Мұғалімге қолдау – білімге қолдау
Мемлекет басшысының мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, абырой-беделін қорғауға қатысты тапсырмасы білім беру саласы үшін маңызды. Себебі ұстаздың негізгі міндеті – оқушыға сапалы білім беріп, саналы тәрбие қалыптастыру. Алайда түрлі есептер мен артық құжаттар мұғалімнің уақытын алып, негізгі жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.Менің ойымша, мұғалімнің жұмысын жеңілдету – білім сапасын арттыруға жасалған қолдаудың бірі. Ұстаз уақытын есеп толтыруға емес, сабаққа дайындалуға, оқушымен жеке жұмыс жүргізуге және оның қабілетін дамытуға жұмсауы керек. Сонымен қатар мұғалімнің қоғамдағы беделін қорғау мәселесі де өте маңызды. Балаға білім мен тәрбие беру отбасынан басталады. Сондықтан ата-ана, оқушы және мектеп арасында өзара түсіністік пен құрмет болуы қажет. Ұстазға құрмет көрсетілген жерде білім алуға да қолайлы орта қалыптасады. Ең бастысы, мұғалім өз жұмысын алаңсыз атқарып, оқушының болашағына бар күшін жұмсай алуы керек деп есептеймін.
Мұғалімнің кәсіби еңбегін бағалау, оған қолайлы жағдай жасау және мектептегі өзара сыйластықты нығайту – ортақ міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асса, ұстаздың да, оқушының да сапалы білім беру үдерісіне деген жауапкершілігі арта түседі.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ
Фото: Нұрболат Нұржаубай









