Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Толқынға» – тоқсан алты жыл

«Толқынға» – тоқсан алты жыл

1 қараша – «Толқын» газетінің алғаш жарық көрген күні. Аралдың айнасына, елдің шежіресіне айналған басылымның жарық көре бастағанына 96 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт ішінде талай дәуірдің куәсі болып, тұтас бір ұрпақтың рухани серігіне айналған газет тарихы – аудан тарихының ажырамас бөлігі.
Шыбықтай шағымыздан «Толқынды» қолымызға алып, әр санын асыға күтіп оқыдық. Оның әр бетінен туған жердің тынысын, елдің жаңалығын, халықтың мұң-мұқтажы мен қуанышын таныдық. Бала көңілге ой салып, танымымызды кеңейткен басылымның бүгінде тағдыры мен тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты болу бақыты бұйырды. Кезінде оқырманы болған бізге уақыт өте келе осы қасиетті қара шаңырақтың бас редакторы атану үлкен сенім әрі зор жауапкершілік жүктеді.
Аралдың ата басылымына жетекшілік ету – жай ғана қызмет емес, бұл – тарихы терең, дәстүрі қалыптасқан рухани шежіреге адалдық таныту. Өйткені «Толқынның» әр санында елдің өткені мен бүгіні, бүгінгі тіршілігі мен ертеңге деген үміті бар. Осы міндетті екі жылдан астам уақыт атқарып келемін. Осы аралықта басылымның мазмұнын байытып, оқырманмен байланысын нығайтуға, ауданның қоғамдық өміріндегі өзекті мәселелерді көтеруге күш салып келеміз. Жазғанымыз – тарих, көтергеніміз – елдік мәселе, көздегеніміз – туған жердің игілігі.
Газет жұмысы тек күнделікті ақпарат таратумен шектелмейді. Оның артында елдің руханиятына қызмет ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, кейінгі буынға өнеге қалдыру міндеті тұр. Осы бағытта редакция ұжымы бірқатар ауқымды рухани-мәдени шараларға ұйытқы болып, елдік бастамалардың басы-қасында жүрді. Әрине, атқарылған істің бәрі бірдей мінсіз бола бермес. Дегенмен мақсатымыз айқын, ниетіміз түзу. Қолдан келгенше «Толқынның» абыройын асқақтатып, оқырман сенімін ақтауға талпынып келеміз.
Былтыр басылымның 95 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, тарихы терең газетке деген ел ықыласының ерекше екенін тағы бір мәрте сезіндік. Бұл – бір редакцияның ғана емес, «Толқынды» тағдырлас еткен барша аралдықтың ортақ қуанышы. Өйткені талай қаламгердің қолтаңбасы қалған, талай тағдырдың тарихына айналған басылымның әрбір жетістігі – елдің жетістігі.
Алғашқы редакторы көрнекті ғалым, әдебиет зерттеушісі Әуелбек Қоңыратбаев болған «Толқынның» тарихы – үлкен мектеп. Осы қара шаңырақтан қаншама журналист қанаттанып, талай қаламгердің шығармашылық жолы басталды. Уақыт өзгерсе де, басылымның басты мұраты өзгерген емес. Ол – халыққа шынайы ақпарат жеткізу, елдің сөзін сөйлеу, туған жердің тынысын таныту.
Бүгінгі «Толқын» – кешегі тарихтың жалғасы, ертеңгі ұрпаққа аманат. Алдағы уақытта да басылымның беделі биіктеп, оқырманы көбейіп, қаламгерлер қатары толыға берсін. Қара шаңырақтың оты сөнбей, ақпарат айдынында толқыны толастамасын!

Айдар САЙЛАУОВ
03 қараша 2026 ж. 50 0