Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда волейболдан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде

Қазалыда волейболдан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде

Қазан айының 26-сы мен 2 қараша аралығында Қазақстан Ұлттық волейбол федерациясының жоспарына сәйкес, Қазалы ауданында волейболдан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде.
Бүгін Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс кешенінде орналасқан спорт кешенінде өтіп жатқан республикалық доданың ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, еліміздің әр аймағынан келген жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ауданның спорт саласындағы атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен қазалылық спортшылардың жарқын жетістіктеріне тоқталып өтті.
-Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға, жас ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға ерекше мән беріліп келеді. Соңғы төрт жылда Қ.Пірімов және Үрмәш Түктібаев ауылдарында заманауи спорт кешендері салынып, бірқатар елді мекендерде спорт және ойын алаңдары пайдалануға берілді. Биылдың өзінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1 млрд. 564 млн. теңгеге Әйтеке би кентіндегі «Мәдени-демалыс кешенінен», Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарынан жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Бұдан бөлек кезең-кезеңімен спорттық ойын алаңдарыда салынуда. Жыл басынан бері қазалылық спортшылар әлем чемпионаттарында 2 алтын, Азия чемпионатында 1 алтын, халықаралық турнирлерде 11 алтын, 16 күміс, 8 қола, ал Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 19 алтын, 25 күміс және 32 қола медаль иеленді.
Биыл шілде айында бокстан Азия чемпионатында жерлесіміз Зарина Толыбай алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионы атанса, күні кеше ғана Черногорияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Зарина қарындасымыздың топ жарып, әлем чемпионы атанды. Ауыл спортшылары арасында өткен дәстүрлі «Алтын күз – 2026» XXXIX облыстық спартакиадасында ауданымыз жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Бұл жетістіктер – спортшыларымыздың табандылығының, жаттықтырушыларымыздың қажырлы еңбегінің және спорт саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың жемісі. Бүгінгі Қазалы ауданында алғаш рет ұйымдастырылып отырған волейболдан Қазақстан Республикасы чемпионаты ауданымыздың спорт саласындағы маңызды оқиғаларының бірі. Сіздерге бүгінгі чемпионатта сәттілік, тартысты ойын және жарқын жеңістер тілеймін, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.Бұдан кейін Қызылорда облысының волейбол федерациясының президенті Бақыт Кеңесов жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдіріп, жарыстың маңызына тоқталды.
Республикалық чемпионатқа еліміздің Петропавл, Павлодар, Қостанай, Жетісу, Қызылорда облыстарының және Қазалы ауданының командаларынан барлығы 100-ге жуық жас спортшылар қатысуда.
Айта кетейік, аталмыш жарыс биыл Қазалы ауданында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
29 қазан 2026 ж. 58 0