Көкаралдағы көзсіз ерлік
Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген жұрттың жадында 1999 жылғы Көкарал оқиғасы ерекше орын алады. Арал теңізін сақтап қалу мақсатында салынған топырақ бөгеттің бұзылуы өңір үшін үлкен сынаққа айналды. Алапат дауыл мен теңіз толқынының құрсауында қалған адамдарды құтқару үшін сол күндері төтенше жағдайлар қызметкерлері мен тікұшақ экипажы жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Олардың батылдығы 27 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.Бүгінде арада 27 жыл өткенде сол оқиғаның басты кейіпкерлерінің бірі – тікұшақ командирі Қайболды Орынбаевтың ерлігі мемлекеттік деңгейде бағаланып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл – уақыт өткен сайын ұмытылмайтын азаматтық ерліктің айқын көрінісі.

Алапат апат және ажалмен арпалыс
1999 жылғы 20 сәуірде Кіші Арал мен ұлы теңізді бөліп тұрған Көкаралдағы топырақ бөгет қатты дауылдың салдарынан бұзылды. Теңіз жақтан соққан жойқын жел су деңгейін көтеріп, биіктігі 2,5-3 метрге жеткен толқындар бөгетті талқандай бастады. Ақыры су бірнеше тұстан бөгетті бұзып өтіп, айналаны басып қалды.
Сол кезде бөгетте жұмыс істеп жүрген ондаған адам тілсіз жаудың ортасында қалды. Көліктер батпаққа батып, адамдардың құрлыққа жетуіне мүмкіндік болмады. Күн суытып, жел күшейді. 20 сәуірден 21 сәуірге қараған түні ауа температурасы нөлден бес градус аязға дейін төмендеп, теңіз ортасында қалған адамдардың өміріне қауіп төнді.
Мұндай жағдайда оларды құтқарудың жалғыз жолы тікұшақ болды. Алайда әуе кемесінде арнайы құтқару жабдықтары жеткіліксіз еді. Сондықтан құтқарушылар жергілікті тұрғындардан арқан алып, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, адамдарды аман алып қалуға бел буды.
Құтқару операциясына төтенше жағдайлар басқармасының сол кездегі бастығы Қорғанбек Қайруллаев, тікұшақ командирі Қайболды Орынбаев, екінші ұшқыш Петр Огай, бортмеханик Даурхан Исаев, төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Санжар Аспандияров және жергілікті жердің ерекшелігін жақсы білетін Шынтемір Аймишов пен Тімпалды Орынбаев қатысты.
21 сәуір күні тікұшақ экипажы теңіз үстінде қалған адамдарды іздеп, бірнеше мәрте ұшуға мәжбүр болды. Алғашқыда адамдарды бірден алып шығу мүмкін болмады. Кейін тікұшақ қайта оралып, көліктердің кабиналарына жақындап, адамдарға баспалдақ түсірді.
Теңіз суына батып тұрған көліктердің үстіне қонуға жақындай ұшу, қатты жел мен толқынға қарсы әрекет ету ұшқыштардан асқан шеберлік пен батылдықты талап етті. Әуе винті суды бұрқыратып, айналаны астан-кестен етіп жатса да, экипаж мүшелері өз міндеттерін соңына дейін орындады.
Нәтижесінде үш рет жасалған құтқару рейсі арқылы барлығы 27 адам аман алып шығарылды. Бұл – төтенше жағдайлар қызметкерлері мен ұшқыштардың кәсіби дайындығы, табандылығы және адам өміріне деген жауапкершілігінің арқасында жүзеге асқан күрделі операция еді.
Өкінішке қарай, апат салдарынан екі экскаваторшы қаза тапты. Егер іздестіру-құтқару жұмыстары кешіктірілгенде, адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Сондықтан теңіз ортасында қалған адамдарды құтқару үшін жасалған әрбір әрекеттің маңызы айрықша болды.
Қауіпке қарамай, адам өмірін таңдаған ұшқыш
Қайболды Орынбаев үшін Көкаралдағы құтқару операциясы кәсіби жолындағы ең қиын сынақтардың бірі болды. Ол экипаж мүшелерімен бірге аса қауіпті жағдайда шешім қабылдап, адам өмірін бәрінен жоғары қойды.
Алайда мұндай батыл қадамның өзі кейін қызметтік қиындықтарға себеп болған. Қолданыстағы нұсқаулық талаптарынан ауытқып, қауіпті жағдайда бірнеше рет ұшқаны үшін одан түсініктеме талап етіліп, сөгіс жарияланған. Тіпті оны алдағы уақытта ұшудан шеттету мәселесі де қаралған.
Сол кезде тәжірибелі, бірінші сыныпты ұшқыш Әнуар Малдыбаев Қайболды Орынбаевты қорғап, оның әрекетіне адамгершілік тұрғысынан баға берген. Ол: «Орынбаев – кәсіби маман. Егер сіз оның орнында болсаңыз, адамдарды қиын жағдайда тастап кетер ме едіңіз?!» – деген уәж айтқан.
Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені төтенше жағдайда қабылданған шешімнің артында адам тағдыры тұрады. Қайболды Орынбаевтың таңдауы – өз қауіпсіздігінен бұрын өзгенің өмірін ойлаған азаматтың шешімі еді.
Кейін ол Сарысу мен Сарыарқа даласында қар құрсауында қалған ондаған адамды құтқаруға да қатысты. Дегенмен Көкаралдағы оқиға оның өміріндегі ең ауыр әрі жауапкершілігі мол сәттердің бірі болып қалды.
Ерлікке берілген лайықты баға
Қайболды Орынбаев пен оның серіктерінің Көкаралдағы ерлігі оқиғадан кейін көп ұзамай бағаланды. 1999 жылғы желтоқсанда Қызылорда облысының әкімдігі Көкаралдағы төтенше жағдай кезінде көрсеткен батылдығы, ерлігі мен тапқырлығы үшін тікұшақ командирі Қайболды Орынбаев пен облыстық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім бастығы Санжар Аспандияровты «Жыл адамы» деп таныды.
Бұл марапат – қиын сәтте жауапкершіліктен қашпай, адам өмірін сақтап қалуға бар күшін салған азаматтарға көрсетілген құрмет еді. Дегенмен арада жылдар өтсе де, олардың еңбегі мен ерлігі ел жадынан өшкен жоқ.
2026 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынуы бойынша, Қайболды Орынбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Марапатты облыс әкімі Мұрат Ергешбаев 2026 жылғы 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиында табыс етті.
Арада 27 жыл өткен соң берілген бұл мемлекеттік марапат – Көкаралдағы құтқару операциясының маңызын және адам өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлықты тағы бір мәрте айқындады. Қайболды Орынбаевтың ерлігіне берілген баға – төтенше жағдайлар қызметінде жүрген азаматтардың бәріне көрсетілген құрметтің де белгісі.
Өйткені құтқарушының еңбегі күнделікті көзге көріне бермейді. Оның міндеті – қауіп төнген сәтте алдыңғы шепке шығып, өзгелердің өмірін қорғау. Ал бұл жолда кейде өз өмірін қатерге тігуге тура келеді.
Қамқорлыққа лайық азамат
Бүгінде Қайболды Орынбаев мүгедектігіне байланысты арбаға таңылған, екі рет инсульт алған. Бір жыл бұрын 45 жасында ұлы Әкімжаннан айырылған. Қазір төрт немересінің тәрбиесі мен болашағына қатысты жауапкершіліктің едәуір бөлігі оның, жұбайы Ұлмекеннің және келіні Ақылайдың мойнында.
Өзгенің өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге барған, талай жанның аман қалуына себепші болған азаматтың қазіргі жағдайына қоғам бейжай қарамауы керек. Тиісті мекемелер тарапынан оның оңалту шараларына және отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетілгені жөн.
Қайболды Орынбаевтың өмір жолы – ерлік тек марапатпен өлшенбейтінін көрсететін өнеге. Дегенмен «Ерлігі үшін» медалінің табысталуы – оның жанқиярлық еңбегінің ел алдында мойындалғанының белгісі. Бұл марапат осындай азаматтардың еңбегін ұмытпай, олардың ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын арттыра түседі.
Жыл сайын 19 қазанда атап өтілетін Құтқарушылар күні қарсаңында Көкаралдағы оқиғаны еске алу – азаматтық парыз. Өйткені ел басына күн туған шақта өзгенің өмірі үшін тәуекелге баратын жандардың батылдығы мен адамгершілігі ешқашан ескірмейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









