Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шала туған нәрестелер МӘМС қамқорлығында

Шала туған нәрестелер МӘМС қамқорлығында

Дене салмағы өте төмен болып туған нәрестелер мемлекеттің ерекше қорғауында. Оларды күтіп-бағу ұзақ уақыт емдеуді, заманауи медициналық жабдықтарды, қымбат дәрі-дәрмектерді және мамандардың тұрақты бақылауын қажет етеді. Бұл шығындардың барлығы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен өтеледі.
2026 жылдың басынан бері Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 357 нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келген.
Олардың қатарында қыркүйек айында Айгерім Есболованың отбасында өмірге келген егіз қыздар да бар. Бүгінде көпбалалы ана бес баланы тәрбиелеп отыр: бір ұл және төрт қыз. Шақалақтардың туған кездегі салмағы небәрі 920 және 970 грамм болған.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі, тәулік бойы бақылауы мен қажетті емнің арқасында сәбилер біртіндеп салмақ қосып, денсаулықтары жақсарып келеді.
«Қыздарымның біреуі әлі де жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Оған миына қан құйылуына байланысты ота жасалды. Екінші сәбиім қазір жанымда. Екеуі де салмақ қосып, жағдайлары жақсарып келеді. Медициналық қызметкерлерге кәсібилігі мен қамқорлығы үшін, сондай-ақ қыздарымды емдеу және күтіп-баптауға жұмсалатын барлық шығынды толық өтеп отырған МӘМС жүйесіне шексіз алғысымды білдіремін», – дейді Айгерім Есболова.
Мамандардың айтуынша, шала туған нәрестелерді дүниеге келген сәтінен бастап стационардан шыққанға дейін күтіп-баптаудың барлық кезеңі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жаңа туған нәрестенің дене салмағына қарай медициналық көмек көрсетуге 2 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді.
Әсіресе, салмағы бір килограмнан төмен нәрестелерді күтіп-баптау өте күрделі. Мұндай сәбилер стационарда төрт айға дейін жатып, тұрақты медициналық бақылау мен арнайы емді қажет етуі мүмкін.
«Қарқынды терапия бөлімінде біз емдеудің заманауи әдістерін қолданамыз. Соның ішінде жаңа туған нәрестелердің өз бетінше тыныс алуына көмектесетін өкпе сурфактантының қымбат препараттарын қолданамыз. Сәбилер арнайы кувездерде жатып, олардың қалыпты дамуына қажетті жағдай жасалады. Сонымен қатар эндобронхиалды түтікшелер, канюлялар және басқа да бір рет қолданылатын медициналық бұйымдар пайдаланылады. Қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың барлығы МӘМС аясында қамтамасыз етіледі», – деп түсіндірді неонатолог Меруерт Аккайырова.
Шала туған нәрестелерге күтім жасау – неонатология саласындағы ең күрделі әрі көп ресурсты қажет ететін бағыттардың бірі. МӘМС аясындағы қаржыландырудың арқасында кішкентай пациенттер отбасының қаржылық мүмкіндігіне қарамастан қажетті медициналық көмекті алуда.
2026 жылы облыстық перинаталдық орталыққа нәрестелерге медициналық көмек көрсету және күту мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатынан 1 миллиард 960 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Әрбір осындай көрсеткіштің артында – аман қалған өмір, ата-ананың үміті және медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұр.
16 қараша 2026 ж. 39 0