Қызылордада үшем дүниеге келді
Қала тұрғыны Әсел Сабырбаева 23 жасында алғашқы сәбилері үшемді дүниеге әкелді. Жас ананы облыстық көпбейінді ауруханасының акушерлік бөлім меңгерушісі Арман Ержанова мен акушер-гинеколог Фатима Қосназарова босандырды.
Нәрестелердің туғандағы салмағы қыз бала 1996,0 гр, ер бала 1938,0, үшінші ер бала 1918,0 гр болды.
- Әсел Сабырбаева жүктіліктің 35 аптасында, яғни мерзімінен бұрын босанды. Нәрестелердің туған кезде жағдайы ауыр болып, жансақтау бөлімінде 2 күн аппаратта жатты. Өкпелерін дамыту үшін дәрі берілді,-деді Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінің меңгерушісі Индира Бекжанова.
Үшемнің денсаулығын жақсарту үшін мамандар жоғары сапалы медициналық көмек көрсетті. Қазіргі таңда нәрестелердің жағдайлары тұрақты, ана сүтімен қөректеніп, анасымен бірге палатада жатыр.

Айта кету керек, аурухананың акушерлік бөлімінде жыл басынан бері 1343 нәресте дүниеге келген. Олардың 537-сі Жаңа туған нәрестелердің реанимация және патология бөлімшесінде қосымша ем алған.
Өңірлік Коммуникациялар қызметі