ҮМІТКЕ ТОЛЫ ӨМІР БАСТАУЫ
Перзентхана. Бұл сөз әрбір жанның жүрегіне ерекше жылулықты, мейірім мен үмітті тудырады. Онда жаңа періштелер дүние есігін ашып, біреудің көптен күткен арманы орындалса, енді бір ананың баласы жансақтау бөлімшесіне қабылданады. Иә, тіпті перзентханада да осындай бөлімше бар. Онда жарық әлемнің есігін ашар сәттен тағдыр сынаған сәбилер жатады. Әр жылдың 17-қарашасы – біз біле бермейтін әлемдегі ерекше күн. Бұл күні мыңдаған ата-ана тағдырдың ерте сыйына айналған шала туған сәбилерінің амандығына алғыс білдіреді. Жыл сайын жаһан бойынша он бес миллионға жуық нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Бұл – жер бетінде әрбір он баланың бірі жарық дүниені уақытынан бұрын көреді деген сөз.Шала туу – халықаралық деңгейде маңызды медициналық проблема. Әлем бойынша мерзімінен бұрын туған нәрестелердің қайтыс болуы бес жасқа дейінгі балалар өлімінің негізгі себебінің бірі ретінде көрсетіледі.
Жасанды тыныс алуға тәуелді, салмағы кейде небәрі жарты келіге жетер-жетпес жандарды өмірге алып келу – ғылым мен мейірімнің біріккен күші. ДДСҰ мәліметінше, егер арнайы күтім мен технологиялар уақытында ұсынылса, шала туған нәрестелердің басым бөлігі толыққанды өмір сүре алады. Бүгінде көптеген елдерде инкубаторлар саны артып, неонатология саласы қарқынды дамып келеді.
Қазақстан да бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізуде. Елде тіркелетін барлық жаңа туған нәрестелердің шамамен 6-7 пайызы мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде шала туған сәбилердің өмір сүру көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта олардың шамамен 80%-ы өмірге бейімделіп, қалыпты дамуға мүмкіндік алады.
Қазақстан бойынша 39 перинаталдық орталық пен 2 ірі республикалық акушерлік мекеме жұмыс істейді. Бұл орталықтардың көбінде жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия бөлімдері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Кей өңірлерде жылына жүздеген шала туған нәресте көзінің ретинопатиясына қатысты скринингтен өтіп, ерте емдеу шараларымен көру қабілетін сақтап қалуда.
Арал аудандық көпбейінді ауруханасының перзентхана бөлімшесінде жаңа туған нәрестелерге, ауыр жағдайдағы және шала туған балаға қарайтын дәрігерлер кезекшілік кестемен жұмыс жасайды. 10 ай көлемінде 1019 сәби дүниеге келсе, оның 30-ы шала туған, яғни 25-36 апта арасында жарық дүние есігін ашқан балалар. Бұл жөнінде бөлім меңгерушісі Руслан Бекбосынов:
– Перзентханадағы кішкентай жүректердің дұрыссоғуына ықпал жасайтын білікті дәрігер-неонатологтар Гүлжайна Абекенова, Самал Серікбаева, Айболат Әлібеков және Ақгүл Жолдасованың еңбегі зор. Олардың жұмысына сүйіспеншілігі мен адалдығының арқасында шала туған сәбилер өмірін жалғап, бүгінде мектеп жасына, балабақша тобына барып жүр.
Сонымен қатар дәрігерлерге көмек көрсетіп, адам өмірінің жауапкершілігін сезініп жүрген мейірбикелер Клара Медеубаева, Зоя Сариева, Айгүл Төрениязова, Сымбат Бақытова, Ляззат Кемалова, Тоғжан Еділбаеваның жұмысы көп көріне бермейді. Олар да барлық күш-жігерін жұмсап, нәрестелердің аналарымен бірге құндақтарын құшақтап аман-есен отбасынаоралуына тілектес жандар.
Техникалық қызметкер Гүлзира Сариеваның арқасында бөлімшенің ауасы кеңейіп, күнделікті тазалық ережелері сақталып тұр. Жаңа туған ана мен балаға ең бастысы – күтім мен тазалық осы жандардың еңбегі.
Және перзентханада ауыр науқастағы және шала туған нәрестелерді күтіп қарайтын, ем-шаралар жүргізуге арналған 3 төсек орны қарастырылған. Оны «Нәрестелерді қарқынды емдеу» палатасы деп атайды. Оларды бақылауға заманауи медициналық аппараттар мен аспаптар, қосымша бір реттік қолданылатын заттар да жеткілікті. Қажеттілік жағынан қамтамасыз етіліп жатырмыз. Ол турасында Бас дәрігер БауыржанҚуанышбаевқа айтар алғысымыз зор, – дейді.
Айта кетерлігі, шала туған сәбилер күніне орай, перзентханада аурухана кәсіподақ комитетінен қаржылай қолдау көрсетіліп, нәрестелер бөлімінің дәрігерлері мен аяжандары ұйымдастырған шара өтті. Онда 2016 жылдан бастап бүгінге дейін аз салмақпен шала туған нәрестелер аналарымен шақырылып, шағын кеш болды.
– Қазір балалар арасында вирустық инфекцияның өршуіне байланысты тек қаламыздағы балаларды ғана қонақ еттік. Оның ішінде ең аз салмақта туып, қазір бақытты балалық шағын сүріп жатқан балаларды іріктеп алдық. Ойымыз перзентханадағы аналарға қолдау көрсету. Қандай қиын жағдай болса да, балалардың алдында жарқын болашаққа үміті бар екенін көрсету, – дейді ұйымдастырушылар.
Иә, әрбір шала туған сәбидің артында адамдық жанашырлық, дәрігерлердің еңбегі мен ата-ананың төзімі тұрады. Ал олардың жарқын болашағы – біздің ортақ міндет.
Г.САҚТАПОВА










