Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ОСМС: пациенттер үшін мүмкіндіктер мен кепілдіктер

ОСМС: пациенттер үшін мүмкіндіктер мен кепілдіктер

«МӘМС жүйенің барлық қатысушыларының басты міндеті - әрбір азаматтың өзін әлеуметтік және медициналық тұрғыдан қорғалған сезінуіне жағдай жасау». ӘМСҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Сапар Рахменшеевпен сұхбат.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі әрбір реформаның негізінде бір маңызды сұрақ тұрады: ол адам өміріне қандай өзгеріс әкеледі? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бүгінде бірқатар өзгерістерді бастан өткеруде. Бұл жаңғырулар медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қалай әсер етеді? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы алдында қандай міндеттер тұр? Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде филиал директоры Сапар Рахменшеевпен сұхбаттастық.
I. МӘМС жүйесіндегі басты өзгерістер: әрбір азамат нені білуі керек?
- Сапар Құттыбайұлы, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда медициналық көмектің бірыңғай пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталды. Осыған байланысты қандай өзгерістер орын алды?
- Ең алдымен, ағымдағы жылдың қаңтар айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қарамағына берілгенін атап өткім келеді. Осы кезеңде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды заңнамалық өзгерістерді іске асыру басталды. Соның бірі - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің аражігін нақты айқындауды көздейтін Бірыңғай медициналық көмектің пакетін қалыптастыру.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты - әрбір азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық медициналық қызметтерді алуына мүмкіндік жасау, сонымен қатар денсаулық сақтауды қаржыландырудың сақтандыру моделін нығайту.
ТМККК шеңберінде әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл медициналық көмек, бастапқы медициналық-санитариялық көмек және мемлекет кепілдік берген басқа да қызметтер сақталады. Ал МӘМС жүйесіне созылмалы ауруларды диагностикалау, динамикалық бақылау және емдеу, жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек пен медициналық оңалтуға қатысты бірқатар бағыттар енгізілді.
Осылайша, өзгерістер медициналық көмекті қысқартуға емес, мемлекет пен медициналық сақтандыру жүйесінің міндеттемелерін неғұрлым ұтымды бөлуге бағытталған. Пациенттер үшін ең маңыздысы – ауруларды ерте диагностикалау мүмкіндіктерінің кеңеюі, сондай-ақ медициналық қызметтер тізбесінің түсінікті әрі ашық бола түсуі.
- Маңызды жаңалықтардың бірі – сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетілетін медициналық көмектің тізбесін кеңейту. Енді сақтандырылмаған азаматтар қандай медициналық қызметтерді ала алады? Атап айтқанда, онкологиялық скринингтер мен әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау бағытында қандай өзгерістер бар?
- Бұл - реформаның әлеуметтік маңызы зор өзгерістерінің бірі. 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтік зерттеулер ТМККК аясында жүргізіледі және МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді. Сонымен қатар сақтандыру мәртебесіне қарамастан артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, қант диабеті, В және С вирустық гепатиттері сияқты бірқатар ауруларды ерте диагностикалау қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда жүргізілетін бастапқы диагностикаға да маңызды өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар сақтандыру мәртебесіне қарамастан қатерлі ісіктер, туберкулез, АИТВ-инфекциясы, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, орфандық аурулар сияқты диагноздарды растау немесе жоққа шығару үшін қажетті тексерулерден өте алады.
Бұл - аса маңызды қадам. Өйткені сақтандыру мәртебесінің болмауы қауіпті ауруларды дер кезінде анықтауға кедергі болмауы тиіс. Ауру неғұрлым ерте анықталса, оны тиімді емдеу және асқынулардың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Сонымен бірге диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту кез келген диагноз бойынша кейінгі емнің барлығы автоматты түрде ТМККК аясында көрсетіледі дегенді білдірмейтінін атап өткім келеді. Одан әрі емдеу аурудың тиісті медициналық көмек пакетіне жатқызылуына және белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан облыс тұрғындарын профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмай, бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына уақтылы жүгінуге шақырамын.
- Қант диабеті және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге медициналық көмек көрсету тәртібіндегі өзгерістер қоғамның ерекше назарын аударды. Енді бұл пациенттерді емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қалай ұйымдастырылады?
- Бұл ретте қаржыландыру пакетінің өзгеруі медициналық көмектің тоқтатылуын немесе оның көлемінің қысқаруын білдірмейтінін түсіну маңызды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қант диабеті әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесінен шығарылды. Енді мұндай диагнозы бар пациенттерге медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі. Бұл консультативтік-диагностикалық қызметтерді, динамикалық бақылауды, емдеуді және қолданыстағы тізбелер мен медициналық көрсетілімдерге сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды. Сол сияқты созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге амбулаториялық гемодиализ жүргізуді қаржыландыру тәртібі де өзгерді. 2026 жылдан бастап бұл қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.
МӘМС аясында жоспарлы медициналық көмек алу үшін пациенттің «сақтандырылған» мәртебесі болуы қажет. Медициналық көмек алу құқығы жарналар мен аударымдар төленетін азаматтарға, сондай-ақ жарналары мемлекет есебінен аударылатын жеңілдік санатындағы тұлғаларға беріледі. Егер пациенттің сақтандыру мәртебесі болмаса, оның себебін анықтап, төлемдерге қатысты мәселені реттеуі немесе жеңілдік санатына жататынын растауы қажет.
Біздің міндетіміз - азаматтардың ақпараттың жеткіліксіздігі салдарынан қажетті емді алу кезінде қиындықтарға тап болуына жол бермеу. Осы мақсатта филиал медициналық ұйымдармен және тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әсіресе созылмалы аурулары бар пациенттерге ерекше көңіл бөледі.

- Әлеуметтік тұрғыдан осал халық топтарын сақтандыруда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі қаншалықты артты? МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленетін азаматтардың санатына кімдер жатады? Бұл тетік Қызылорда облысында қалай жүзеге асырылуда?
– Жаңашылдықтардың бірі - халықты МӘМС жүйесімен қамтуда жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейту. 2026 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және шұғыл деңгейіне жататын, яғни D және E санаттарындағы жұмыс істемейтін азаматтардың белгілі бір тобы үшін МӘМС жарналары төленеді. Сонымен қатар заңнамада белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар үшін де жарналар төлеу көзделген.
Анықтама: D санаты – экономикалық тұрғыдан осал жағдай (материалдық қиындықтар, жұмыссыздық, қарыз жүктемесі). E санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдай (қаражаттың аса тапшылығы, тұрғын үйдің болмауы, отбасында еңбекке қабілетті мүшелердің болмауы).
Жаңа тетіктің ерекшелігі - D және E санатындағы азаматтар үшін жергілікті атқарушы органдардың жарналары МӘМС жүйесінде медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша төленеді. Бұл әлеуметтік себептерге байланысты сақтандыру жарналарын өз бетінше төлей алмайтын азаматтардың жоспарлы ем алуына мүмкіндік береді.
2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қызылорда облысында аталған санаттарға 36 628 тұрғын жатады. Олардың басым бөлігі, яғни 27 551 адам D санаты бойынша тіркелген.
- Жарналарды төлеудегі үзілістер кезінде сақтандыру мәртебесін сақтау қағидалары да өзгерді. Енді азаматтардың жекелеген санаттары үшін бес жыл бойы үздіксіз жарна төлеген жағдайда мәртебені алты айға дейін сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тетік қалай жұмыс істейді және оны кімдер пайдалана алады?
- Расында да, 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне адал қатысып келгенімен, уақытша қаржылық қиындықтарға немесе еңбек қызметіндегі үзілістерге тап болған азаматтарды қосымша қорғау тетігі қарастырылды.
Егер азамат 60 ай, яғни бес жыл бойы үздіксіз жарна төлесе және (немесе) ол үшін аударымдар жүргізілсе, төлемдер тоқтаған жағдайда МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын алты айға дейін сақтай алады. Бұл мүмкіндік қағидаларда арнайы алып тасталған санаттарға жатпайтын жүйе қатысушыларына қолданылады. Сонымен қатар медициналық көмек алу құқығының сақталуы төлемдер жүргізілмеген кезеңдегі берешекті өтеу міндетінен босатпайтынын түсіну қажет.Бұл шара жұмысқа орналасуда немесе жарна төлеуде қысқа мерзімді үзіліс болған жағдайда азаматтың жоспарлы медициналық көмек алу құқығынан бірден айырылып қалмауына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге тұрғындарға сақтандыру мәртебесі мен төлемдер тарихын тұрақты түрде тексеріп отыруға кеңес беремін. Мұны Қордың ресми msqory.kz сайты, мобильді және цифрлық сервистер, сондай-ақ @SaqtandyrýBot Telegram-боты мен Qoldau 24/7 қосымшасы арқылы жасауға болады.
II. Медициналық көмектің қолжетімділігі және пациенттердің құқықтарын қорғау
- МӘМС жүйесі дамып келе жатқанына қарамастан, азаматтар әлі де тексерулерді ұзақ күту, бейінді мамандарға жазылудағы қиындықтар, медициналық қызмет көрсетуден бас тарту сияқты мәселелерге тап болады. Қазіргі уақытта пациенттердің құқықтарын қорғау және бақылау бойынша қандай тетіктер жұмыс істейді?
- Пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету - Қор қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі. Әрбір медициналық ұйымда пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтері жұмыс істеуі тиіс. Егер тұрғындар медициналық көмек көрсетуден бас тарту, негізсіз ақы талап ету, маманның қабылдауына жазылудағы қиындықтар немесе тексеруді ұзақ күту мәселелеріне тап болса, ең алдымен осы қызметтерге жүгіне алады.
Егер мәселені медициналық ұйым деңгейінде шешу мүмкін болмаса, пациент Қор филиалына өтініш білдіруге құқылы. Мамандар өтініштерді қарап, мониторинг жүргізеді, қажетті құжаттарды сұратады және медициналық қызмет берушінің әрекеттерінің негізділігін тексереді. Сонымен қатар азаматтар Qoldau 24/7, Қордың ресми msqory.kz сайты және @SaqtandyrýBot Telegram-боты арқылы да өтініш жолдай алады.
Бір нәрсені ерекше атап өткім келеді: егер медициналық қызмет ТМККК немесе МӘМС пакетінде қарастырылған болса және пациентте тиісті медициналық көрсетілімдер болса, медициналық ұйымның оны негізсіз көрсетуден бас тартуға немесе қосымша ақы талап етуге құқығы жоқ.
Сонымен бірге кезек туындаған жағдайда медициналық көрсетілімдер мен пациенттердің басымдық тәртібі ескерілуі қажет. Біздің міндетіміз – күту мерзімдерінің белгіленген талаптарға сай болуын қамтамасыз ету және медициналық көмекке қолжетімділіктің негізсіз шектелуіне жол бермеу.
- Қор филиалына өңір тұрғындарынан қандай шағымдар жиі түседі? Өтініштерді қарау барысында қандай мәселелер анықталады?
- Азаматтардың өтініштері медициналық көмек алу кезінде пациенттердің нақты қандай қиындықтарға тап болатынын көруге мүмкіндік береді. Бұл жай ғана статистика емес, медициналық ұйымдардың жұмысындағы проблемалық бағыттарды анықтауға көмектесетін маңызды кері байланыс құралы.
2026 жылдың 9 айында Қызылорда облысы бойынша Қор филиалына 332 шағым түсті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,5 пайызға аз. Өткен жылдың осы кезеңінде 567 шағым тіркелген болатын. Кері қайтарып алынған шағымдарды есептемегенде, олардың саны 132-ні құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 243 шағыммен салыстырғанда 45,7 пайызға төмен.
Шағымдардың басым бөлігі медициналық қызметтердің сапасына қатысты болды. Бұл бағытта 141 шағым немесе жалпы санның 42,5 пайызы тіркелген. Тағы 95 шағым, яғни 28,6 пайызы медициналық көмек көрсетуден бас тарту мәселесіне қатысты. Ал 29 өтініш немесе 8,7 пайызы ТМККК және МӘМС аясында дәрілік препараттарды беруден бас тартуға байланысты болды.
Әрбір санның артында уақтылы әрі сапалы медициналық көмекке мұқтаж нақты адам тұрғанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан азаматтардың өтініштеріне себеп болған мәселелерді жою бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
- Медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз етуде Қор қандай рөл атқарады? Мониторинг барысында медициналық ұйым тарапынан заңбұзушылықтар анықталса, қандай шаралар қолданылады? Шарттық міндеттемелерді орындамаған медициналық қызмет берушілерге қандай талаптар қойылады?
- Қор МӘМС жүйесінің қаржылық операторы ғана емес, медициналық ұйымдардың шарттық міндеттемелерді орындауын бақылауға қатысатын маңызды құрылымдардың бірі болып табылады. Біз көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргіземіз, медициналық қызмет берушілер ұсынған мәліметтердің дұрыстығын тексереміз, азаматтардың өтініштерін қараймыз және медициналық көмектің негізсіз көрсетілуі мүмкін жағдайларын талдаймыз.
Мониторинг барысында көрсетілген қызметтердің медициналық көрсетілімдерге сәйкестігі, клиникалық хаттамалардың сақталуы, пациенттерді ауруханаға жатқызудың негізділігі, медициналық көмектің толық әрі уақтылы көрсетілуі, сондай-ақ ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің шынайылығы бағаланады.
Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шартта және заңнамада көзделген экономикалық ықпал ету шаралары қолданылады. Олардың қатарында ақы төлеуге негізсіз ұсынылған қызметтерді алып тастау, ұстап қалу және белгіленген жағдайларда айыппұл санкцияларын қолдану бар.
Алайда біздің мақсатымыз – тек заңбұзушылықты анықтап, қаржылық санкция қолдану емес. Ең бастысы – мәселенің туындау себебін анықтап, оны жоюға және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеуге қол жеткізу.
Сонымен бірге медициналық көмектің сапасына жауапкершілік тікелей медициналық ұйымдардың өзіне жүктелетінін атап өткен жөн. Ал Қор өз тарапынан қызмет берушілердің міндеттемелерді орындауын бақылауды және МӘМС жүйесінің қаржылық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.
III. Жүйені қаржыландыру және ашықтық
- Азаматтарды жиі толғандыратын сұрақтардың бірі – ай сайын Қорға аударылатын қаражат қайда жұмсалады? Медициналық ұйымдар арасында қаржы қандай қағидаттар бойынша бөлінеді?
- Ең алдымен, МӘМС қаражаты әрбір азаматтың жеке шотында жинақталатын ақша емес екенін түсіну қажет. Бұл – жүйеге қатысатын мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналары есебінен қалыптастырылатын ортақ қаржылық ресурс. Аталған қаражат меншік нысанына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарында сақтандырылған пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің ақысын төлеуге бағытталады.
Қор медициналық қызметтерді жеткізушілерден жасалған шарттар негізінде сатып алады. Қаржыландыру көлемін айқындау кезінде халықтың қажеттілігі, медициналық көмектің түрлері мен көлемі, медициналық ұйымдардың мүмкіндіктері, кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сондай-ақ белгіленген тарифтер ескеріледі.
Бұл ретте маңызды қағидат қолданылады: қаржыландыру пациенттің соңынан жүреді. Яғни қаражат жасалған шарттар аясында халыққа нақты медициналық қызмет көрсететін ұйымдарға бағытталады.
Осылайша, азамат қажетті медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, тиісті медициналық қызмет түрі бойынша Қордың қызмет берушісі болып табылатын жеке медициналық ұйымнан да ала алады. Басқаша айтқанда, МӘМС қаржы ресурстарын біріктіріп, оларды жекелеген мекемелерді емес, халықтың медициналық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағыттауға мүмкіндік береді.
- Денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау, оның ішінде «Qalqan» жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл платформа медициналық көмекті жоспарлау, қызмет көлемін бақылау және қаржыландырудың ашықтығын арттыру үшін қандай нақты мүмкіндіктер береді?
- Цифрландыру – бүгінде жай ғана заманауи құрал емес, денсаулық сақтау жүйесін тиімді басқарудың қажетті шарты. «Qalqan» платформасы медициналық көмек көлемін жоспарлау мен бөлуді, қаржыландыруды басқаруды және шарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүйелі түрде ұйымдастыруға арналған. Оның практикалық маңызы – халықтың медициналық қажеттіліктерін талдауға, медициналық ұйымдардың нақты жүктемесін бағалауға, жоспарланған және орындалған қызмет көлемдерін салыстыруға, сондай-ақ медициналық көмекті сатып алу мен оған ақы төлеу үдерістерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік беруінде.
«Qalqan» күнделікті жұмыс барысында медициналық ұйымдар пайдаланатын медициналық ақпараттық жүйелерді алмастырмайтынын атап өткен жөн. Оның атқаратын қызметі басқа – денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесі деңгейінде басқару мен талдау құралдарын қамтамасыз ету.
Біздің өңір үшін цифрлық трансформацияның маңызы ерекше. Бүгінде облыста медициналық ұйымдардың 703 өндірістік базасы жұмыс істейді. Оның 688-і, яғни 98 пайызы цифрландырылған.
Заманауи аналитикалық құралдарды енгізу мәліметтердің шынайылығын арттыруға, қаржылық тәртіпті нығайтуға және объективті ақпарат негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде цифрландырудың басты мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және МӘМС жүйесінің қаражатын тиімді пайдалану болуы тиіс.
IV. Қызылорда облысындағы жағдай: нәтижелер мен өзекті мәселелер
- Бүгінде Қызылорда облысы тұрғындарының МӘМС жүйесімен қамтылу деңгейі қандай? Қанша тұрғынның сақтандырылған мәртебесі бар және халықтың қандай санаттары әлі де жүйеден тыс қалып отыр?
- Халықты сақтандырумен қамту – МӘМС жүйесінің тиімділігін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі. 2026 жылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша облыстың бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 816 716 адам тіркелген. Оның ішінде 107 613 тұрғын немесе 13,2 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған.
МӘМС жүйесінен тыс қалып отырғандардың қатарында ресми түрде жұмыс істемейтін, жарналарды өз бетінше төлемейтін және жарналары мемлекет есебінен аударылатын жеңілдік санаттарына жатпайтын азаматтар бар.
Біздің міндетіміз – сақтандырылмаған азаматтардың бар екенін тіркеу ғана емес, олардың сақтандыру мәртебесінің болмау себептерін анықтап, оны алу жолдарын түсіндіруге көмектесу.
Осы бағытта медициналық ұйымдармен, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен және басқа да мүдделі құрылымдармен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Жарналардың тұрақты төленуіне, жұмыссыз мәртебесін рәсімдеуге және жеңілдік санаттарына жататынын растау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Ең бастысы, азаматтар сақтандыру мәртебесінің жай ғана формальдылық емес, жоспарлы медициналық көмектің кең ауқымын уақтылы алу мүмкіндігі екенін түсінуі керек.
- Қазіргі таңда өңірдегі қанша медициналық ұйым МӘМС аясында қызмет көрсетеді? Жеке меншік қызмет берушілердің үлесі қандай және олардың қатысуы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге қаншалықты ықпал етеді?
- 2026 жылы Қор филиалы облыстағы 121 медициналық ұйыммен медициналық қызмет көрсетуге шарт жасасты. Оның 31-і - мемлекеттік, 90-ы - жеке меншік медициналық ұйымдар.
Жеке медициналық ұйымдардың жүйеге қатысуы қызмет берушілер желісін кеңейтуге, консультативтік-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, қосымша кадрлық және техникалық ресурстар тартуға, сондай-ақ пациенттерге таңдау мүмкіндігін беруге ықпал етеді.
Сонымен бірге Қор үшін медициналық ұйымның меншік нысаны емес, көрсетілген көмектің сапасы мен нақты көлемі, шарттық міндеттемелердің орындалуы және пациенттердің қанағаттану деңгейі маңызды екенін атап өткім келеді.
Мемлекеттік және жеке меншік медициналық ұйымдар бірыңғай талаптар жүйесі бойынша жұмыс істейді. Пациент мемлекеттік немесе жеке меншік ұйымға жүгінгеніне қарамастан, тиісті сападағы медициналық көмекті алуы тиіс.
- Кейде МӘМС-ті медициналық көмек алудың нақты кепілдігі емес, жалақыдан ұсталатын қосымша жарна ретінде қабылдайтын азаматтардың пікірін естиміз. Мұндай азаматтарға не айтар едіңіз? Жүйенің нақты пайдасын қалай түсіндіруге болады?
- Кейбір азаматтардың мұндай сұрақ қоюының себебін түсінемін. Адамдар өздері төлеген жарналардың нақты қайтарымын көргісі келеді. Бұл – орынды талап. Егер азамат жүйеге тұрақты түрде қатысып отырса, қажет болған жағдайда сапалы әрі уақтылы медициналық көмек ала алатынына сенімді болуы керек.
Алайда МӘМС - жеке жинақ шоты емес, ортақ жауапкершілік тетігі. Оның негізгі мәні – медициналық қызмет көрсетуге жұмсалатын қаржылық жүктемені мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар арасында бөлісу. Осының арқасында адам құны жоғары диагностикалық зерттеулерден өте алады, бейінді маманның кеңесін алады, жоспарлы ем қабылдайды немесе оталарды жасата алады. Мұндай қызметтердің құны көбіне оның ай сайынғы жарнасының мөлшерінен әлдеқайда жоғары болады.
Мысалы, сақтандырылған пациент медициналық көрсетілімдер болған жағдайда МӘМС аясында жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады, қымбат диагностикалық тексерулерден өтеді, белгіленген тізбелерге сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі, медициналық оңалтудан өте алады.
Сондықтан МӘМС-тің нақты құндылығын ай сайынғы төлем сомасымен ғана өлшеуге болмайды. Оның тиімділігі – адамға медициналық көмек шын мәнінде қажет болған сәтте оны алу мүмкіндігімен бағалануы тиіс.
Менің ойымша, жүйенің барлық қатысушыларының басты міндеті - әрбір азаматтың өзін әлеуметтік және медициналық тұрғыдан қорғалған сезінуіне жағдай жасау. Өйткені барлық қаржылық тетіктердің, заңнамалық өзгерістер мен цифрлық технологиялардың артында ең басты құндылық - адамның денсаулығы мен өмірі тұр.
- Сұхбатыңызға рақмет!
24 қараша 2026 ж. 60 0