Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зорлық–зомбылыққа – нөлдік төзімділікі

Зорлық–зомбылыққа – нөлдік төзімділікі

Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі

Қоғамның дамуы мен өркениеттілігінің басты көрсеткіштерінің бірі – адам құқығының қорғалуы, әрбір азаматтың қауіпсіз ортада өмір сүруі. Әсіресе, әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың зорлық-зомбылықтан ада, бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Осы бағытта жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында әлемнің көптеген елдерінде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы өткізіледі. Аталған күндер БҰҰ бастамасымен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, адам құқықтарын қорғауға және қоғамда бұл мәселеге деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Осыған орай, Арал ауданы аумағында да халықаралық акция бастау алды. Оның негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру.

Адамға жасалған зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес, тұтас қоғамның қасіреті. Өкінішке қарай, тұрмыстық жанжалдың арты кей жағдайда ауыр зардаптарға әкеліп жатады. Күш көрсету, қорқыту, психологиялық қысым жасау, ар-намысын қорлау секілді әрекеттердің барлығы адам құқығына қол сұғу болып саналады. Сондықтан мұндай жағдайларға бейжай қарауға болмайды.

Арал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында профилактикалық жұмыстарға басымдық беріледі. Акция аясында тұрғындармен кездесулер, түсіндіру шаралары өткізіліп, отбасындағы жанжалдардың алдын алу, құқық бұзушылық туралы хабарлау және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мәселелері кеңінен насихатталады.

Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік құндылықтарын нығайту.

Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Себебі бала отбасындағы зорлық-зомбылықтың куәсі немесе құрбаны болған жағдайда, бұл оның психологиялық дамуына, болашақ өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін. Әрбір бала мейірім мен қамқорлыққа, қауіпсіз ортада өмір сүруге құқылы.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Отбасы мүшелері, білім беру ұйымдары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар бірлесе әрекет еткенде ғана бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі болмақ.

Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың қандай да бір түріне куә болған жағдайда үнсіз қалмай, тиісті органдарға хабарлауы маңызды. Себебі дер кезінде жасалған бір ғана әрекет адам өмірін сақтап, ауыр жағдайдың алдын алуы мүмкін.

Арал ауданы полиция бөлімі тұрғындарды зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеуге, отбасындағы татулық пен сыйластықты сақтауға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырады.

Зорлық-зомбылыққа көз жұму – оның жалғасуына жол беру. Әрбір әйел мен бала өзін қауіпсіз сезінетін қоғам қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз!

Арал ауданы полиция бөлімі
26 қараша 2026 ж. 62 0