Аманөткелде Молдахмет Кенегесұлын еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтуде
Бүгін Аманөткел ауылдық округіндегі спорт кешенінде грек-рим күресінен 2012–2013, 2014–2015 және 2016–2017 жылдары туған жасөспірімдер арасында Молдахмет Кенегесұлын еске алуға арналған облыстық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Спорттық додаға Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласынан және еліміздің Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан, Шалқар ауданы мен Арал ауданының бірқатар ауылдық округтерінен келген жас балуандар қатысуда.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев қатысушылар мен қонақтарды жарыстың басталуымен құттықтап, тағылымды шараның маңызына тоқталды.
Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Молдахмет Кенегесұлының өнегелі өмір жолына тоқталып, оның ел игілігі жолында ұзақ жылдар адал еңбек еткен азамат болғанын атап өтті.
Турнир барсында марқұмның көзін көрген ауылдастары мен туыстары да өз естеліктерімен бөлісіп, барлық турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.
Молдахмет Кенегесұлы 1929 жылы 8 тамызда Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. Еңбек жолын «Аралтұз» комбинатында бастап, түрлі жауапты қызметтер атқарған. Кейін Аманөткел елді мекенінде «Арал су» су құбыры учаскесінің басшысы болып, ауылдың дамуына өзіндік үлесін қосқан. Еңбекқорлығы, жауапкершілігі мен адамгершілік қасиеттері арқылы ел құрметіне бөленген азаматтың есімі бүгінгі ұрпақ жадында сақталып келеді.
Айта кетейік, бұл турнир – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына, достық байланыстарын нығайтуына мүмкіндік беретін маңызды спорттық шара.












