Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр сүлейлерінің қазіргі таңдағы мұрагерлерінің бірі

Сыр сүлейлерінің қазіргі таңдағы мұрагерлерінің бірі

Жаңабергенова Елмұра 1970 жылы 6 желтоқсанда Аманөткел ауылында дүниеге келген. Оқушы кезінен бастап жыр-терме өнеріне құмартып, Мырзастан шыққан жыраулар әлемін зерттеуді мақсат тұтқан.Дегенмен оны 3-сыныптан бастап жыршы-термешілікке баулыған жампоз жырау, марқұм Рысбек Әшімовтің еңбегі айрықша. Онан басқа да «Аралдың табанынан су кетсе де, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп жырлаған жыршы, айтыс ақыны марқұм Бекұзақ Тәңірбергенов, сазгер Оңталап Нұрмаханов сияқты ұстаздары Елмұраның өнер әлеміне қаққан қанатының қатаюына көп  септігін тигізген.
Сол кездің өзінде Бітімбай шайырдың немересі Абдулла Жаңабаев пен жыршы Нұрмағанбет Қазмағанбетов әкеміздің жыр мақамдарын жазып алып үйреніп, сол кісілердің алдынан сынақтан өтуді де өзіне міндет тұтқан.
1987 жылы арнайы республикалық конкурстан өтіп, Мәскеу, Украина, Белоруссия т.б. одақтас республикалар астаналарында, көптеген қалаларында өткен концерттерінде ән, терме, толғаулар айтып, өнер көрсеткен.
1988 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына түсіп, 1994 жылы бітіріп шыққан. Консерваторияда оқып жүргенде әуелі марқұм Жәнібек Кәрменовтің класында бір жыл оқып, одан Алмас Алматовтан 6 ай тәлім алған. Сонан соң Набат Ойнаровадан бір жарым жыл сабақ алып, соңында дипломды Сәуле Жанпейісовадан алып, үлкен өнерге қадам басқан. Осындай қазақтың әртүрлі дәстүрлі әншілік мектептерінің көрнекті өкілдері арқылы дәстүрлі өнердің үлкен мектебінен өткен.
1992 жылы Алматы консерваториясының атынан АҚШ-та өткен «Сенім» фестиваліне қатысып, Вашингтон, Нью-Йорк, Миссисипи, Пенсильвания, т.б. қалаларында терме, толғаулар айтып, дауысы сол елдің алтын қорына жазылған.
1993-1994 жылдары Түркиядағы қандастардың шақыртуымен Стамбул қаласының Зәйтүнбур ауданында өнер көрсеткен.
1994 жылы Алматы мемлекеттік университетінің ән, жыр бөлімінде  ұстаздық еткен. 1974 жылы «Аралым, айдын шалқарым!» атты үнтаспасы жарық көрген. 1998 жылы ҚР республикалық «Ұлан» гвардиясы Президенттік оркестрінің жеке әншісі ретінде қызметке қабылданды.
1998 жылы Москвада өткен Түркі халықтарының І фестиваліне қатысып, жеңімпаз атанды. 1998 жылы Өзбекстанның Самарқант қаласында өткізілген «Шығыс жұлдызы» атты байқауда жүлдегер атанды. Түркияда  өткен Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайында концерттік топ құрамында болды. 1999 жылы Францияда өткен ҚР мәдениеті күні аясында фестиваль-концертте өнер көрсеткен.
1999 жылы «музыка өнері» мамандығы бойынша Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы аспирантурасына түсіп, үздік тәмамдаған. 1999 жылы «Термеші, жыршы» атты шағын өлеңдер мен зерттеулер жинағы жарық көрді. 1999 жылдан бері негізгі қызметімен қатар Қазақ Ұлттық музыка академиясының жыр класында ұстаздық етеді.
2001 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы атанды. Ал 2004 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» атанды.
2009 жылы Түркі халықтары арасында Қазақстаннан арнайы шақырылып, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Дүниежүзі бойынша ерекше орын алатын білім ордасы Стенфорд университетінде жеке жыр  кешін өткізді. Сол концерттік бағдарламасы арнайы дискіге жазылып, әлемдік ғаламтор жүйесіне енгізілді. «Бақ құсым, кел», «Отан», «Қыздарым», «Салтанатым, Сандуғашым», «Қыз-ғұмыр» атты әндердің және «Жыр бастау» атты толғаудың авторы. 10-ға тарта ғылыми мақалалары жарық көрген. 2010 жылы «Сырдың ерке аруы» атты жинағы тыңдармандарға жол тартты. Е.Жаңабергенова орындаған бес дастан электронды кітапқа еніп, жарық көрді.
Бір сөзбен қорытындылағанда, Қазақстаның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР-ның Мәдениет қайраткері, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының оқытушысы, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің әншісі Елмұра Жаңабергенова Сыр сүлейлерінің қазіргі таңдағы мұрагерлерінің бірі және бірегейі.
06 желтоқсан 2022 ж. 502 0