Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасат пен пайым биігіндегі танымдық кездесу өтті

Парасат пен пайым биігіндегі танымдық кездесу өтті

Бүгін қаладағы №260 орта мектебінде оқушылардың рухани-танымдық дүниесін кеңейту, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақты сөз өнерін құрметтеуге баулу мақсатында «Парасат пен пайым: қаламгерлермен ашық әңгіме» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Кездесудің құрметті қонақтары ғалым, ақын Шәріп Амантай Жарылқасынұлы, журналист, сатирик Нұрлан Көбегенұлы болды.

Кездесу барысында қаламгерлер өздерінің шығармашылық жолы, өмірлік тәжірибесі, әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы орны, сөз құдіреті мен қаламгер жауапкершілігі туралы ой бөлісті.
Оқушыларға туған жерді сүю, ел тарихын құрметтеу, білімге ұмтылу, адалдық пен адамгершілікті өмірлік ұстаным ету жөнінде тағылымды әңгімелер айтылды. Ашық әңгіме барысында ұстаздар мен оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, қонақтармен еркін пікір алмасты.
Қаламгерлердің өмір жолы мен шығармашылық ізденістері жас ұрпаққа үлкен ой салып, рухани азық болды. Кездесу соңында мектеп ұжымы мен оқушылар қадірлі қонақтарға алғыстарын білдіріп, шығармашылық табыс, зор денсаулық және толағай жетістіктер тіледі.

“Парасат пен пайым: қаламгерлермен ашық әңгіме» атты кездесу оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды бойына сіңіруге, елге қызмет етудің мәнін түсінуге ықпал еткен тағылымы мол рухани-мәдени шара болды.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
30 қазан 2026 ж. 62 0