Жемісті еңбек абыройлы етпек

Иә, біз тақырыпқа арқау еткен Бақыткүл Ниязованың салиқалы жолы осылай өрбиді. Кеңес дәуірінде жалындаған жастар ешқашан назардан тыс қалмаған сонау Жезқазған асып, жоғары білімді маман атанып келген Бақыткүлді 1984 жылы №248 орта мектебі өз баласындай қарсы алып, алғашқы нанның дәмін татқызды. Осы жерде білім саласының көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосып, жауапкершілігі мол жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңған Бақыткүл сенімге селкеу түсірмей, аманатқа адалдық танытты. Ата-аналар қауымы көздің қарашығындай ұл-қызын осы кісіге беруді қолайлады.
Мұғалімдіктен сатылап өскен еңбекқор жан бір жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарды. "Алтын белгі", "Үздік аттестат" дайындаудағы жетістігі алақандай ауылдың абыройын асқақтатты. Мектеп бітірген түлектердің басым бөлігі жоғары оқу орындарының грантын иеленсе, онда Бақыткүлдің қолтаңбасы бар екендігін жергілікті жұртшылық жақсы ұғынды.
Жалпы, еткен еңбектің еленгені жақсы. Жас маман болып, бір салада бір жерде зейнет жасқа жету екенің маңдайына жазыла бермейтін бақыт! Шүкір, перзенттері де қоғам дамуына үлес қосып, қалтықсыз қызмет етіп келеді. Шаңырақтың шынары, берекелі отбасының ұйытқысы облыс, аудан көлемінде марапатталып, іс-тәжірибесі кейінгі буынға кеңінен насихатталғанының өзі үлкен мәртебе. Ендеше, саласының дарабозы ретінде танылған ұстазға:
Ыбырайдың ісін жалғаған,
Мұғалімге қарыз барша жан.
Еңбегіңізге еткен ел риза,
Абыройыңыз артсын әрқашан, – деп риясыз пейілмен ақжарма тілек білдіреміз.
Айгүл ҚАЛХАМАНОВА,
№248 орта мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары