Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық әр азаматқа ортақ міндет

Тазалық әр азаматқа ортақ міндет

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде кезекті тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Игі бастаманың мақсаты – қоршаған ортаны қоқыстан тазартып қана қоймай, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілікті арттыру.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қала аумағында секторларға бөлініп жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстарының барысын аралап, саябақтар мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайымен танысты. Аралау барысында тазалық шараларының ұйымдастырылу деңгейіне назар аударып, жауапты мекемелердің жұмысына баға берді.
Жалпыхалықтық тазалық жұмыстарына аудан мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлері белсенді қатысып, өздеріне бекітілген аумақтар мен мекеме аулаларын ретке келтірді. Қала көшелеріндегі тұрмыстық қалдықтар жиналып, қоғамдық орындар тазартылды. Сонымен қатар орталық көшелердегі бордюрлер мен қоршауларды әктеу, сырлау, топырақ пен шаң-тозаңнан тазарту жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралар қаланың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.
Дегенмен аралау кезінде қаланың кейбір аумақтарында тазалық жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны байқалды. Аудан әкімі бұл мәселеге назар аударып, жауапты тұлғаларға жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер жасалып, оларды қысқа мерзімде жою жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Өйткені тазалық жұмыстары тек белгіленген күндері ғана емес, күнделікті жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
Қоршаған ортаның тазалығы – кез келген қоғамның мәдениеті мен өркениеттілігінің көрсеткіші. Халқымыз ежелден «тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деп, тазалықтың адам өміріндегі орнын айрықша бағалаған. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген нақыл да әр адамның айналасына ұқыптылықпен қарауы керектігін аңғартады. Өз үйінің ауласын таза ұстаған тұрғын көшесінің, ауылы мен қаласының да көркеюіне үлес қосады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасының маңызына тоқтала келе: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», – деп атап өткені де айтар сөзімізді салмақтай түседі.
Шын мәнінде, туған жердің тазалығы мен көркеюі тек коммуналдық қызметтердің немесе мекеме қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл – барша тұрғынға ортақ жауапкершілік. Көшеге қоқыс тастамау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, жасыл желекті күтіп-баптау, су көздерін ластамау секілді қарапайым әрекеттердің өзі экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе, жас ұрпаққа табиғатты аялауды, айналасын таза ұстауды күнделікті ісімен көрсету маңызды.
О.ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
17 қараша 2026 ж. 34 0