Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерлер 6 келіден асатын салмақты сәбидің өмірге келуін тіркеді

Дәрігерлер 6 келіден асатын салмақты сәбидің өмірге келуін тіркеді

11 қараша күні Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықта салмағы 6 келі 690 грамм болатын алып қыз бала дүниеге келді. Нәресте кесарь тілігі арқылы өмір есігін ашқан.
Дәрігерлердің айтуынша, баланың анасында жүктілік кезінде қант диабеті, ауыр преэклампсия және артық салмақ сияқты күрделі диагноздар болған. Мұндай жағдайлар нәрестенің дамуына, соның ішінде оның туылған кездегі салмағына тікелей әсер етуі мүмкін екені атап өтілді.

Қазіргі таңда ана мен сәби жағдайы тұрақты, олар дәрігерлердің жіті бақылауында.

Перзентхана мамандары жүктілікке алдын ала дайындықтың маңыздылығына ерекше назар аударды. Олардың айтуынша, жүктілікті жоспарлау, уақтылы медициналық тексерулерден өту және созылмалы аурулары бар әйелдердің денсаулығына алдын ала көңіл бөлу — ананың да, баланың да саулығын сақтаудың негізгі кепілі.

“Жүктілікті алдын ала жоспарлап, қажетті тексерулерден өту және болашақ анаға барынша қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Бұл ананың да, сәбидің де денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерді азайтуға көмектеседі”, — деді перинаталдық орталықтың мамандары.

Сонымен қатар дәрігерлер салмағы жоғары болып туылған балаларда метаболикалық бұзылуларға, атап айтқанда артық салмақ жинау мен инсулинге төзімділіктің дамуына бейімділік болуы мүмкін екенін ескертті. Алайда, баланың өсуі мен дамуы мамандардың тұрақты бақылауында болып, салауатты өмір салты қалыптастырылған жағдайда, бұл факторлар денсаулыққа кері әсерін тигізбеуі де ықтимал.

"Толқын" ақпарат
 Фото: zhaikpress.kz
12 қараша 2025 ж. 69 0