Аудан айнасында еңбек еткен ару
Тақырып елең еткізері сөзсіз. Көпті көрген, көңілге түйген ағаларымыздан әдепкі естігенімде мен де таң қалғанымды несіне жасырайын. Тоқсан бесті артқа тастап, жүзге иек артқан «Толқын» газетінің тарихы тереңде жатыр. Оны көзі қарақты көкірегі ояу дүйім ел жақсы біледі. Алайда былайғы жұрт аудан айнасына баланған басылымның ең алғашқы нәзік жандысы, яғни журналист қызы жайынан хабарсыз шығар. Кәсіби мереке 28 – маусым бұқаралық ақпарат құралдары күнінде Нұрсәуле Кенжебаева туралы сөз сабақтауды жөн деп таптым. Рас, жергілікті халықтың рухани сырласына айналған газетте өмірдің күнгейі мен көлеңкесін ажыратып, қаншама тағдырларға бағыт бағдар берген редакцияда мүйізі қарағайдай сөз зергерлері жұмыс істеді. Олардың өлшеусіз еңбегі патша көңілді оқырмандардың көз алдында. Алайда, Алатау баурайындағы әсем қала Алматыдан журналистика мамандығын еншілеп, туған жеріндегі төл басылым табалдырығын имене аттаған жалғыз қыз осы ғана – тұғын.
Бұл жанның аты-жөнін газет журналды құмартып жүргенімде жақсы білетінмін. Кейіннен Алла қалап «Толқын» газетінде қызмет атқарғанымда жақынырақ таныстым. Нақтысы сарғайған газет тігінділері арқылы кісіні өзіне баурайтын мақалаларына етене ендім. Редакция қосынының белді бір мүшесінің қалам ұшымен қоғам қалыптастыруға барын салғаны көрініп – ақ тұр. Ол енді өткен күннің еншісінде...
Ісіне адал, жауапкершілік жүгін жақсы сезінетін Нұрсәуле қазіргі таңда да баспасөз саласынан қол үзіп қалған жоқ. Тәуелсіз басылым «Арал әлемі» аймақтық газетінің жауапты хатшысы ретінде жұмысын жалғастырып, мықты қаламгерлердің өзі зейнетке шықса да қаламы шықпайтынын дәлелдеп келеді. Айына екі мәрте жарық көретін аталмыш газеттің дер кезінде оқырмандар қолына жетуіне тынбастан үлесін қосуда. Жанындағы жандар да жазудың майын ішкендер. Дүркін – дүркін кітап шығарып, руханият саласынан ойып тұрып орын алғандар. Атап айтсақ, Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық қауымның басын қосқан әдеби бірлестіктің төрағасы Жұмабай Жақып, жоғары тұста тілге тиек еткен «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла. Ғибратты ғұмырларын жазуға арнаған бұл кісілер қашан көрсең де ой үстінде жүреді, Аралдың кешегісі мен бүгінін бір кісідей біледі.
Иә, Нұрсәуле Кенжебаева биязы мінезімен қай ұжымда болсын ерекшеленіп тұратын жан. Аудан айнасында еңбек еткен алғашқы ару өзінің Толқын тарихында қалғанын сезеді. Бірақ мен мұндаймын, мен сондаймын деп ешқашан айтпайды. Желтоқсан оқиғасының куәгері болып, азаттық үшін бас көтерген жандардың бірі де бірегейі – Нұрсәуле қазіргі таңда желтоқсаншылардың мақтанышы.
Сөз реті келгенде тақырыпқа тұздық деп ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Ерғали Абдулланың мына өлеңін қыстырып қойсам артық етпес. Өйткені осынау шумақтарда тақырыпқа арқау еткен Нұрсәуленің болмыс бітімі, қызметтік баспалдақтары баяндалады екен. Оқып көріңіз, сізде білесіз.
Шалқар теңіз жағасында туған қыз,
Арман қылып, жазу жолын қуған қыз.
Алатаудың баурайында білім ап,
Журналис болып белін мықтап буған қыз.
Келді сосын туған жерге, «Толқынға»,
Жастық жігер қарқын қосты қарқынға.
Оймен қырға журналистік іс сапар,
Мақаласының өзегі болды әр тұлға.
Байқоңырда еңбек жолын жалғады,
Қиялымен ғарышқа , көкке самғады.
Ең бастысы, жақсы адам жайын көп жазды,
Содан шығар, орындалды мақсат, арманы.
Абай ЕЛЕШ









