Берік отбасы – есірткіден аулақ!
Біздің шаңырақта төрт бала өсіп келеді. Төртеуі – төрт түрлі арман, төрт түрлі үміт. Ата-ана үшін ең қымбат байлық – баласының амандығы мен жарқын болашағы. Біз оларды кішкентайында құлап қалмасын деп қолынан ұстаймыз. Есейгенде де сенім мен мейірімге толы сол қолымызды жібермеуіміз керек.Бүгінде жастарды «оңай ақша» деп алдап, есірткі тасымалдауға, заңсыз саудаға тарту қаупі бар. Бір қате қадам арманға апарар жолды үзуі мүмкін. Сондықтан баламыздың кіммен араласатынын біліп қана қоймай, оның жан сырын тыңдайық. Қиындыққа тап болса, қорықпай бізге келетіндей сенім қалыптастырайық.Біздің отбасымыздың таңдауы – адал еңбек, білім, спорт және есірткісіз өмір. Әр ата-ана баласына ақыл айтумен шектелмей, үлгі болсын. Құрметті ата-аналар, балаларымызды жалған уәдеге, қылмысқа жетелейтін жолдан бірге қорғайық! Әр баланың арманы аманат, ал сол аманатқа адал болу – бәріміздің парызымыз.
Нұржайна ДӘРІМБЕТОВА,
қала тұрғыны










