Азаматтық табандылықтан стратегиялық жолға дейін
Кейде ел үшін маңызды үлкен істің бастауында үлкен лауазымды тұлға емес, туған жерінің болашағына алаңдаған қарапайым азамат тұрады. Өз ойын бір рет айтып қана қоймай, оны жылдар бойы дәлелдеп, мамандарға жеткізіп, қоғамдық қолдау жинап, мемлекеттік органдардың алдына табандылықпен қоя білген азаматтар болады.Сексеуіл–Бейнеу автомобиль жолының тарихында осындай азаматтың бірі, Сексеуіл кентінің тұрғыны, теміржол саласының ардагері, қатынас жолдарының инженер-механигі Өмірсерік Жанұзақов. Ол Сексеуілден Бейнеуге қарай жаңа автомобиль жолын мүмкіндігінше қысқа әрі тиімді бағытпен салу мәселесін жиырма жылға жуық уақыт бойы көтеріп келді. «Қысқа жол – тиімді жол!» деген бір ауыз сөзге бүтіндей бір ұстанымы бүгінде жемісін берді. Кезінде хатта, баспасөзде, қоғамдық жиындарда көтерілген бұл ұсыныс нақты құрылыс жобасына айналды.

Иә, ел үшін еңбегін аямаған ерен азаматтың халыққа қылған қызметіне кіріспес бұрын өмірбаянын айта кеткенді жөн санадық. Себебі Өмірсерік Жанұзақұлының дәл осы ауқымды көлік мәселесіне кәсіби тұрғыдан қарауының өзіндік себебі бар.
Ол Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Алматы көлік инженерлері институтын тәмамдап, қатынас жолдарының инженер-механигі мамандығын алған. Еңбек жолын 1969 жылы Сексеуіл локомотив депосында тепловоз жөндеушісі болып бастады. Кейін инженер, бас технолог, депо бастығының орынбасары, бас инженер, локомотив депосының бастығы қызметтерін атқарды. Теміржол өндірісін жетік білетін маман ретінде локомотив шаруашылығының технологиялық және экономикалық мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Өндірісте жүрген жылдары техникалық және экономикалық тиімділігі жоғары жүзден астам рационализаторлық ұсынысты іске енгізді.
Локомотив депосын басқарған кезеңде өндіріс көлемін кеңейтіп, тепловоз жөндеу жұмыстарын ұлғайтуға және еңбек ұжымының санын арттыруға үлес қосты. Сонымен қатар жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген бастамаға ұйытқы болды. Тұрғын үй салу, спорт залын ашу, медициналық-сауықтыру орталығын ұйымдастыру, депо аумағын абаттандыру, көгалдандыру сияқты жұмыстарға басшылық жасады. Ел экономикасының күре тамыры саналған салада есімін өшпестей етіп жазған кейіпкеріміз 2012 жылы 43 жылдық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шықты.
Теміржолдан автомобиль жолына дейін
Бірақ еңбектен зейнетке шыққанымен, елдік үшін қызметтен қалыс қалмады. Шойынжолдағы шаруаны ізбасарларына аманаттаған адал азаматтың көлік саласына қатысты азаматтық ұстанымы жалғаса берді. Сексеуіл–Бейнеу бағытының тиімділігі туралы мәселені автомобиль жолы пайда болғанға дейін-ақ көтерді.
Кезінде Жезқазған–Бейнеу теміржолын Сексеуіл арқылы тура бағытта жүргізу жөніндегі ұсыныстар талқыланған кезде, ол осы бағыттың экономикалық және технологиялық тиімділігіне назар аударды.
Кейін теміржол бағыты Шалқар арқылы жүргізілгеннен соң, Өмекең бұл шешімнің көлік жүйесіне тигізетін салдарын талдап, өз пікірін баспасөз арқылы ашық білдірді.
2008 жылы «Қазақстан теміржолшысы – Железнодорожник Казахстана» газетінде «Главное – не проиграть в стратегическом плане!» атты мақаласы жарық көрді. Кейін республикалық «Айқын» газетінде «Тағы да сол жол туралы...» атты мақаласы жарияланды.
Бұл материалдарда Сексеуіл–Бейнеу бағытындағы теміржолдың тиімділігіне қатысты есептер келтіріліп, көлік бағытын таңдағанда қашықтықпен бірге тасымалдың экономикалық шығынын, уақытты және инфрақұрылымның тиімділігін ескеру қажеттігі айтылды. Оның бұл пікірлерін сол кезеңде көлік саласының тәжірибелі мамандары, соның ішінде Қазақстанның алғашқы көлік министрі, бірінші вице-премьер қызметтерін атқарған Нығметжан Есенғарин және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мамандары қолдағаны жөнінде деректер ағамыздың қолында әлі де сақтаулы.
Сексеуіл тұрғындары да мәселені қолдап, мыңнан астам адамның қолын жинап, Үкіметке және теміржол саласының басшылығына ашық хат жолдаған. Осылайша Жанұзақовтың көлік бағытының тиімділігіне қатысты көзқарасы біртіндеп қоғамдық мәселеге айналды.
Ұранға ұласқан ұстаным
Теміржолға қатысты жинақталған тәжірибе кейін автомобиль жолының бағытына қатысты ұсынысқа ұласты. Жанұзақовтың ойынша, Батыс Қытай–Батыс Еуропа, яғни М32 автожолынан Сексеуіл тұсынан Бейнеуге қарай тікелей жол тарту тиімді болмақ.
Ол бұл пікірін тек жалпы пайыммен емес, нақты есептермен негіздеуге тырысты. Оған қол жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жолдаған хатын көрсеткен ағамыз осы хатта екі бағыттың ұзындығын былай салыстырады.
"Шалқар арқылы өтетін нұсқада: Бейнеу – Шалқар (Бозой арқылы) – М32 автожолы (Ырғыз маңы) – М32 автожолы (Сексеуіл маңы) – 846 шақырым. Ал Сексеуіл арқылы: Бейнеу – М32 автожолы (Сексеуіл маңы, Бозой арқылы) – шамамен 545 шақырым. Яғни айырмашылық шамамен 301 шақырым."
Құр сөзден көрі құнды пікір мен салмақты дәйекті дәлелдей білетін жанның пікірінше, осы артық қашықтықтың өзі жыл сайын жүздеген тонна жанар-жағармайдың артық жұмсалуына, мыңдаған сағат уақыт жоғалуына, көліктердің қосымша тозуына, жолды күтіп ұстау және жөндеу шығындарының өсуіне алып келетіні сөзсіз еді. Сондықтан ол Президентке: «Жаңа жолды М32 автожолынан Сексеуіл тұсынан Бейнеуге туралап тартса, жол қысқарып, оны пайдалану шығындары әлдеқайда аз болар еді», – деп ұсыныс білдірді. Ал хатындағы негізгі ұстанымын: «Қысқа жол – тиімді жол!» деп түйіндеді.
Бұл жерде оның көтеріп отырған мәселесі бір ғана Сексеуілдің немесе Арал ауданының мүддесі емес еді. Мақсат – елдің оңтүстігі мен орталығын Каспий жағалауындағы өңірлермен байланыстыратын көлік жолын қысқарту, тасымал шығындарын азайту және Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндігін арттыру.

Магистральдың ауданға маңызы
Жанұзақов ұсынысының тағы бір маңызды қыры – оның Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері. Президентке жолдаған хатында ол жаңа магистральдың Арал өңірі үшін де маңызын атап: «Бұл жоба іске асса, ол ел экономикасының дамуына зор үлес қосатын көліктік логистиканың қажетті құрамдас бөлігі болар еді. Сонымен қатар экологиялық апат зардабын шеккен Арал аймағы халқының өмір сүру сапасын жақсартуға жаңа серпін берері айқын», – деп жазды.
Шынында да, жаңа автомобиль жолы тек транзиттік көлік үшін қажет емес. Жол бойындағы елді мекендерге жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашылады. Қызмет көрсету орындары, шағын және орта бизнес, логистика, жол бойындағы сервис, туризм бағыттары дамуы мүмкін. Жаңа жолдың Ақеспе, Қосаман, Ақбасты, Құланды сияқты елді мекендерге жақын өтуі де олардың көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Елсіз жатқан аумаққа жол келсе, оның бойында жаңа тіршілік пайда болады. Сондықтан Сексеуіл–Бейнеу жолы Жанұзақов үшін көлік жобасы ғана емес, Арал өңірін экономикалық дамыту тетіктерінің бірі ретінде қарастырылды.
Қоғамдық қолдаудан мемлекеттік жобаға дейін
Ұсыныс орынды әрі көңілге қонымды. Жылдар бойы көтеріліп, біртіндеп қоғамдық деңгейге шықты. 2023 жылғы 27 қарашада Сексеуіл кентінде «Бейнеу–Бозой–Шалқар/Сексеуіл» автожолының техникалық-экономикалық негіздемесіне қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға 300-ден астам адам қатысты. Оған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары, жобалаушылар, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, ардагерлер және ауыл тұрғындары қатысты. Жиналғандар алдында Жанұзақов Президентке жолданған үндеуді таныстырып, Сексеуіл бағытының артықшылықтарын ортаға салды. Жолдың қысқалығы, тасымал шығындарының аздығы, қозғалыс қауіпсіздігі, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, елді мекендердің дамуына мүмкіндік жасау мәселелері бүкпесіз көтерілді.
Жұмыс бір жиынмен тоқталып, алғашқы басқосудан-ақ нүктесі қойылған жоқ. Керісінше әрі қарай қыза түсті. "Шешінген судан тайынбас" деп Өмекең де нақты нәтижеге жету үшін мүмкіндік туған әр азаматпен кездесіп, жауапты деген әр есікті бірнеше мәрте қақты.
2023 жылғы 4 желтоқсанда бір топ белсенді Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының сол кездегі көлік министрі Марат Қарабаевтың қабылдауында болып, Сексеуіл–Бейнеу автожолының тиімді бағыты туралы мәселені тағы да көтерді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Жанұзақов бастаған еріктілер Бейнеу бағытындағы Бозой елді мекеніне бірнеше рет барып, жобалаушыларға жергілікті жердің ерекшеліктерін түсіндіруге, бағытты зерделеуге көмектесті. Осылайша азаматтық бастама нақты жоба жұмысына ұласты.
Мемлекет басшысының қолдауы
Көп жыл бойы көтерілген ұсыныс кейін мемлекеттік деңгейдегі шешімге ұласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейнеу–Сексеуіл бағытындағы автожолдың стратегиялық маңызын атап өтіп, жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетті. Жаңа магистраль Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға, Каспий теңізі жағалауындағы порттарды елдің басқа өңірлерімен және халықаралық бағыттармен байланыстыруға мүмкіндік беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба ретінде қарастырылды. Ал 2026 жылғы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында «Бейнеу–Сексеуіл» автокөлік жолының құрылысы ресми түрде басталды.
Президент бұл жолдың республикалық, аймақтық және құрлықтық маңызына тоқталып, жаңа магистральдың Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтудегі рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бағытты «Арал–Каспий магистралі» деп атауды ұсынды. Осылайша кезінде Сексеуіл тұрғынының хатында көтерілген мәселе бүгін елдің стратегиялық көлік инфрақұрылымының нақты жобасына айналды.
Аудан көлік-логистикалық торапқа айналады
Ауданның болашақтағы маңызы жаңа автомобиль жолымен ғана шектелмейді. Елді мекеннің теміржол торабы ретіндегі тарихи орны, М32 автожолына жақындығы және Бейнеу бағытына шығатын жаңа магистраль Сексеуілдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырады. Бұл өз кезегінде жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуына, жол бойындағы сервистің дамуына, жүк тасымалының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жағдай жасауы мүмкін. Арал өңірі үшін бұл өте маңызды. Экологиялық зардапты бастан өткерген аймаққа жаңа экономикалық мүмкіндік қажет. Ал сапалы жол – сондай мүмкіндіктің бір негізі.
Азаматтық табандылықтың нәтижесі
Оның Сексеуіл–Бейнеу жолы туралы ұсынысы бір күнде пайда болған жоқ. Бұл – кәсіби тәжірибенің, нақты есептің, азаматтық табандылықтың және туған жерге деген жауапкершіліктің нәтижесі.
Әрине, мұндай ірі инфрақұрылымдық нысанды бір адамның еңбегімен жүзеге асыру мүмкін емес. Жолдың салынуына Мемлекет басшысының шешімі, Үкіметтің жұмысы, министрлік пен салалық ұйымдардың қызметі, инженерлер мен жобалаушылардың еңбегі, құрылысшылардың маңдай тері үлес қосуда. Алайда "су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады" дегендей осындай үлкен істің қажеттілігін жылдар бұрын көтеріп, оның тиімді бағытын дәлелдеуге тырысқан, бастамашы болған азаматтың еңбегі ескерусіз қалмау керек. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың "газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі" дегеніндей мұны айту біздің міндетіміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









