Жолдау міндетттері – ауыл дамуының бағдары
Аралқұм бастауыш партия ұйымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.
Басқосуды бастауыш партия ұйымының төрағасы Абай Сайлауов жүргізді. Кездесу барысында Президент Жолдауында айқындалған ел дамуының стратегиялық бағыттары мен алдағы кезеңге арналған маңызды міндеттер кеңінен сөз болды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттардың ішінде ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігін жақсарту, жол, ауызсу, тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру мәселелері де маңызды орын алады.
Жиын барысында цифрландыру мен жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін күшейту мәселелері де назардан тыс қалмады. Қатысушылар бұл бастамалардың әрқайсысы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Талқылау кезінде партия мүшелері өз пікірлерін ортаға салып, Жолдауда көтерілген міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескеру, қоғамдық белсенділікті арттыру және қолға алынған бастамалардың орындалуына азаматтық тұрғыдан атсалысу қажеттігі айтылды.












