Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ринат Зайытов: Алла жарылқасын, Мейрамбек ағама қатты риза болдым

Ринат Зайытов: Алла жарылқасын, Мейрамбек ағама қатты риза болдым

Айтыскер ақын, қоғам қайраткері Ринат Зайытов "Адырна" сайтына сұхбат беріп, өзін мазалаған мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.
"Адырна" сайтының егер мәдениет саласын басқарсаңыз, қандай өзгерістер енгізесіз деген сауалына Ринат Зайытов: "Әншілерге лицензия беруден бастаймын. Қазақтың нанын жеп отырған кез-келген әншінің әуелі хақысы болу керек. Ұлтқа қызмет ету, мәдениетке қызмет ету дегеніміз ол екі ән жаздырып тойға шығу емес. Біздің кезіндегі өнер адамдары қандай болды? Қазақстанның бес облысы кетіп бара жатқанда, Димаш ағамыз Жұмекен Нәжімеденов, Шәмші Қалдаяқовқа нұсқау беріп, "Менің елім, менің жерім" деген ән жазыңдар деді. "Мынау жер қазақтыкы деген құлақтарына сіңсін" деп айтты. Міне саяси науқан болып жатыр, қайда қазақтың өнерпаздары?! Түк болмағандай отырады, біреуі қозғалмайды. Ертең біз ұрпақ алдында жауап береміз, сондықтан тірімізде бетімізге, өлгенде көрімізге түкірмеу үшін атсалысу керек. Ақшасы көп жерге емес, ауылды жерге барып өнер көрсету керек. Және оған мемлекет те жағдай жасау керек. Қазір Республика сарайын жалға алу кем дегенде 5-7 млн ақша керек. Дыбыс, жарығын айтпағанда. Қаншама әншілер жүр, концерттерін қоя алмай. Қарапайым Алатау дәстүрлі-өнер театрында концерт қоюдың өзі 1 млн теңге. Домбырасын арқалап жүрген Ерлан Рысқали, Еркін Шүкмән қайдан алады ондай ақшаны?" деп жауап берді.
"Атағы шыққан әншінің үстіне костюм шалбар кигізіп, "Мақтанышым - Елбасым" деп ән айтқызып қою - ол біздің биліктің қолынан келеді. Мен ешқандай да креслоға ұмытылып отырған жоқпын, кез-келген адам осы қызметке келгенде халыққа, мемлекетке қызмет ету керек, содан кейін өз қажеттілігін өтеу керек, - деген сенімде Зайытов. - Шетелдік әншілер билік алдында пікірін білдіруге қорықпайды, екі сөзінің бірі боқтаудан тұратын Эминем елі үшіншырылдағанда, бізде отаным, жерім деп өлең шығарып отырған адамдар бейжай қарап отыр. Мейрамбек ағамыз бір күнге болсын пікірін білдірді, Алла разы болсын, ол кісіге ризамын, "Нұр Отанға" күштеп қоспаңдар" деді. Бірақ осы сөзі біздің адамдарға қаншама рух берді", - дейді айтыскер ақын.
Сондай-ақ Ринат Зайытов парламентке барып жатсам, жердің сатылуына түбегейлі шектеу қояр едім дегенді алға тартты. "Өмір бойы ұрпағымызға қалатынына сенімді болу керек, екіншісі, қазақ ұлтының статусын бір саты жоғарлату керек", - дейді ол.
Түрлі тармақтарға ағымдар бөлініп жатқан қазақтар туралы Ринат: "Еліміз Тәуелсіздік алғалы ең алғашқылардың бірі болып "Діндер бостандығы туралы" заң қабылданған екен. Мен естігенде шошыдым. Бұл Тәуелсіздігін жаңа алған ел бірігіп кетпес үшін арамойлы ағымдардың жасаған нәрсесі. Қазақтың қарапайым қыздары мектепке басына орамал тағып барса, мектептен қуамыз, діни алауыздық тудырады деп байбалам болады. Кешіріп қойыңыз, онда орыстың балаларының мойнындағы кресті де алдыртайық. Ол да діни атрибутика ғой. Қазір дін тек қоғамды бөлуге айналған құрал. Шәкәрім айтпақшы "Кейінгінің дінінің бәрі нашар, байқасаң біреуі жоқ көңіл ашар". Мұсылманның өзін бәленбай тармаққа бөлінді, тағы яхудиі бар, христиандары бар. Бөлінген қоғам ол билікке өте ыңғайлы. Құм жиылып тас болмайды, қоғамды құмға айналдырғаннан кейін, ол ешқашан тас болмайды. Діндердің бостандығының кеселінен қазақ бірін-бірі жеп отыр, діндердің бостандығы кеселінен біздің айтыс екіге бөлініп кетті. Басқасын былай қойғанда, спорт сондай екен, бірнеше спортшы балалармен сөйлесіп тұрамын, қазақ деген ұғым жоқ, діншілдер көп", -деп налиды айтыскер. 
Ұлттық идеологияны дүниеге әкелудің жолын Ринат "дінді ашық насихаттауға уақытша тыйым салуда" деп біледі.
"Ешкім мешітке, шіркеуге біреу үшін бармайды, ол адамның жеке шаруасы, әркімнің Құдайға, жұмаққа жетудің өз жолы бар. Бастарына тақия киіп алып, бір тал сақал өсіріп, бос тұрған мешіттерде естіген әңгімесін айтып, жастардың санасын улап отырғандар көп. Шіркеуде поп отыра ма, мешітте имам бар ма - сол жеткілікті, көшеде жүріп, кітаптарын үлестіріп, дінді насихаттауды тоқтату керек. Сонда біздің қоғам түзеледі. Сириядан алып келген қазақтардан күдіктенем, залалы тиіп кетпесе екен деп өзім де қорқамын. Бізге отан керек емес, бұл кәпірлердің жері деп кеткен адамдарды не үшін алдыртамыз? Көксеректің кебі ғой бұл, ертең өзімізді қабуы мүмкін", - дейді Ринат.
"Қазір астанада отырған министрлерді айтпағанда, әкімдікте отырған хатшысы жағдайын айтып келген көпбалалы аналарға секең-секең, кердең-кердең етеді. Ол ненің белгісі? Олар мүлдем халықты адам деп санаудан қалды. Кез-келген шиеленісте билікке талапты орындап, шегініс жасаған арзанға түседі, бірақ олай жасамайды, өйткені бір қадам артқа жүрсе, халық алға он қадам жасайды", - деп айтыскер ақын қоғамда орын алып жатқан жәйттерге көңілі тола бермейтінін жеткізді.
"Шындықтан қаша алмайсың деген адамды 15 күнге қамайды, ал 5 адамды қырып тастаған байдың баласын жібере салады, міне біздің қоғам", -дейді Зайытов.
29 мамыр 2019 ж. 868 0