Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалауын тапса, ақ құм да қаржы құяды

Қалауын тапса, ақ құм да қаржы құяды

...Ауданымызға анау-мынау шағын мемлекеттер еніп кететіні баршаға аян. Нақтырақ тоқталсақ, Аралдың шығысы мен батысының тұмса табиғаты көз қызықтырады. Ақжал толқыны жағаға ұрған, аққанат шағаласы қиқу салған теңізді айтпағанда, республика бойынша танымал «Барсакелмес» қорығы да бізге бұйырған. Бұдан бөлек жеті жерде жайы қалған қасиетті Арыстанбаб бабаның бейіті Ақирек тауының баурайында жатқаны барша аралдықтар үшін тіптен мақтаныш. «Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа» автованы бойындағы осынау киелі орынға тәу ететіндердің де қарасы қалың. Ал, алыстан өзіне шақырып тұратын «Қамбаш» көлі суына түспеген де арманда, түскен де арманда. Жазғы маусымда осында келіп тынығушылардың саны күн сайын емес, сағат сайын арта түскен. Жағажай бүгінгі күнде кәсіп етем дегендерге бар жағдайды жасап тұр. Оны да қосып қойыңыз.
Қош. Кіріспемізден кейінгі сөзді негізгі тақырып төңірегінде сабақтайық. Тақырыпқа зер салған оқырман мынау не деп көкіп тұр деуі де мүмкін? Жаңалық десе елеңдеп тұратын кәсіби әдетімізше Аққұм ауылдық округіне қарай ат басын бұрдық. Ертеректе бұл округ «Октябрь» деп аталатын. Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асса да, әлі кеңес үкіметінің сарқыншағынан шыға алмай жүрміз деп өз-өзімізді күстаналайтынбыз. Бірақ, кейіннен атқарушы билік осы мәселені қаперге алып, аудандық аномастикалық комиссияның назарына ұсынды. Ақырында аталған құрамның ұтырлы шешімімен 2021 жылы «Октябрь» ауылдық округі Аққұм деген атауды еншіледі. Сонда бөркін аспанға атпаған жан қалмаған шығар. Әсіресе, жергілікті тұрғындар жаңа атауға қуана келісті.
Иә, редакция меншігіндегі Сұлтан Ибрашев тізгіндеген кызметтік көлікпен құм қойнауын керемет кәсіпке айналдырған, қысқасы тыңнан түрен салған жандармен жүздесуге келдік. Ауылға кіре берістен-ақ мемлекет қамқорлығы айқын аңғарылады. Тақтайдай тегіс асфальтпен айналаны шоламыз. Жол бойы Шижағаның шырайлана түскенін кіреберістен байқадық. Әсем тойхана, еңселі мәдениет үйі, балабақша, білім ұясы және шағын дүкендер жұртшылық қажетіне жараған. Ауыз су мен көгілдір отын да қамтамасыз етілген. Жалпы,бұл жақта әлеуметке қажеттінің бәрі бар.
Бізді ауылдық округтегі кәсіпкерлікке тікелей жауапты бас маман Айнұр Көбесова күтіп алды. Негізгі мақсатымызды айтып жатырмыз. «Жақсыны көрмекке» деген ой жетегінде жүрген төртінші билік өкілін күтпегенде, қайтпексіз, – дейді ол сөзіне қалжың қыстырып. Ішіміз жылып қалды.
Әлеуметтік желі арқылы ауыздан-ауызға тараған демалыс орнынан сырттай құлағдар болғанымызбен, көзбен көрген бір бөлек екені айтпаса да түсінікті. Ақшаңқай киіз үйлер сап түзеген. Үлкен-кіші алтыбақанда тербеледі. Өзіңді құдды бір кинода көретін араб шөліне тап болғандай сезімде қалады екенсің. Бірақ бұл Арабия емес, кәдімгі өзіміздің ауылдың ақ құмы.
Әдепкіде, ми қайнатар ыстықта киіз үй ішінде қалай отыр деген ой қылаң беріп қалды. Көшпенді халқымыздың басты баспанасы баланған киіз үй егасы, жеке кәсіпкер Алтынкүл Жазықбаева айқара есік ашты. Бағанағы ыстық жайлы жаңсақ ой адыра қалды. Үй ішіне заманауи үлгідегі желдеткіш қондырылған. Тоңазытқыш та ас-дәмнің мұртын бұзбастан міндетін атқару үстінде. Жансыздан да, жандыдан да сыр баққан қауымның қатарынанбыз ғой. Осының бәрін көріп, зерделегенде мұндай рақатты ата-бабаларымыз көргенде ғой, шіркін! деп қоямыз. Қазір адам басқа, заман басқа. Кәсіп етемін дегенге жол даңғыл. Мемлекет бұл саланың көкжиегін кеңейтуге жан-жақты мүмкіндіктер қарастырып қойған. Оқтын-оқтын ниет қыламын дегендер үшін қайтарымсыз несие алуға грант ұйымдастырып, соның нәтижесінде талайлар жарқын жобалардың жемісін көруде.
Біз отырған ақшаңқай боз үйдегі Алтынкүл осындай тәуекелшіл жандардың бірі екен. «Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше» деген ғой. Осы шаруаны үйлестіріп халықтың көңілінен шығып отырған кәсіпкермен емен-жарқын тілдестік:
–Мамандығым– аспаз. Жалқауға ғана жұмыс жоқ заманда қол қусырып, қарап отыруға болмайтынын ұқтым. Қазір шүкір, бастамам нәтиже бере бастады. Келім-кетім адам қарасы арылмауда. Ұмытыла бастаған самаурыннан шай ішуді аңсаған, бала кездегі дәмі тіл үйірер жапқан нанды іздеген жандар менің дәмді асымды үйірсектеді. Әрине, бәрі еліміздегі оң саясаттың арқасы. Өз қаржым есебінен төңіректі жарықтандырдым. Келушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында тапшан істеттім. Сондай-ақ, қытай елінен шыққан «Ямаха» квадроциклден бірнешеуін сатып алдым. Құмның кемесіндей бұл көлікке сұраныс жасаушылар ә дегеннен артты, – деп мұнда келушілер бесін ауа аялдамаса, түс мезгілінде ыстық құм табан тигізбейтінін алға тартты.
Өзі қандай ашық болса, қолы да сондай ашық кәсіпкер қазаққа тән қонақжайлылықты ұмыт қалдырмады. Ұлттық нақышта оюланған ыдыстармен шұбатты сапыра алдымызға ұсынды. Енді бір кезде қара қазанмен жер ошаққа жапқан май салған нанды алдымызға тосты. Әңгіме барысында Алтынкүл осы асына талайлар тамсанғанын айтып, әсіресе Үндістан, Пакістан, Өзбекстан, Германия, Ресей елдерінен келген құдайы қонақтар таңқала мақтағанын ортаға салды. Қазақтың баласы болсақ та мұндай дәмді нанды сүйсіне жемеген біздер де ризашылығымызды білдірдік.
Сырттамыз. Біз тұрған жер сөнбес сәулеге айналған «Арал» совхозының директоры, үш дүркін Жоғарғы Кеңестің депутаты Сырым Тәлекеновтың  үйінің орны екен. Айналаны талай жылдардың куәсі болған биік талдар көмкерген. Жал-жал құм төбелерге шығып, ирек-ирек құмды жалаңаяқ басудың өзі бір ғанибет! Естуімше, бұл құмның емдік қасиеті де бар көрінеді. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы ұстанған көкеміздің ізі қалған маңай жас буынның ғана емес, барша дүйім жұрттың қажетіне асқан. Осы тамаша көріністі көзбен көрген біздер, қашанда жақсының жарығы алысқа түседі деп ой түйіндедік.
Қызығушылығымыз әлі басылмаған. Бала біткен асыр салып ойнап жүр. Анадай жерде кауап пісірілсе, мына жерде екі иығынан демалып буы бұрқыраған самаурын сарқырап қайнауда. Этноауылға көз тояды. Ұмытыла бастаған құндылықтардың барлығын дерлік осы жерден табасың.
Қайткенде де ауылдың баласы емеспіз бе?! Қайталанбас сәби шағымызды еске алып, құм төбеге қарай жүгіре жөнелдік. Осы көріністердің барлығын таспаға түсірген кәсіпкер келіншек Алтынкүл өзінің мобилограф өнерінен де хабары бар екенін байқатып қалды. Табылды ақынның: «тау баласы қырға қарап өседі, қыр баласы қол созады аспанға» деген өлең жолдарын ой елегінде екшеді ме қайдам, әріптесім «Толқын» газетінің Бас редакторы Айдар Сайлауов айналадағы қым-қуыт тірлікті қимай, қияға батып бара жатқан күнге қарап, ұзақ ойға шомады. Осы көрініске тамсана өлең шумақтарын іштей өріп тұрғандай сезілді маған.
Көрдік, көп нәрсені көңілге түйдік. Өңірде туризм саласын өркендетуді жиі көтеріп жүрген аудан әкімінің баянды бастамалары, толымды тірліктері осылайша біртіндеп жолға қойыла беретініне сендік. Жалпы, ауданның әр тасы тарих, құмы құт. Осыған тағы бір мәрте  көзіміз жетіп, әлемдік картада ойып тұрып орын алған Арал жаһанға таныла берсін деген ниетпен қайттық...
А. Жайшылық
12 шілде 2025 ж. 46 0