Айдын жағасындағы ауыл
...Арал ауданының өзіне тән ерекшеліктері көп-ақ. Атап айтар болсақ, ақ алтынға баланған Аралтұз, жер астынан бір тылсымның күшімен сарқырай аққан Ақеспедегі ыстық су, Шөміш елді мекеніндегі баға жетпес шикізат ретінде шығып жатқан кварц құмы...Міне, мұның барлығы қасиетті Аралдың басты артышылықтары. Бұдан басқа ирек-ирек құмдарымен дараланған ауылдар, төрт түлікті өріске өргізіп дамыған мекендер жетіп артылады.
Қазіргі айтпағымыз, «Алтын бесік» айдарымен қаузағалы отырған айдың жағасындағы ауыл төңірегінде. Бұл – Қосжар ауылдық округі күн санап кебеті айшықталған Қосжардың кешегісі мен бүгінін салыстыруға келмес. Қалам ұшымен қоғам қалыптастырамыз деп жүрген журналистік жолымда аталмыш ауылға талай барғанмын. Сынаптай сырғыған уақыт әмірімен көп нәрсе өзгерген. Осындағы «Қамыстыбас балық питомнигі» жүйелі жұмыстың нәтижесімен тоған шаруашылығын заман талабына сай қолға алған. Мекеме республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ретінде танылады. Тарихы да әріде жатыр. Яғни, 1966 жылдан бері Сырдарияның төменгі құйылысындағы балық аулау кәсіпшілігіне ыңғайлы табиғи су қоймалары мен көлдерді балықтандыру негізгі міндетіне кіретін құрылым қашанда қарқынды істің басында.
Бұл жайында округ әкімі Мәди Әбдікеровпен сыр суыртпақтағанымызда анық көз жеткіздік. Сондай-ақ ауыл басшысы жергілікті мемлекеттік мекемелердің жұмыстарында да оң динамика байқалатынын атап өтті.
Алақандай ауылда алғаш тілге тиек ететініміз, бірінші білім саласы екені айтпаса да түсінікті. Себеп жоқ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы мектептердің уақытпен үндесуіне барлық жағдайды жасайтыны әрбір жолдауларынан-ақ сезіледі. Расымен де болашақ иелерінің қабілетін арттырып, үлкен өмірден өз орнын табуға жол сілтейтін мектептің орны айшықты. Сонау 2010 жылы 100 орынға арналған екі қабатты типтик жобадағы мектеп он бір жылдық білім беретін мектеп мәртебесіне ие. Шәкірттерге, соның ішінде бітіруші түлектерге барлық мүмкіншіліктер қарастырылған. Білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен білікті басшы Жаңаберген Аманжолов жетекшілік ететін білім ұясының бағыты айқын, келешегі көрікті екені бірден байқалады.
Округтегі оңтайлы істердің басы-қасында жүріп, тұрғындармен етене араласатын Мәди Жақсыбайұлы Әбдікеров өз сөзінде руханият саласында да жетістіктер бар екенін жеткізді.
Ол ауылдағы барлық шуақты шаралар елдік мүддемен сабақтасып, талантты ұл-қыздардың өрісін кеңейтуге, дарынын ашуға бағыттаған клуб меңгерушісі Күлғашима Ысқақованың жұмысында да жетістіктер жетіп-артылатынын тілге тиек етті. Бұдан басқа әкім ауыл кітапханашысы Әсия Өмірзақова кітап – қазына екенін үнемі насихаттап, Президент тапсырмасы аясында оқуға құштар оқырмандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге үн қосу үстінде екеніне тоқталды.
Жалпы, табиғаты көркем көл жағасындағы Қосжардың тыныс-тіршілігіне тағы бір мәрте қанықтық. Мұнда тақтайдай тегіс жол тартылған, ауыз су әр шаңыраққа кіргізілген. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Төрт түліктің де саны артып, малын өріске өргізгендер үкімет қолдауын ұғынған. Кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейіп, салық түсімі молайған. Осы жайындағы сұраққа ауыл басшысы:
– Мал өсіруге ынталы қауымның қарасы қалың . Зеңгі баба тұқымы – 576, жылқы – 422, қой-ешкі – 1166 басты құрады. Мал басын сақтау үшін жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жылына екі мәрте екпе жұмыстары егіліп, арнайы ветеринариялық мамандар уақытпен санаспай жұмыс істеуде, – деп саладағы жұмыс жайын құлағдар етті.
«Елде болса ерінге тиеді» деген тәмсіл бар. Халықтың әл-ауқаты артқаны жақсылықтың нышаны. Әңгіме барысында қолға алынған бастамалар мен толымды тірліктер тарқатылды. Округ әкімінің айтуынша, өткен жылы автомобиль жолдарын асфальттауға қаржы қаралып, ауылішілік жолдар талапқа сай күйге түскен. Ауыз толтырып айтарлық тағы бір жетістік, осыдан бірнеше жыл бұрын « Үздік елді мекен» конкурсында қосжарлықтар жеңіске жетіп, соның арқасында көптеген ойда жүрген жұмыстар атқарылған. Абырой ортақ деп ауылдастарымен ақылдасқан округ әкімі Мәди Әбдікеров қолда бар қаржыға балалар ойын алаңын және салауатты өмір салтына шақыратын жаттығу орындарын көптің игілігіне жартақан. Бұдан бөлек, қоршау жұмыстары мен брусчатка төсеу сияқты бұқараға пайдасы тиетін сауапты істер тындырылған. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес егін шаруашылығымен де айналысудың жолдары қарастырылып, тың іспен шұғылданушылардың саны артқан.
Иә, мұның бәрі – бағдарлы істің жемісі. Мемлекеттік саясатпен қатар облыс, аудан әкімдерінің тапсырмаларын орындап, тұрғылықты халықтың ауызбіршілігін қамтамасыз ету үлкен іскерлікті қажет ететіні анық. Сүт пісірім уақытқа созылған сұхбаттан соны аңғардым.
Абай ЕЛЕШ










