ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚАЖОЛ ЖОҚ
25 қараша мен 10 желтоқсан күндері аралығында аудан көлемінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өткізілуде. Қазіргі кезде қоғамда шешілмей отырған көп мәселелердің бірі отбасындағы әйелдерге қатысты тұрмыстағы зорлық-зомбылықтар болып отыр. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлсіз балалар, қарттар, мүгедектер мен әйелдер қауымы ұшырайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз – адамның отбасындағы немесе жақын қарым-қатынастағы адамдар тарапынан физикалық, эмоционалдық немесе психологиялық зорлық көруі. Бұл физикалық соққылар, қорқытулар, азаптау, қорлау, бақылаудан шығармау, оқшаулау және т.б.Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса да үнсіздік танытатын, әділдік іздеудің орнына жасыратын адамдарға Бұл қалыпты жағдай емес екенін түсіндіріуіміз керек! Себебі, көбісі жақсылыққа үміт артып, тәуекелшілікке барып, қорлыққа шыдап келеді.
Сондықтан, әрбір соққының қайғылы жағдайларға немесе мүгедектікке әкелуі мүмкін екенін түсіну маңызды. Дәстүрге бағынып қорлыққа үндемей шыдадым деген оймен өзіңді көпшілік алдында қорғауға болмайды. Себебі, зорлық-зомбылықты көріп өскен балалардың қорлықты қалыпты жағдай ретінде қабылдауы- олардың болашақтағы қарым-қатынасы мен отбасылық құндылықтарына әсер етуі мүмкін екенін ұмытпаңыз!
Ресми статистикалық мәліметтер бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық әрбір үшінші отбасында кездесіп, тіркелген қылмыстардың 30 пайызын құрайды. Себебі - қызғаныш, маскүнемдік, бұзақылық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі.
Осы ретте, Арал аудандық отбасын қолдау орталығы тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.
Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға уақытша тұру мүмкіндігі қарастырылған және тәжірибелі заңгерлер мен психолог мамандарынан кеңес ала алады. Яғни, барлық жағдайда анонимді түрде көмек беріледі.
Жыл басынан Орталық арқылы зорлық-зомбылық белгілері бар 5 азаматшаға құқықтық, психологиялық қолдау шаралары көрсетілді, нәтижесінде үш отбасы татуластырылып, екі азаматшаға облыстық «Ана мен бала» және «Дағдарыс» орталықтарына бір айдан алты айға дейінгі мерзімге қолдау шараларының кең көлемде қабылдануына ықпал жасалынды.
Осы себепті, Отбасын қолдау орталығы мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеу және алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар атқаруда.
Қазіргі таңда, «Гендерлік зорлық-зомбылықққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» халықаралық наухан барысында Орталықта аудандық білім бөлімінің, денсаулық саласының, жергілікті полиция өкілдерімен және аудан әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, медиаторлардың қатысуымен «Зорлық-зомбылықсыз өмір», «Мен цифрлық зорлық-зомбылыққа қарсымын» тақырыбында дөңгелек үстелдер, заңгер, психолог мамандармен кеңес, ашық есік күндері өткізіліліп, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратылды. Аталған іс-шараның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мен құқықтық тәрбиені насихаттау.
С. СҮЛЕЙМЕНОВ,
Арал аудандық отбасын қолдау орталығының
консультациялар беру және кешенді сүйемелдеу
бөлімшесінің басшысы










