Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арыстан баб кесенесіне тазалық жұмыстары жүргізілді

Арыстан баб кесенесіне тазалық жұмыстары жүргізілді

Ақирек тауының баурайында қоныстанған елдің ғана емес, барша Сыр жұртшылығының тілегі орындалатын күн жақын сияқты. Оны аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың осынау киелі жерге барған сапарынан анық аңғардық. Тарқатып айтар болсақ, мұнда аудан басшысы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сауапты іс тындырылып, ауқымды жұмыстардың алғы шарты жасалды.
Иә, Арыстан баб баба туралы аңыз көп. Бізге мәлімі осынау қайталанбас әулиенің күллі Қазақстан бойынша жеті жерде жәйі бар екендігі. Оның бірі – Түркістан облысындағы Шәуілдірде, ал енді бірі – Ақиректе деп айтылған. Бұл Арал ауданы үшін үлкен мақтаныш. Осыны әбден зерделеген аудан әкімі тың қадамға барып, аталған орынның барша қазақ үшін маңыздылығын ескерді. Яғни, алдағы уақытта ғұмыры ғибратқа толы дін танушының рухын жаңғыртуға бағытталған жарқын жобаны іске асыруды қолға алды.
Атап айтсақ, аралдықтардың басына қонған бақтай болған жер. Алдағы уақытта туризм ошағына айналады деп күтілуде. Ақирек, Бекбауыл ауылдық округтерін жалғайтын жол аяқталған соң бабаның басына көлікпен қатынау жақсармақ. Бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланғанда туризм саласын өркендетуге, қасиетті орынға алыс-жақыннан тәу етіп келушілердің өзі қалағандарындай мінәжат қылуларына мол мүмкіндік тумақ. Себебі, Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік көлік дәлізі арқылы жүрген жолаушы біткен тау биігінен еңіске көз тіксе Арыстан баб баба жатқан тұсты алақандағыдай анық көріп, осылай бағыт бұрмақ...
...Қош. Бұл жұмыстардың барлығы дерлік келер күннің еншісінде. Аудан әкімі «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілмен баба басына барған сапарында мал шалып, Құран оқытты. Сосын өзі бас болып, қорымның айналасын тазалауға, тілеухананың іші-сыртын әрлеп-сырлауға атсалысты. Тарихы терең өлкенің қырына қанық көнекөздермен кеңесіп, алдағы міндеттер төңірегінде ойын ортаға салды.
     Баянды бастама толыққанды іске асқанда бабаның орны адам танымастай өзгереді деп күтілмек. Айнала толық жарықтандырылып, ауыз су тарту мен абаттандырылуы да назарға алынбақ. «Жер киесіз болмайды, ел иесіз болмайды» деген сөз осы шығар. Көптің қуанышында шек жоқ. Осыған дейін күн тәртібіне қойылмаған бастаманың жемісті жүзеге асуына ел тілекші. Аңызға айналған білімдар данышпанның рухын асқақтатуға жасалған қадам. Ауданымыз үшін қайырлы іс болары анық. Ендеше, аңыз тұлғаны ұлықтауда біркісідей жұмылып, елдің иесі, жердің киесі бар екенін дәлелдей алсақ, абыройымыз асқақтай түсері анық.

А. ЖАЙШЫЛЫҚ 

19 сәуір 2024 ж. 321 0