Ел болашағына қатысты бастамалар сараланды
Қамбаш бастауыш партия ұйымының мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауындағы бастамаларды ортаға салып, олардың өңірлер мен ауыл тұрғындары үшін маңызын талқылады.
Бастауыш партия ұйымының төрағасы Досбол Есепбаев қатысушыларға Жолдауда белгіленген басымдықтар жөнінде ой қозғап, ел дамуының жаңа кезеңінде экономикалық жаңғырумен қатар қоғамдық жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің де маңызы арта түсетінін атап өтті.
Әңгіме барысында алдағы жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасына ерекше назар аударылды. Бұл бастаманың аясында құрылыс саласын жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және елді мекендердің келбетін жақсарту мәселелері сөз болды.
Сонымен бірге экономиканы әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру, цифрлық технологияларды күнделікті өмірге енгізу және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану бағыттары талқыланды. Қатысушылар үшін бұл өзгерістердің ауыл өміріне де біртіндеп ықпал етуі маңызды екені айтылды.
Кездесу қатысушылары Жолдауда көтерілген бастамалардың жүзеге асуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, әр азаматтың ортақ іске қосатын үлесіне де байланысты деген пікірге тоқталды.












