Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды
Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен айыпталған Т-ның қылмыстық ісі қаралды.Сотта анықталғандай, сотталушы Т. жолда жәбірленуші Ж-ны кездестіріп, оның жасының ұлғаюына байланысты жүріп-тұруы қиын болғандықтан көмектесу мақсатында оны үйіне қайтарып, өзі дүкеннен теледидар пультіне батарейка сатып алып, жәбірленушінің үйіне апарып берген.
Осы кезде сотталушы жәбірленушінің диван үстінде тұрған «Самсунг» маркалы ұялы телефонын байқап, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру ниетімен, өзінің әрекетін ешкім байқамай тұрғанын пайдаланып, аталған телефонды жасырын түрде жымқырған. Нәтижесінде жәбірленушіге 100 000 теңге мөлшерінде мүліктік шығын келтірілген.
Сот отырысында жәбірленуші Ж. сотталушымен медиация тәртібімен татуласқанын, оған қояр талап-тілегі жоқ екенін, кешірім беретінін, өзіне келтірілген залалдың толық өтелгенін көрсетіп, сотталушыға қатысты істі тоқтатуды сұраған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде, сотталушы Т. Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс тоқтатылған.
Арал аудандық соты










