Экологиялық жұмыстардың нәтижесі таныстырылды
Арал өңіріндегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және теңіздің құрғаған табанынан көтерілетін тұзды шаңның қоршаған ортаға әсерін азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Арал ауданындағы Көкарал бөгетіне арнайы барып, Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы су жағдайымен танысты.
Қазіргі таңда өзеннің төменгі ағысындағы су мөлшері былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда едәуір жоғары. Шардара су қоймасына секундына 193,9 текше метр су түсіп, ондағы жалпы су көлемі 999 млн текше метрге жеткен.
Су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 200 текше метр су жіберілуде. Соның нәтижесінде төменгі ағысқа жететін су көлемі секундына 217 текше метрді құрап отыр.
Сырдария бойындағы негізгі су тораптарында да су өткізу көлемінің артқаны байқалады. Атап айтқанда, Қызылорда су торабынан секундына 250 текше метр, Әйтек су торабынан 235 текше метр, Қазалы су торабынан 200 текше метр және Ақлақ су торабынан 150 текше метр су төменге жіберілуде. Ал Арал теңізіне секундына 150 текше метр су түсіп жатыр.
Кездесу барысында Арал теңізінің қазіргі жағдайы ғана емес, оның құрғаған табанында жүргізіліп жатқан ауқымды экологиялық жұмыстар да назарға алынды. Делегация теңіздің құрғаған ұлтанына тікұшақпен ұшып барып, атқарылған жұмыстардың барысын көрді.
Теңіз табанынан көтерілетін тұзды шаң мен оның қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін төмендетудің негізгі тетіктерінің бірі – құрғаған аумақтарға өсімдік жамылғысын қалыптастыру. Осы мақсатта Қазақстан аумағында бірнеше жылдан бері сексеуіл және басқа да шөлге төзімді өсімдіктер егіліп келеді.
2021 жылға дейін еліміздің Арал маңындағы бөлігінде жалпы 192,8 мың гектар аумақта тиісті жұмыстар жүргізілген. Оның 119,7 мың гектарына 1991-2020 жылдар аралығында облыстық бюджет қаражаты есебінен сексеуіл отырғызылды.
Бұл бағыттағы жұмыстарға халықаралық ұйымдар да өз үлесін қосып келеді. Халықаралық Аралды құтқару қорының қаржысы арқылы 1,1 мың гектарға, Германия ынтымақтастық ұйымының қолдауымен 1,3 мың гектарға орман отырғызылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 57,4 мың гектар, ал Оңтүстік Кореяның қайтарымсыз қаражаты есебінен 13,3 мың гектар аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар атқарылған.
Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру ісіне кейінгі жылдары ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының теңіздің құрғаған ұлтанына бес жыл ішінде сексеуіл егу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2021-2026 жылдары 1,1 млн гектар аумақта фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілді.
Бұл шаралар ең алдымен теңіз табанынан көтерілетін тұзды және шаңды дауылдардың таралуын тежеуге, топырақты бекітуге, қоршаған ортаға түсетін экологиялық салмақты азайтуға бағытталған.
Арал өңіріндегі су көлемінің артуы мен құрғаған теңіз табанындағы жасыл белдеулердің ұлғаюы – аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі. Алдағы кезеңде де су ресурстарын тиімді пайдалану, теңізге түсетін су көлемін сақтау және құрғаған аумақтағы фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жалғастыру өзекті бағыттардың қатарында қала береді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










