Кәсіпкер болу – пайда ма, жауапкершілік пе?
«Кәсіп бастасам, табысым көбейеді» деген ой көп адамның көкейінде жүргені анық. Алайда кәсіпкерлікке сырттай қарағанда ғана бәрі оңай көрінеді. Дүкен ашу, қызмет көрсету орнын іске қосу немесе өндіріс бастау – мәселенің бір бөлігі ғана. Одан кейін тұрақты клиент табу, тауар бағасын ұстап тұру, жалдау ақысы мен жалақы төлеу, салық міндеттемелерін орындау, несие болса, оны өтеу сияқты жауапкершіліктер басталады. Осыған қарап «кәсіпкер болу – пайдаға кенелудің төте жолы» деген түсінік шындықтың бір қырын ғана көрсететіндей көрінеді. Кәсіп – ең алдымен тәуекел мен еңбекті, қаржылық сауат пен табандылықты қажет ететін жұмыс. Бүгін біз кәсіпкерлік төңірегінде жан-жақты сараптама жүргізіп көрдік.Аралдағы кәсіпкерлік жайы қалай?
Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм бөлімінің басшысы Бауыржан Махатовтың сөзінше 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4362 бірлікті құраған. Оның 4252-сі нақты жұмыс істеп тұр.
– Шағын және орта кәсіпкерлік – аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Бұл сала халықты жұмыспен қамтуға, тұрғындардың табысын арттыруға және ішкі сауда айналымын дамытуға елеулі үлес қосады. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау мен оның дамуына қолайлы жағдай жасау – күн тәртібінен түспейтін міндеттердің бірі.
Сауда саласында да белгілі бір өсім бар. Биылғы қаңтар-тамыз айларында бөлшек сауда көлемі 9,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,8 пайызды құрады. Ал көтерме сауда айналымы 16,7 млрд теңгені құрап, былтырғы деңгейдің 100,2 пайызы орындалды.
Әрине, кәсіпкерліктің дамуын тек сандық көрсеткіштермен бағалауға болмайды. Кәсіп иелерінің тұрақты табыс табуы, жаңа жұмыс орындарын ашуы, өндіріс пен қызмет көрсету аясын кеңейтуі де маңызды. Бүгінде кәсіпкерлер түрлі шығындарға, бәсекелестікке және нарықтағы сұраныстың өзгеруіне бейімделуге мәжбүр. Сондықтан бизнес жүргізу мәдениетін қалыптастырумен қатар, кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет, – дейді ол.
Басты мақсат – кәсіпкерлік субъектілерінің санын арттырумен ғана шектелмей, олардың тұрақты жұмыс істеуіне және бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау. Әсіресе, шағын бизнестің жергілікті экономиканы дамытудағы әлеуетін тиімді пайдалану, жаңа кәсіп бастауға ниетті азаматтарға бағыт-бағдар беру және қолданыстағы қолдау тетіктерін түсіндіру маңызды. Кәсіпкерлік өркендегенде ауданның экономикалық мүмкіндігі де кеңейе түседі.

Қазақстанда кәсіпкерліктің салмағы қандай?
Бүгінде шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының маңызды бөлігіне айналды. OECD-нің 2026 жылғы дерегіне сәйкес, 2025 жылдың соңында елімізде 2,36 миллионға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олар 4,5 миллион адамды жұмыспен қамтып, елдегі жұмыспен қамтылғандардың 48,6 пайызын құраған. ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9 пайызға жеткен.
Бұл көрсеткіштердің өзі кәсіпкерліктің жеке адамның табыс көзі ғана емес, тұтас экономиканың тірегіне айналғанын аңғартады.
Әлемдік тәжірибе де осыны көрсетеді. Дүниежүзілік банк мәліметінше, шағын және орта кәсіпорындар әлемдегі бизнестің шамамен 90 пайызын құрап, жаһандық жұмыспен қамтудың жартысынан астамын қамтамасыз етеді.
Яғни кәсіпкердің ашқан шағын дүкені, шеберханасы, наубайханасы немесе қызмет көрсету орны – бір қарағанда шағын бизнес болғанымен, оның артында жұмыс орны, отбасы табысы және жергілікті экономиканың қозғалысы тұр.
Мемлекет қандай жеңілдік жасап отыр?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Мемлекет оның негізгі мақсаттарының бірі ретінде салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, бизнеске түсетін жүктемені азайтуды атады. Салық есептілігінің көлемі 30 пайызға, салықтардың саны 20 пайызға қысқартылған. Бұған қоса арнайы салық режимдері жетіден үшке дейін оңтайландырылды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режимнің енгізілуі де шағын кәсіпке алғашқы қадам жасаушылар үшін маңызды өзгеріс. Бұл режимде белгілі талаптарға сай келетін азаматқа жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ.
Ал 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып белгіленді.
Мұның бәрі бір жағынан салық жүйесін реттеуге, көлеңкелі айналымды қысқартуға бағытталса, екінші жағынан кәсіпкер үшін есеп-қисаптың анықтығын арттыруды көздейді. Дегенмен салықтың қандай режимі тиімді екенін әр кәсіпкер өзінің айналымына, қызмет түріне және шығынына қарай есептегені жөн.

Жеңілдік бар, бірақ шығын да аз емес
Кәсіпкерлермен сөйлескенде жиі айтылатын мәселенің бірі – табыс пен шығынның арақатынасы.
Кәсіпкер үшін кассаға түскен ақша түгелдей таза пайда емес. Оның ішінде тауардың өзіндік құны, жалдау ақысы, қызметкерлердің жалақысы, салықтар мен аударымдар, коммуналдық төлемдер, несие пайызы, тасымал және басқа да шығындар бар.
– Сырт көзге сауда жақсы жүріп тұрғандай көрінеді. Бірақ күн сайын түскен ақшаның бәрі пайда емес. Тауарды қайта алу керек, баға өзгеріп тұрады, жалдау ақысы мен салық бар. Коммуналық шығындар да айтарлықтай. Кәсіпкер болғанымыз үшін жәй тұрғыннан екі есе жоғары тарифпен төлейсің. Сондықтан кәсіпкер үшін ең маңыздысы – айналым емес, нақты таза табысты есептеу,– дейді азық-түлік дүкенінің иесі Гүлмира Сағындықова.
Ал қызмет көрсету саласындағы кәсіпкер үшін басты мәселе – тұрақты клиент.Жеті жылдан бері сұлулық салонында нәпақа тауып отырған Жадыра Ситова табыстың тұрақты болмайтынын айтады.
– Кәсіптің ең қиыны – оны ашу емес, тұрақты ұстап тұру. Алғашқы кезде клиент жинау үшін көп еңбек етесің. Бір күні табыс жақсы болуы мүмкін, келесі күні тапсырыс азаяды. Сондықтан кәсіпкер үнемі ізденісте болуы керек. Мен әйелдер қауымына жасанды кірпік жалғауды кәсіп кеткенмін. Бір қараған адамға шығыны аз сияқты болып көрінеді. Бірақ жауапкершілігі жоғары. Және сапалы тауар да арзан тұрмайды, – дейді Жадыра.
Бұл пікірлердің астарында бір шындық бар: кәсіпкерліктегі табыс автоматты түрде келмейді. Нарықтағы сұранысты дұрыс бағалау, шығынды бақылау және клиентпен жұмыс істей білу – табыстың негізгі шарттары.

Қаржы мәселесі – бизнестің басты сынағы
Кәсіпкерліктің пайдасы болғанымен, оның тәуекелі де жоғары. Соның ішінде несие құны маңызды мәселе болып отыр. Қазақстанда ШОБ-қа берілген несие бойынша орташа мөлшерлеме 2025 жылы шамамен 20 пайызды құраған. Сонымен қатар ШОБ несиелерінің жалпы портфелі бір жылда 18,6 пайызға өскен. Демек, бизнеске қаржы тарту мүмкіндігі бар болғанымен, оның құны да кәсіпкердің мойнындағы салмақты арттырады.
Осы тұста мемлекет тарапынан кепілдік беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері маңызды.
«Даму» қорының 2026 жылғы 31 тамыздағы мәліметіне сәйкес, мемлекеттік қолдау құралдары аясында 237 мыңнан астам жобаға жалпы 17,1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Оның ішінде кепілдік беру, субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру бағыттары бар.
Қор мәліметінше, кейбір бағдарламаларда несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру мүмкіндігі қарастырылған, ал жекелеген құралдарда сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады.
Бұл – кәсіпкер үшін айтарлықтай мүмкіндік. Бірақ мемлекеттік қолдауға ие болу автоматты түрде берілетін жеңілдік емес. Кәсіпкердің жобасы, қаржылық жағдайы, кепіл мәселесі және банктің талаптары ескеріледі.
Кәсіптің пайдасы неде?
Кәсіпкерліктің ең үлкен артықшылығы – адам өз еңбегінің нәтижесін өзі қалыптастыра алады. Біріншіден, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, жұмыс орындарын ашады. Бір ғана шағын дүкеннің өзі сатушыны, есепшіні немесе жүргізушіні жұмыспен қамтуы мүмкін. Үшіншіден, адамды қаржылық сауаттылыққа үйретеді. Кәсіпкер кіріс пен шығысты, сұраныс пен ұсынысты, тәуекел мен инвестицияны есептеуге мәжбүр болады. Төртіншіден, жергілікті экономиканы жандандырады. Ауылдағы шағын цех, наубайхана, шаштараз немесе дүкен – сол елді мекендегі ақшаның айналымына ықпал етеді. Бесіншіден, кәсіпкерлік адамға жаңа идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ал зияны ше?
Кәсіпкерліктің «зияны» деп отырғанымыз – оның тәуекелі мен ауыртпалығы. Кәсіпкердің тұрақты айлығы болмауы мүмкін. Тауар өтпей қалса, шығынды өзі көтереді. Несие алса, оны қайтару міндеті бар. Қызметкердің жалақысы мен салығы уақытында төленуі керек. Нарықтағы баға өзгерісі де тікелей әсер етеді.
Кәсіпкер көбіне жұмыс уақытын өзі белгілегенімен, іс жүзінде тәулік бойы бизнестің жағдайын ойлап жүреді. Осы себепті кәсіпкерлік – еркіндікпен бірге үлкен жауапкершілік әкелетін сала.
Әлем кәсіпкерді қалай қолдайды?
Кәсіпкерлікті дамытуда әр елдің өз тәсілі бар. Мысалы, АҚШ-та шағын бизнеске несие беруді жеңілдететін мемлекеттік кепілдік құралдары қолданылады. АҚШ-та 2024 жылы шамамен 33,5 миллион шағын бизнес болған. Олар жеке сектордағы 61,9 миллион адамды жұмыспен қамтыған. АҚШ-тың Small Business Administration жүйесінде 7(a), 504 сияқты несие бағдарламаларымен қатар, айналым қаражатына арналған жаңа құралдар да енгізілген.
Германияда шағын және орта бизнес экономикадағы дәстүрлі мықты секторлардың бірі саналады. 2025 жылғы дерек бойынша елде 3,84 миллион ШОБ бар және олар барлық компаниялардың 99,95 пайызын құрайды. Бірақ дамыған елдің өзінде кәсіпкерлер үшін несиеге қолжетімділік мәселесі толық шешілген жоқ. Банк талаптары жоғары болып отыр.
Бұл мысалдар бір нәрсені көрсетеді: кәсіпкерлікке қолдау көрсету тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Әлем елдері шағын бизнесті жұмыс орындарын көбейтетін, инновация мен экономикалық өсуді ынталандыратын маңызды сектор ретінде қарастырады.
Сонымен бірге, халықаралық тәжірибе тағы бір маңызды мәселені көрсетеді. Үкіметтің жеңілдігі кәсіпкердің орнына бизнес жүргізе алмайды. Мемлекеттік субсидия немесе арзан несие бизнес-модель дұрыс болмаған жағдайда оны ұзақ уақыт құтқара алмайды. Дүниежүзілік банк те шағын бизнесті қаржыландырудағы кепілдік пен субсидия құралдарының тиімділігі әр елде әртүрлі екенін, сондықтан қолдаудың сапасы мен нақты бизнеске жетуі маңызды екенін атап көрсетеді.
«Кәсіп – дайын ақша емес»
Кәсіпкерлікті таңдаған адам ең алдымен «қанша табамын?» деген сұрақтан бұрын «қандай қажеттілікті шешемін?» деген сұраққа жауап бергені жөн.
Өйткені бүгінгі нарықта тек тауар сатып, ақша табу жеткіліксіз. Клиенттің сенімін қалыптастыру, сапаны сақтау, қызметті жетілдіру, цифрлық технологияны пайдалану, бәсекелестерден ерекшелену – бизнестің өміршеңдігін анықтайтын факторлар.
Қазақстанның кәсіпкерлік саласында да осы бағыт байқалады. Мемлекет қаржыландыру, кепілдік, субсидия және салықтық жеңілдік тетіктерін ұсынып отыр. Ал кәсіпкердің міндеті – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оны тұрақты бизнеске айналдыру.
Бүгінде кәсіпкерліктің шынайы өлшемі тек қалтаға түскен ақша емес. Оның өлшемі – қанша жұмыс орны құрылды, қандай өнім немесе қызмет ұсынылды, қанша салық төленді, қанша отбасы табыс тапты және бизнес қаншалықты тұрақты болды деген сұрақтармен өлшенеді.
Сондықтан «кәсіппен айналысқан адам пайдаға кенеліп жатыр ма?» деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бір кәсіпкер үшін бизнес – мол табыс көзі болса, екіншісі үшін әзірге өзін-өзі ақтау кезеңі болуы мүмкін. Үшіншісі нарықтағы өзгеріске бейімделе алмай жабылуы ықтимал.
Бірақ бір нәрсе анық: кәсіпкерлік – дайын пайда емес, пайдаға апаратын мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті табысқа айналдыру кәсіпкердің біліміне, еңбегіне, нарықты түсінуіне және тәуекелді дұрыс есептеуіне байланысты.
Түйін: Қазақстанда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асуы – кәсіпкерліктің ел дамуындағы орнының салмақты екенін көрсетеді. Ендігі мәселе – кәсіпкер санын көбейтумен қатар, олардың тұрақты әрі өнімді бизнеске айналуына жағдай жасау. Бұл үшін жеңілдікпен бірге әділ бәсеке, қолжетімді қаржы, түсінікті салық жүйесі және болжамды бизнес ортасы қатар жүруі қажет.
Н. БАҚЫРАН









