Шенеуніктерді кінәлады: ШҚО-да жер дауы ушығып тұр

"Қаншама кісілер куә. Айыппұл төлеп отыр. Бір басқа 25 мың теңге. Оған баласына тамақ әпере ме, ақша төлей ме? Жұмыс жоқ. Малдан басқа кіріс жоқ. Жерден алтын мен көмір шығып жатқан жоқ қой", - деп назын білдірді Көктүбек ауылының тұрғыны Ерзат Шоланов.
Өзеннің арғы бетінен жер бердім деп бас сауғалаған әкім барлық жағдайды жасап бергенін айтады. Алайда, мал өзеннің арғы бетіне өте алмайтын көрінеді. Егер белгіленген жерге мал жайылмайтын болса, тұрғындар 50 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Тіпті артық ақшасы жоқ тұрғындарға сиырын жайлауға қосып жіберуге тура келген.
"Судың арнасы 50 метр. Бәрін тоғытамыз. Әлдісі шығады. Әлсізі кетеді. Құмға батады", - дейді Ерсұлтан Алғалиев.
Ауданның атқамінерлері халықтың жайылымы бар деп айтқан бетінен қайтпай отыр. Тіпті шұрайлы жерден 150 гектар жер бердік деп дауласуда. Алайда, тұрғындар бұл жайдан хабарсыз екенін айтып таңқалысты. Мемлекетке тиесілі жерді сот арқылы қайтарып алуға бекінген тұрғындарға әкім-қаралар жайылымды өзіміз көрсетіп береміз деп сендірді.