Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда "Арал – есірткісіз" ұранымен облыстық турнир өтуде

Аралда "Арал – есірткісіз" ұранымен облыстық турнир өтуде

Кеше аудан орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
№19 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спорт кешенінде өткен бұл турнир «Арал – есірткісіз» ұранымен бастау алды. Дүбірлі дода Сазды ауылының тумасы, еңбек адамы, өз заманында ел құрметіне бөленген Жұбай Байдаулетовты еске алуға арналды.
Спорттық шарада алдымен еліміздің әр өңірінен келген бозкілем шеберлері таныстырылды. Турнирге Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Шымкент қалалары мен Қызылорда облысының аудандарынан 300-ден аса жас палуан қатысуда. 2014-2017 жылдар аралығында туған спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтамақ.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, Жұбай Байдаулетовтың ел үшін сіңірген еңбегі мен бүгінгі жарыстың маңыздылығын атап өтті.
– Қарапайым еңбек адамы, Сазды ауылының тумасы Жұбай Байдаулетовты еске алуға арналған еркін күрестен облыстық ашық турнирдің  ашылу салтанатымен құттықтаймын! Халқымызда «Елін сүйген ерді, елі де сүйеді» дейді.
Қарапайымдылығы мен еңбекқорлығының арқасында ел таныған Жұбай ата елге және ауыл-аймағына сыйлы, ардақты азамат болған. Еркін күрес – тек дене күші мен шеберлік бәсекесі ғана емес, ол – ерік-жігердің, табандылық пен рухтың айнасы. Бұл спорттық шара Жұбай Байдаулетұлын еске алып, құрмет көрсетудің, жастарға дәріптеудің үлгісі деп танумен қатар, бұқаралық спортты дамытуға өз септігін тигізуде. Осындай турнирлерді жиі өткізу өскелең ұрпақтың бойында ата-бабамыздан қалған асыл қасиеттерді қалыптастырып, шыңдауға көмектеседі, – деді, аудан басшысы.
Турнирдің бас демеушісі «Қасқырбай» шаруа қожалығының төрағасы, Жұбай Байдаулетовтың жиені Әділ Елеусізов құттықтау сөз сөйлеп, ар-намыс пен қайсарлықты серік еткен жас палуандар өз шеберліктерін дәлелдейтін тартысты додаға сәттілік тіледі.
Турнирдің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Әнұраны орындалып, мерекелік әнмен әрленді.Бозкілем төріндегі тартысты бәсеке 5 мамырға дейін жалғасады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі 
03 мамыр 2025 ж. 97 0