Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарақұмдық кәсіпкер құс шаруашылығын дамытып келеді

Қарақұмдық кәсіпкер құс шаруашылығын дамытып келеді

Арал ауданына қарасты Қарақұм ауылдық округінің тұрғыны Еркін Нарегеев мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, кәсіпкерлікке қадам басты. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4,4 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, құс шаруашылығын қолға алған.
Бүгінде кәсіпкер 530 тауық өсіріп, жұмыртқа өндіріп, оны сатумен айналысып отыр. Ауылда өз кәсібін дөңгелетуді мақсат еткен ол құс күтіміне ерекше көңіл бөліп, шаруашылығын дамытуға күш салуда.
Еркін Нарегеевтің айтуынша, құс шаруашылығы күнделікті күтім мен жауапкершілікті талап етеді. Тауықтарды жеммен қамтамасыз ету, олардың күтімін жасау және жұмыртқаны уақытылы жинау – тұрақты еңбекті қажет ететін жұмыс. Соған қарамастан, кәсіпкер бастаған ісін одан әрі өркендетуге ниетті.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз кәсібін бастауға жақсы мүмкіндік берді. Жеңілдетілген несие алып, құс шаруашылығын қолға алдым. Қазір 530 тауық өсіріп, жұмыртқаларын сатумен айналысып отырмын. Ең бастысы – еңбектеніп, кәсібіңді дамыту. Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырмын, – дейді Еркін Нарегеев.
Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту – тұрғындардың табысын арттырып, жергілікті өнім өндірісін жолға қоюдың маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте мемлекеттік бағдарламалар ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға қолдау көрсетеді.
Қарақұмдық кәсіпкер де берілген мүмкіндікті пайдаланып, шаруашылығын дамытуға ден қойып отыр. Оның алдағы мақсаты – құс санын көбейтіп, жұмыртқа өндірісін ұлғайту
және кәсібін тұрақты табыс көзіне айналдыру.
14 қазан 2026 ж. 35 0