Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтқа айналған кварц құмы

Құтқа айналған кварц құмы

Журналист деген қауымның жүрмейтін жері жоқ. Қырды да, Сырды да шарлайды. Жай шарлап қана қоймай, табаны тиген жердің жетістіктерін жіпке тізеді. Бастамаларын бағамдап, табыстарын таразылайды.
Анау жолы ақ құмның құдіретін тақырыпқа арқау етіп, сондағы кәсіп иесінің жарқын жобасы төңірегінде сөз сабақтағанымызды патша көңілді оқырман білер. Ендігі кезек тағы да ирек-ирек құм ортасында тіршілік кешкен округтің бүгінгі жайы болмақ. Аталған мекеннің басқалардан ерекшелігі, онда кварц құмы өндіріледі. Еліміз бойынша мұндай қазба байлықтың қасиетті Арал топырағында пайда болуының өзі біздер үшін зор мақтаныш.

Иә, округке жаңадан әкім сайланғанынан көпшілік құлағдар. Жергілікті тұрғындардың басым дауысымен зор сенімге ие болған жас әкімнің бағыты қандай? Осы төңірегінде Жұбатхан Әбдіхалықовпен әңгімелестік.
– Ел сенімі бәрінен биік. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойындағы ауылда мемлекет қамқорлығы айқын сезіледі. Мұнда дәрігерлік амбулаториялық пункт жұмыс жасаса, екі орта мектеп шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие береді. Талайлардың алтын бесігіне баланған ауылда 2000-ға жуық адам тіршілік кешуде. Жергілікті жұртшылықтың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Көбісі төрт түлікті өріске өргізгенді қолайлы көреді. Нақтырақ тоқталсақ, округ бойынша 1800 мүйізді ірі-қара, 3695 қой-ешкі, 3232 жылқы, 2018 түйе шаруа қожалықтарында есепке алынған. Халық арасында уақытпен үндесіп, нарыққа бейімделген кәсіпкерлердің қатары да артқан. Бұл да жақсылықтың нышаны. «Елде болса ерінге тиеді» деген тәмсіл бар. Барша аралқұмдықтардың күн көрісі жақсарғаны көңілге қуаныш ұялатады, – деп алдағы уақытта да толымды тірліктер жалғаса беретінін тілге тиек етті.
Сосын сөз арасында Аралқұм ауылдық округіне қарасты Шөміш елді мекеніндегі «Латон-Маркет» және «Арал кварц» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кварц құмын өндірумен айналысып жатқанына да жан-жақты тоқталды. Ел экономикасын еселейтін жергілікті бюджеттің бүйірін бұлтитатын өндіріс орнында қаншама жандар нәпақа табатынынан хабардармыз. Қазба байлықтың шашауын шығармай қажетке асырып, киелі құмды өлкеден шыққан шикізатты еселеп өндірген серіктестіктің серпінді істері жемісті жалғаса берсе тек округтің ғана емес, аудан облыстың да мерейін тасытатыны даусыз.
Қош. Біз арқалағаны алтын, жегені жантақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қалам ұшымен қоғам қалыптастыратын қасиетке ие екенін, сөйтіп туған өлкесінің әр тұсын тарихқа айналдыратынын жоғары жақтағы кіріспе барысында айтып қалдық. Бұл енді дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Әңгіме құм арасындағы «Жұмбақ көл» атанған табиғаттың тылсым сыйы төңірегінде жалғасты. Бұл енді кереметтің кереметі. Басына барсаң өзің-ақ бас шайқайсың. Бытқыл құмның ортасында тұрған «мынау неткен батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, табиғаттың тосын сыйына тамсана түсесің. Өйтпегенде ше?! Қарасудың» қасиеті ерекше енді...
– «Қарасу» тұзды. Тереңдігі белгісіз, ұзындығы да, ені де шамамен жүз метрдей аумақты алып жатыр. Көптің қызығушылығын тудыратын бұлақ көзінің басты ерекшелігі, жаңбырлы немесе қуаңшылық мезгілдерінде де өз деңгейін еш өзгертпейді. Темір жолдың екі жақ бетінде де көлемі мен аумағы бірдей орналасуы тегін сәйкестік емес. Ғажабы да осы. Судың беті салқын болғанымен, төменгі жағы ыстық болып тұрады. Бастысы, көлге ешқандай су көздері құйылмайды. Құм төбенің қақ ортасында орналасқан оның тылсымына терең бойлап, зерттеген ешкім жоқ. Шілде, тамыз айларында «Жұмбақ көл» әбден бабына келеді. Яғни, піседі. Бұл көлге жергілікті тұрғындар сол мезгілде келіп түсен жағдайда, судың денсаулыққа орасан зор пайдасы бар екенін айтады. Сондай-ақ, көнекөз қариялардың сөзінше кеңес заманында орыстар сонау Мәскеуден арнайылап келіп басына палатка құрып, аталған суға армансыз шомылған көрінеді. Тылсымға толы көлдің емдік қасиеттері де жетіп артылады. Сүйек сырқырағанға, салқын тигенге, қышыма ауруымен ауырғанда, денеге шыққан жараға бірден-бір ем болатын шипалы су көрінеді. Жаз мезгілінде адамдар көл жиегіндегі балшыққа аяғын көміп жандарына дауа іздеген. Бір қызығы, бұл таңғажайып көл туралы деректер еш жерде жоқ. Жазылмаған да, айтылмаған да. Сонау алпысыншы жылдары Кеңес Одағының мүйізі қарағайдай білікті дәрігерлері арнайы ат басын бұрып, құм қойнауында бүк түсіп, бар сырын бүгіп жатқан көлге зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Нәтижесінде судың пайдалы емдік қасиеттері медициналық тұрғыда дәлелденген. Бір таңқаларлығы, бұл су қай жақтан келіп тұрғаны да белгісіз. Түнеріп, қарайып тұрғандықтан көпшілік «Қарасу» деп атап кеткен. Табиғаттың жұмбақ сыйына жақсы ниетпен, үлкен сеніммен қарасаң, дертіңе дауа, еміңе шипа таба аласың. Шала жансар туған тайлақ, қозыларды осы көлге шомылдырғанда құдіреті соншалық, құлан-таза айығып, аяғына тұрған. Судың қасиетін ұғынған талайлар ыдысқа құйып, өздерімен бірге әкетіп отырған, –деп «Қарасу» қақында біраз жайтты қаузады.
Айдынды Арал өлкесі қасиеттен кенде емес. Ақ пейілімізге шығар, Тәңір бізге көп нәрсені тарту еткен. Соның бірі де бірегейі Аралқұм ауылдық округіндегі «Қарасу» десек еш қателеспейміз. Оны да аудан төңірегіндегі кереметтеріміздің қатарына қоссақ, алыс-жақын шетелден келетін меймандарымызға аталмыш судың құндылығын барынша дәріптеп жеткізсек, нұр үстіне нұр болар еді.

А. ЖАЙШЫЛЫҚ
22 шілде 2025 ж. 111 0