Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨПШІЛІК КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛҒАН КӨРМЕ

КӨПШІЛІК КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛҒАН КӨРМЕ

Ғасырға жуық тарихында бұқараның ойындағысын дөп басып, оқырманмен бірге жасасқан аудандық «Толқын» газеті – уақыттың сынынан сүрінбей өткен, халық жүрегінен берік орын алған руханият шырағы.Кешегідей айтулы дата аясында аудандық орталық кітапхана мәдениет үйінде «Айдынды Аралдың ақпарат айнасы» атты кең көлемді танымдық көрме ұйымдастырды.
Көрме аясында «Толқын» газетінің өткені мен бүгіні, тағылымды тарихы, қалам ұстаған қайраткерлердің еңбегі мен ерен жолы кеңінен көрініс тапты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде «Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Шын мәнінде газет шығару және газет оқу үдерісі ешқашан үзілмеуге тиіс» деген болатын. Бұл қағида – ақпарат айдынында 95 жыл бойы талмай еңбек етіп келе жатқан «Толқын» газетінің ұстанымына айналған қағидат.
1930 жылы жарық көрген алғашқы санынан бастап-ақ «Толқын» халықтың үнін билікке жеткізуші, ел мен елді жалғаушы алтын көпір рөлін атқарып келеді. Аудан өміріндегі жаңалықтарды шалғай ауылдарға жеткізген басылым талай дәуірдің куәсі болып, уақыт тынысын, қоғамдағы өзгерістерді қалт жібермей жазып отырды.
Қиын кезеңдер мен соғыс жылдарында ел рухын көтеріп, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп ұрандатса, бейбіт заманда жаңарған ауданның жетістігін паш еткен газет бүгінде ақпарат айдынындағы айшықты арнаға айналды.
Кештің сәнін келтірген көрме туралы Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Ақылжанқызы:
– Негізгі жұмысымыз төрт бөлімнен тұрды. Алғашқысы «95 жылдық тарих, 95 жылдық мұра» деп аталып, газет шежіресін, алғашқы нөмірлерін, тарихи фотосуреттер мен сирек материалдарды қамтыса, кейінгісі «Толқынмен түлеген тұңғыштар» – басылымда еңбек етіп, республикалық деңгейде танылған журналистер мен қоғам қайраткерлерінің шығармашылық жолына арналды. «Сөз саптаған сардарлар» бөлімінде әр жылдардағы редакторлар мен тәжірибелі тілшілердің еңбегі, қаламгерлік қолтаңбасы таныстырылды. Ал «Әдебиет әлеміне қанат қаққан қаламгерлер» – газет бетінде жарияланған көркем шығармалар мен жергілікті қаламгерлердің әдеби мұрасын паш етті.
Сөрелерге сирек басылымдар, архивтік фотосуреттер, көне терім үлгілері қойылып, арнайы алғашқы жылдарды еске салатын жұмыс үстелі жинақталып, жәдігерлер қойылды. Сонымен қатар көрмедегі 90-жылдары көше бойында газет сататын дүңгіршектің макеті де көпшілікке жылы әсер қалдырды. Осылайша, жоспарлағандай әр экспозиция – өткен мен бүгіннің арасын жалғаған көркем көпір іспетті болды.
Бүгінге дейін «Толқын» талай таланттың қанатын қатайтып, үлкен шығармашылық мектепке айналғаны белгілі. Алдағы уақытта да тарих шежіресін баспалаған, беделі биік, бағыты нық газет болуына тілекшіміз, – деп ізгі ниетін арнады.
Көрме аясында кітапханашы Әсия Өмірзақова газет редакциясын басқарған бас редакторлардың, алғашқы тілшілердің өмір жолы мен қаламгерлік іздері жайлы мәліметтерді көпшілікке таныстырды.
Сондай-ақ көрме төрінде биыл 120 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, профессор, «Толқын» газетінің алғашқы редакторы Әуелбек Қоңыратбаевтың өміржолы мен еңбегі ерекше орын алды. Таныстырылым – ұлт руханияты мен журналистика тарихында өзіндік ізі бар тұлғаға деген құрметтің айғағы.
Көрме ұйымдастырушылары, білікті кітапханашылар Гүлбану Күлмашова, Гүлмира Жиенбаева, Мейрамкүл Өтегенова мен Құндызай Шалбаева дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білді. Оның бір дәлелі – тарихи деректермен қатар, келушілерге QR-код арқылы ұсынылған бейнематериалдың да көптің көңілінен шығуы. Онда «Толқын» газетінің ғасырлық жолы, басылымның бүгінге дейін жеткен жетістіктері мен халыққа сіңірген еңбегі бейнелі түрде көрсетілді. Көрмені тамашалаған қонақтар аудандық басылымның тарихы мен қазіргі тынысын жаңа қырынан танып, рухани әсер алып шықты.
 «Толқын» газеті – елдің рухын көтерген, ұлт санасын серпілткен басылым. Ол халықтың үніне айналып, ауданның тынысын, елдің елдігін айна-қатесіз көрсетіп келеді. Аралдықтардың әр шаңырағында сақталған газет – жергілікті жұрттың үнжариясы, ұлт руханиятының айнымас айғағы. Көрме барысында өткен ғасырдың жылнамасын бүгінгі ұрпаққа аманаттаған «Толқын» газетінің қадір-қасиеті тағы бір мәрте айшықталып, ел жадында жаңғырды.
\
Гүлмарал САҚТАПОВА
11 қараша 2025 ж. 68 0