қақтығыстың өзіндік ауыртпашылығы бар. Оны жақсы білеміз, сезінеміз. Тек, қарақан басының қамы үшін емес, ұлттың тағдырын ойлап, тыпыршыған тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарының енді қайтып мына қоғамда өмір сүрмейтіні өкінішті-ақ.
Міне, қазақтың тарихы осылайша күрделі, бұралаң әрі азапты кезеңдерден құралған. Қайсар ұлттың осылайша ауыр жолдардан өтіп, қазіргі күнге жеткені кім-кімді де таңдандырмай қоймасы даусыз.
Тәуелсіздік. Иә, осы ұғым менің санамда соншалықты сергек әрі салмақты түрде сақталғанын білсеңіз ғой. Осы бір «Тәуелсіздік» дейтін ұғымның арғы жағында арманда кеткен қаншама ата-бабаның ерен еңбегі, көзсіз батырлығы жатқандай сезіледі маған. Сондықтан, Тәуелсіздік – қазақтың маңдайға басқан құйрықты шоқ жұлдызы деп айта аламын. Ол ата-бабамыздың ұлы мұрат жолында төгілген қанының өтеуі. Оны қадірлеп, берік ету қазіргі жас буынның алға қойған мақсаты болуы керек.
Айнұр Абужалиқызы,
№64 орта мектеп мұғалімі