Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды
Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 189-бабының 1-бөлігімен айыпталған Ж-ның қылмыстық ісі қаралды.Сотта анықталғандай, сотталушы Ж. жәбірленуші Т-ның бағуына тапсырған малдарының арасындағы бір бас байталды сатып жіберіп, өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, яғни жымқырып, жәбірленушіге 500 000 теңге мүліктік шығын келтірген.
Алайда, жәбірленуші Т. сотқа жазбаша арыз беріп, сотталушымен татуласқанын, оған қояр талап-тілегі жоқ екенін, кешірім беретінін, өзіне келтірілген зиянның қалпына келтірілгенін көрсетіп, сотталушыға қатысты істі тоқтатуды сұраған.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде, сотталушы Ж. Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс тоқтатылған.
Арал аудандық соты










