Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзімізді шын сүюге 7 қадам: Неге өзімізді емес, өзгелерді ғана ренжітуден қорқамыз?

Өзімізді шын сүюге 7 қадам: Неге өзімізді емес, өзгелерді ғана ренжітуден қорқамыз?

Шын мәнінде, бұл процесс біраз уақытта алады. Десе де, нәтижесін алғашқы күндерден-ақ байқайтын боласыз. Өміріңізде айтулы өзгерістер болады. Осы орайда назарларыңызға психоаналитик Қарлыға Бүйенбайдың жеті кеңесін ұсынамыз,

Адамзатты емес, алдымен, өзімізді сүю – өміріміздегі ең маңызды нәрсе екені айтпаса да түсінікті. Алайда кезек іске келгенде көптеген сұрақ туындайды. "Өзімді қалай жақсы көремін? Басымнан сөз асырмауым керек пе? Өзімді әрдайым бірінші орынға қойып, барлық қалауымды орындатуым керек пе?" дегендей. Көкейіңіздегі сұрақтың қандай екеніне қарамастан, барлығы бір күнде жүзеге аса кетеді деп күтпеңіз.
Соңғы рет қашан шын қалауыңызды жүзеге асырдыңыз?
Осы тұста «Арықтауым керек, жұрттан қалмай магистратура оқып, отбасын құруым керек, әдемі киім киюім керек, көшпен қатар жүріп мақсаттарыма жетуім керек, тезірек балалы болуым керек» деген сынды қалаулар туралы айтып жатқан жоқпын. Қоғамдағы стереотиптер арқылы таңылған емес, шын мәнінде, жаныңыз бен жүрегіңіз жүзеге асқанын қалайтын қалаулар туралы айтамын. Ол майда-шүйде нәрселер болуы мүмкін.
Мысалы, көптен бері түске дейін төсекте жатып ұйқыны қандыруды, жасыңыз 30-дан асса да, парктегі аттракциондарға отыруды, су көп кетеді деп уайымдамай күнде душқа түсуді, бір уақыт диетаны ұмытып, балмұздақ пен қазы-қарта жеуді, сүйіктім менімен мақтансын деп биік өкше емес, жай табан киюді, дала макияжсыз шығуды, бала-шағаңызды ата-әжесіне, күйеуіңізді командировкаға жіберіп, бәлкім жалғыз өзіңіз бір жерде демалып қайтуды аңсап жүрген шығарсыз?
Әрқайсымыздың ішімізде – ата-ана, ересек адам және бала бар. Адам осы үшеуінің де қалауын орындап, баланс сақтаған кезде ғана өзін бақытты сезінеді. Меніңше, осы мақаланы оқып отырған болсаңыз, ішіңіздегі баланың қалауларына ерік беретін кез келді деген сөз. Мейлі 20-ға, 30-ға, 50-60-қа келсек те, ішіміздегі бала бала болып қала береді. Яғни ең бірінші кезекте өзімізді сүйіп үйрену маңызды. Сондай-ақ, тым еркелеп, жауапкершіліктен қашып жүрсеңіз, маңызды бір істі қолға алып, мақсатқа қадам басатын кез келген сияқты. Ең бастысы – баланс.
Айналаңыздағылардың пікіріне қаншалықты тәуелдісіз?
Екіншіден, өзгелердің пікіріне қаншалықты тәуелдісіз? Әрине, әрқайсымызда кейде кеңесін құлаққа іліп, алғыс айтатын бірнеше адам болады. Және ол адамдар тек өзіміз сұраған кезде ғана кеңес береді. Десе де, өзін шын жақсы көретін адам «Жаңа мен туралы не ойлап қалды екен? Ұят болды ғой. Көңіліне жақпай қалмадым ба? Дұрыс істедім бе? Не үшін олай істегенімді түсіндіріп жіберейін бе?» деген сынды сауалдар қоймайды. Бұл сұрақты әрқайсымыз өмірімізде бір рет болсын қойып көргенімізді мойындайтын шығармыз.
Десе де, дәл осы сәттен бастап өзгелердің емес, өз дауысымызды естіп, өзімізді тек өз көзімізбен, өз жүрегімізбен, өз санамыз, өз бейсанамызбен қабылдауды бастайтын уақыт келген сияқты. Эмоционалдық тұрғыдан жетілген адам өзінің кім екенін жақсы біледі және бұл сұрақтың жауабына айналасындағыларды араластыра бермейді. 
Ең бастысы – қателіктен сабақ алу
Үшіншісі – кешірім. Кішкентай болсын, үлкен болсын, қателік жіберген соң өзіңізді көпке дейін кінәлап жүресіз бе? Кейбіреуіміздің жанымызды жегідей жеп, ұрысуға дейін баратынымыз сөзсіз. Бір күн емес, біраз жылдар бойы өзімізді кінәлап жүреміз. Ал кінә бар жерде жаза да бар. Яғни өзімізді бірнәрсе үшін кінәлі сезінетін болсақ, өмірімізде бізді жазалайтын ситуациялар орын алатын болады. Мысалы, қымбат телефон алғанымыз үшін өзімізді кінәлі сезініп жүрміз делік. Егер осы кінә сезімінің түп-тамыры қайда жатқанын анықтамайтын болсақ, көп ұзамай осы телефонды жоғалтамыз.
Осындай жайсыз жағдайлардың алдын алуға бізге кешірім мен мейірімділік көп көмектеседі. Қандай ауыр қателік жіберсеңіз де, өзіңізді ренжітуге мүмкіндік бермеңіз. Тіпті өзіңізге де. Ең бастысы – жаза емес, қателіктен сабақ алу екенін біліңіз. Оның үстіне өмір атты ұзақ жолды біз жүрегіміздің алғашқы қағысынан, соңғы деміне дейін өзімізбен бірге жүріп өтеміз. Өзімізбен жақсы қарым-қатынаста болуды үйренбейінше, айналамыздағылармен қарым-қатынасымыз дұрысталмайды.
Айнаға қарағанда бірінші нені байқайсыз?
Төртінші – қабылдау. Айнаға қараған кезде ең бірінші нені байқаймыз? Тәніміз бен жанымызды қаншалықты қабылдаймыз? Дәл осы сәтте кідіріп, айнаға бір қараңызшы. Бірінші нені байқадыңыз немесе айналаңыздағылардың қай дене бөлігіне бірінші мән бересіз? Өкінішке орай, көп адам бірінші кезекте кемшілігін көреді. Сондай-ақ өзгелерге қараған кезде де осы кемшілік бар ма, жоқ па деп байқауға тырысады.
Мысалы, қасы тым жұқа немесе формасы әдемі болмаса, адамдардың қасына мән береді. Мұндай жандардан «Осы Алтынай Жорабаеваның қасы күшті, иә» деген секілді сөздерді жиі естуге болады. Тәніміз – біздің жан досымыз. Оны осы бар қалпында қабылдамайынша, артық салмақтан да, түрлі аурудан да арыла алмаймыз. 
Әрине, мұндайда фитнес жаттықтырушы, косметолог, дәрігердің пайдасы тиіп қалар. Бірақ бұл «уақытша эффект» қана болады. Уақыт өте келе қайта мазалайды. Көп аурудың емі тәнді жақсы көріп, оған күтім жасаудан басталады. Тәніміз оны жақсы көріп, күтім жасау үшін берілген. Соңғы рет қашан массажға бардыңыз? Немесе соңғы рет қашан тұз бен көпіретін сабын құйып, рахаттанып ваннада жаттыңыз? 
Бақытсыз сезінуге мәжбүрлейтін адамдардан, жұмыстан, ұсыныстан бас тарту
Бесінші бас тарту. Кімнен? Неден? Өзімізді бақытсыз сезінуге мәжбүрлейтін адамдардан, жұмыстан, ұсыныстан. Мысалы, таныстарымыз бізді кішігірім отырысқа шақырды делік. Былайынша қолымыз бос, демалып жатырмыз, бірақ қатты шаршап тұрмыз. Достарымызды ренжіткіміз келмегендіктен, «Иә, барамын» деп келісеміз. Бірақ өзін жақсы көретін адам өзгелерден бұрын өзін ренжітуден қорқады.
Іштей барғымыз келмеген жерге барып ешнәрсе өндірмейтініміз анық. Көп жағдайда өзімізбен оңашада өткізген уақыт құндырақ болады. Ал жасап жүрген жұмысыңыз көңіліңізден шыға ма? Әрине, бір күнде қалауымды орындаймын деп тұрақты жұмысымыздан шығып кетуге болмайды. Бұл өмірімізге кері әсерін тигізеді. Бірақ біз бала күніміздегі арманымызды жүзеге асырған кезде ғана бақытты боламыз. 6-12 жас аралығында кім болуды армандадыңыз? Бәлкім дизайнер, білкім диктор немесе актриса? Осы тұста қазақтың «Ештен кеш жақсы» деген сөзін еске түсіргім келіп отыр.
Неге өзімізді ренжітуден қорықпаймыз?
Алтыншы – жеке шекараны "қорғай" білу. Бұл бастан сөз асырмай, бізге дауыс көтерген адаммен айқайласып, алтын күзеткендей автоматпен жүру деген сөз емес. Бар болғаны бізбен қалай сөйлесуге болатынын немесе болмайтынын көрсету. Мысалмен түсіндіруге тырысайын. Жуырда құрбым танымал шетелдік бренд компаниясынан әшекейге тапсырыс берді. Бірақ мұхит асып келген тапсырыс мүлдем көңілінен шықпаған екен. Алдын ала әшекейдің көлемі, тастардың қандай болатыны және түсі таңдалған. Тастар табиғи болғанымен, көлемі мен түсі дұрыс болмады. Мұндайда кей адам ақшасын төлеп қойдым, сөзді көбейтіп жүремін бе, оның үстіне әшекейде қайтарсам, ақшамды қайта бере ме деп бар нәрсемен келісе салатыны сөзсіз. Алайда құрбым ерінбей компанияға хат жазып, тапсырыстың ойындағыдай орындалмағанын айтты.
Әшекейді де ойланбастан қайта салып жіберді. Екі күннен кейін компания кешірім сұрап, тапсырысты қайта жасауға кірісіп, 17 күннен кейін салып жіберді. Осы секілді күнделікті тұрмыста шекарамыздың қай жерде екенін көрсетіп отыру маңызды. Біреу дауыс көтерген жағдайда оған сабырмен, нені қалайтынымызды айту арқылы ол адамды өз деңгейімізге көтеріп сөйлесе аламыз. Әрине, айдаладағы компания мен жақындарымыздың арасына шекара қою екі түрлі нәрсе. Көп жағдайда жақынымыздан айырылып қаламыз деп өзіміз қаламаған дүниемен көніп жүре береміз. Неге біреуді ренжітуге қорқамыз? Неге өзімізді ренжітуден қорықпаймыз? Ойланып көріңізші. 
Өзімді жақсы көру мен өзімді ғана жақсы көрудің ара-жігін ажырата білу
Жетінші – өзімізді жақсы көру мен өзімізді ғана жақсы көрудің ара-жігін ажырата білу. Махаббаттың ең биік шыңы – осы сезімді өзгелерге бере алу, қайтарымына ешнәрсе күтпеу. Қыз-жігіт болып жүргенде, отбасын құрғанда сүйіктімізге белгілі бір талаптар қойып жатамыз. Бірақ шынайы махаббат сүйген адамымызға бостандық беруден, қалауын сыйлаудан, өзімізге ыңғайлы етіп өзгертпеуден басталады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - өзін жақсы көретін адамның айналасындағыларға көмек қолын созуға, оларды махаббатқа бөлеуге қауқары жетеді. 
Әрине, 20, 30, 40 жыл өзімізді жақсы көрмей келіп, бір күнде өзгеріп сала беру қиын. Бұл процесс алғашқы ғашығыңызға бірінші рет сезім білдіргенмен бірдей. Әсіресе, қыз баласы үшін. Дәл осы сәттен бастап өзіңізді жақсы көруіңізге тілектеспін. Ешқашан ешуақытта ешжерде өзіңізді ренжітуге мүмкіндік бермеңіз. Тіпті, өзіңізге.
Мақаланың аудиоподкаст нұсқасын жоғарыдағы видеодан тыңдай аласыз.
   
24 мамыр 2019 ж. 971 0