Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін аудан әкімі С.Сермағамбетовтың төрағалығымен аудандағы шағын және орта бизнестің даму барысы жөнінде мәжіліс өткізілді. Жиынға ауылдық округ әкімдері «Zoom» платформасы арқылы қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде экономиканың негізгі элементі болып табылатын шағын және орта бизнестің алты айдағы даму барысы талқыланды.

Алдымен аудан әкімі С. Сермағамбетов Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталып өтті.
Мәжіліс барысында кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бисембаев Рахметжан кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар және проблемалық мәселелер туралы баяндады.

Өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 184 болса, Оның ішінде жұмыс жасап тұрған субъектілер саны 3 699-ды құрайды. Кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі сауда, қызмет көрсету, ауылшаруашылығы салаларында жұмыс жасауда.

Арал қаласында орналасқан «Ақниет», «Алмаз», «Хан шатыр» тойханалары және Сексеуіл кентінде орналасқан «Нұрсұлтан» тойханасы өз бағыттарын өзгертіп қазіргі таңда қоғамдық тамақтану орталықтары, сауда қатарлары, көтерме сауда орталығы және наубайхана ретінде өз жұмыстарын жандандыруда.
Одан соң аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Ембергенова Нұрсәуле кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіпкерлік саласын зерттеу, дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды хабарлады.

Мұнан кейін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Зағатов Нұрбек жұмыссыздықты жойып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарламасының орындалуы жөнінде баяндап өтті.

Жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқуға 1345 адам тіркелген. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 48 адам несие алуға қол жеткізген.
Жиын соңында аудан басшысы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы мен кәсіпкерлер палатасының директорына кәсіпкерлердің құқығын қорғау, қолдау шараларын үздіксіз жүргізуді, ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жергілікті жерді қамтамасыз етуге арналған ет, сүт өнімдері мен мал азығын дайындау жобаларын әзірлеуді, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды.

Сонымен қатар, жауапты мамандарға кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелендіру жұмыстарын көбейту, микро-қаржылық ұйым арқылы кәсіпкерлерге несие алу жолдарын насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізіп, жобаларға қатысуын қамтамасыз ету жүктелді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

05 тамыз 2021 ж. 449 0