Қарияға құрмет – қашан да қасиет
1 қазан – Қарттар күні қарсаңында «Әділет» партиясы Арал аудандық филиалының белсенділері ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, қазыналы қариялардың хал-жағдайын сұрап, ақжарма тілектерін білдірді.Ізгі жүздесу барысында партия белсендісі Мира Асылбекқызы мен медицина саласының мамандары ардагерлерге денсаулықты күтуге қатысты пайдалы кеңестер берді. Атап айтқанда, қан қысымын тұрақты бақылау, дұрыс тамақтану, күнделікті күтімге мән беру және түрлі аурулардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ардагерлер де өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан қажетті медициналық кеңестер алды. Қарапайым ғана жүздесудің өзі үлкен кісілер үшін ерекше мәнге ие. Өйткені қарияға көңіл бөліп, жағдайын сұраудың өзі – үлкенге деген құрметтің белгісі.Партия белсендісі Мира Асылбекқызы ардагерлердің тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөліп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдау және қолдан келгенше қолдау көрсету – қоғамдық жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.











