Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кезеңнің басымдықтары талқыланды

Жаңа кезеңнің басымдықтары талқыланды

Бекбауыл бастауыш партия ұйымында елдің алдағы даму бағдарына арналған саяси-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Басқосудың негізгі өзегі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы болды.

Ұйым төрағасы Сембиев Алмабек кездесуді ашып, Жолдауда айтылған бастамалардың мазмұнына тоқталды. Әсіресе мемлекеттің экономикалық әлеуетін нығайту, жаңа технологияларды игеру және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған міндеттердің өзектілігіне назар аударды.

Қатысушылар құрылыс саласын дамытуды ынталандыруға арналған бастамаларды талқылады. Келесі жылдың «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялануы осы саланың жұмысына жаңа серпін беріп, елді мекендердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік туғызатыны айтылды.
Жолдаудағы цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу, отандық өндірісті дамыту мәселелері де талқылау арқауына айналды. Бұл бағыттардың ел экономикасын жаңғыртудағы орнына баға берілді.

Сонымен қатар қоғамның рухани негізін нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және «Адал азамат» қағидаттарын күнделікті өмірде ұстану мәселелері сөз болды.

Кездесу барысында Жолдаудың мазмұнына қатысты пікірлер ортаға салынып, көтерілген міндеттердің ел болашағы үшін маңызы атап өтілді.
20 қараша 2026 ж. 46 0