Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырлы еңбек – ерекше құрмет

Қажырлы еңбек – ерекше құрмет

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еңбек адамы» тұжырымдамасы жер-жерде кеңінен насихатталып, өз ісімен дараланған жандардың насихатталып жатқанына біраз уақыт болды. Қай салада да жұмысқа жан-тәнімен беріліп, ыстығы мен суығына күйген еңбекқорлардың қоғамда дәріптелуі жақсылықтың айғағы. Өйткені, олардың өлшеусіз еңбегі өзі жұмыс жасаған мекеме үшін айрықша маңызды.
Иә, біз тақырыпқа арқау еткен Нұрлан Бөлеков қырдың қазағы. Былайғы жұрт Дубайға балаған, төбе-төбе құмдарымен көпті өзіне тартқан Шижаға елді мекенінде дүниеге келген. Асқақ арман жетегінде білім қуып, 1993 жылы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын тәмамдаған. «Локомотивтер» мамандығы бойынша инженер-механик дәрежесінде білім алып, жемісті жұмысжолын бастаған.
Міне, сонан бергі уақытта «Тербенбес» тауының баурайындағы тоғыз жол торабының басын қосқан ұжымда елеулі еңбегімен алға басты. Қандай істе де тиянақтылығымен танылып, жауапкершілік жүктеген тапсырмаларда абыройлы болды. 2001-2003 жылдары ІІдәрежелі инженер-технолог атанып, артынша бас технолог лауазымына көтерілді. Сенім биігінен көрінген Нұрлан Нұржанұлы 2004 жылы «Тербенбес» ЖШС-нің директорының жөндеу орынбасары қызметін абыройымен атқарды. Мұнан соң «Қамқор локомотив» ЖШС-ның «Сексеуіл локомотив жөндеу депосы» филиалының техникалық директоры қызметін атқарды. Іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетін қаперге алған жоғарғы басшылық пен ұжым ауыс-түйіс кезінде Нұржан Бөлековті біркісідей «Сексеуіл локомотив жөндеу депосының» директоры қызметіне тағайындалуына қолдау білдірді.
Темір жол саласында қызметтің сан сатысынан өту кезкелгеннің қолынан келе бермейлді. Ол үшін үлкен күшпен қажыр-қайрат керек. Жоғарыдағы бас тақырыпқа қажырлы еңбекке, ерекше құрмет деуіміздің сыры осында жатыр. Таяуда ғана ел болып, сән-салтанатымен атап өткен Республикамыздың ұлттық мерекесінде кейіпкеріміз, яғни Нұрлан Нұржанұлы Бөлеков көлік министірлігінің бұйрығымен «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды.
Біздер іргелі құрылымдағы бәрекелді дегізетін жағымды жаңалыққа әрқашан тілекшіміз. Ұжымдағы барлық қызметкерлердің абыройлары асып, мерейлері тасығанына шын жүректен қуанамыз.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
24 қараша 2026 ж. 46 0