Ел мерейін асқақтатқан Елмұра
Ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтіп, дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, профессор Елмұра Жаңабергенова Республика күні қарсаңында мемлекеттік жоғары награда – «Парасат» орденімен марапатталды!Елмұра Жаңабергенова – қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттап, ұлттық руханияттың дамуына елеулі үлес қосып жүрген өнер иесі. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасында ұстаздық қызмет атқарып, жас ұрпаққа ұлттық өнердің асыл мұрасын аманаттап келеді.
Арал топырағынан түлеп ұшып, қазақ өнерінің абыройын асқақтатып жүрген аяулы жерлесіміздің мемлекеттік наградамен марапатталуы – туған жері үшін зор мақтаныш!
Ұлттық өнер жолындағы еңбегіңіз жемісті болып, шығармашылық шабыт пен толағай табыстар серік болсын! Еңбегіңіздің ел игілігіне жарап, мерейіңіз үстем, абыройыңыз асқақтай берсін!
Марапатыңыз құтты болсын!










