Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОПЫРАҚ АСТЫНАН ТІРІ ТАБЫЛҒАН немесе жылына екі рет туатын жігіт

ТОПЫРАҚ АСТЫНАН ТІРІ ТАБЫЛҒАН немесе жылына екі рет туатын жігіт

1989 жылдың 3 наурызы. Түсауа мезгіл. Қыстың ызары кетіп, табиғат бусанып, ала қар суға ұласып, балалар шуға басып, асыр салатын уақыт. Қыстағыдай бет домбықпайды. Тізеден балшық кешкен балақайларға осының өзі қуаныш. Алайда дәл осы бір шаттыққа толы сәт абыр-сабырға ұласады деген күдік ешкімде жоқ.
Өзінің 10 тонналық КамАЗ көлігін тізгіндеген Сағынған Орынбетов үйінің алдына келіп тоқтады. Қақпасын айқара ашып, ыңырана тиелген топырақпен ішке кірмек болды. Дәл осы сәтте ауланың ішінде ойнап жүрген 4 жасар ұлы Болатбек пен баласымен күнұзаққа бірге ойнап, жұбы жазылмайтын, егіз қозыдай қатар өсіп келе жатқан көршісінің ұлы Ердешті көреді.
– Әй, былай тұрыңдар, қате деген аяқ астында, бірдеңе ұрынып қаларсыңдар. Қазір мына топырақты төгейін, сосын ойнайсыңдар, – деп үйдің іргесіне қойды да, ауыр көлігін артқа беріп, ауланың ортасына тиелген құмды төкті. Қаннен қаперсіз ол көлігін қайтадан сыртқа шығарып, қақпасын жабуға қайтадан кіргенде үйдің іргесінде қос жанарынан мөлдірей аққан жасы күртешесінің алдын жуған Ердешті ғана көрді. Сасқалақтаған әке баласының қас пен көздің арасында қайда кеткенін түсінбей:
– Ердеш, Болатбек қайда? – деп жүзін бұрғаны сол еді, өксігін ішіне тығылып тұрған көрші бала тау болып үйіліп жатқан топырақты нұсқап, сөйлеуге шамасы келмей ағыл-тегіл жылап жіберді.
Жағдай түсінікті болды. Баланы құм басып қалған. Енді не істеу керек? Сағынған шарқ ұрып көрші көлемді жағалап, көмек сұрай бастады. Көрші қонған Оразалы ақсақалдың үйіне ентелеп кіріп барды да, көмек сұрады. Жағдайды тәптіштеп жататын уақыт жоқ.
Оразалы қарттың 3 баласы бар, өзі бар, жабылып баланы арши бастады. Алайда 10 тонна топырақтың қай тұсынан іздеу керек, ол да белгісіз. Әйтеуір көптің күшімен үйіндіні үңги берді, үңги берді. Кетпен қолдану қауіпті. Себебі астында бала жатыр. Көп өтпеді. Біреуінің көзі көк түсті су өткізбейтін етікке түсті. Дәл осы аяқ киім Болатбектің аяғында болатын. Барлығы жамырай жиналып, ашып алды. Бала етпетінен жатыр. Қимыл жоқ. Ес-түссіз. Бірақ пысы бар. Жалма-жан үйге көтеріп келіп, жедел жәрдемге қоңырау шалды. Дәрігерлер мен көрші-көлем, жиналған адамдардың бәрі баланың жанынанда. Жүректерінде бір ғана тілек. "Аман қалса екен". Дәл осы тілек қана олардың үмітін жалғап тұр.
Энергосеть мекемесінде жұмыс істейтін Сағынғанның түстен кейін жұмысқа келмегенін естіп, оған хабарласқан бригадирлері мен механигі де болған жағдайдан құлағдар болып үлгерген. Олар да дереу жетті. Қолдан келер көмек жасауға асыққан жандар самсұз жатқан баланың көріп, механик Ислам Әбілов:
– Әй, Болатбек. батыр емессің бе, саған не болды? Тұр. Қалайсың? – деді. Біраз уақыт қозғалыссыз жатқан 4 жасар балақай сол кезде көзін ашып, айналасындағы топырлаған адамға қорқа қарап:
– Жақсымын, – деп тіл қатты.
Ертелі балақайдың жағдайын жамандыққа қимаған көпшілік жылап жіберді. Бұл – қуаныштың жасы еді. Осылайша Болатбек қайта туды.
Міне, осыдан 37 жыл уақыт бұрын өткен оқиғаны сұрағанда есіне алған Сағынған Орынбетов ағамыз сол сәттегі қиындығын есіне алып, көңілі босағанын байқадық. "Оқиғаны анасы үйге келгесін естіді. Дәл сол сәтте жұмыста болатын, біз айтпадық" дейді.
Бүгінде Сағынған ақсақал мен жары Жамал Жанұзақова немере сүйіп, солардың тілеуін тілеп отқан ақ баталы жандар. Тұңғышы Батырбек Аралда тұрады. Ақгүлі Астанада. ал қолында Данабегі мен келіні бар. Барлығы отбасылы.
Ал біздің кейіпкеріміз Болатбек мектеп бітіріп, Павлодар қаласында әскери борышын өтеп, келісімшарт негізінде әскери қызметте қалған. Бүгінде Павлодарда әскери қызметтен зейнетке шығып, бүгінде отбасымен сол жақта тұрып жатыр.
– Жыл сайын отбасымен бірге солтүстік пен оңтүстіктің арасын жол қылып, келіп-кетіп тұрады. Ол жылына екі рет туған күн тойлайды. Өзі туған 1 сәуірде және екінші рет өмірге келген күні 3 наурызда. 3 наурыз күні құттықтау қоңырау шалмасақ, көңіліне алып қалады, –  деп әзілдейді.
Иә, өмірде талай қызық болады. Алайда көрер жарығы бар жандар қандай жағдай болса да Алланың қалауымен аман қалатынын осыдан-ақ аңғару артық емес.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
10 қазан 2026 ж. 46 0