Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ораза айты – туыстық пен тұтастықты қуаттайды

Ораза айты – туыстық пен тұтастықты қуаттайды

Санаулы күндерден соң асыл дініміз Исламның бес діңгегінің бірі – рамазан айында күндіз ораза ұстап, кештерінде тарауих намазын оқып, Жаратқанға шүкірлік айтып пітір садақамызды беріп берекетке толы қасиетті күндерімізді де аяқтаймыз.Алла тағаланың рахымы мен мейіріміне, кешірімі мен шарапатына толы бұл аймен қоштасарда көңілде қимастық сезімі ұялайды. Өзіндік қайталанбас ерекшеліктерге толы ұлық айдың артынша Айт мерекесі де келіп, дүние мен ақыреттің құндылықтарын сездіріп, жан дүниемізді ерекше сезімге бөлейді.
Мұсылманның бұл мерекесі бір айлық оразадан кейінгі жалпы халықтық ауыз ашары секілді.
Алла елшісі (с.ғ.с.) хадистерінде айт мейрамында тағам жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, туған-туысты аралау осы күндердің әдебі екендігін білдірген. Ендеше айт күндерін құлшылығымызды кемітпестен, көтеріңкі көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізуіміз қажет.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде жергілікті халықтың мейрамдап көңіл көтеріп жатқанын көріп: “Бұл қандай мереке?” деп сұрағанда, олардан: “Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз” деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): “Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары” деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет.
Ораза айтында ата-ана мен қарияларға сәлем беріп батасын алу, сырқат кісілерді зиярат етіп көңілін сұрау да ізгілікті амалдарға жатады.
Бұл күндері ренжісіп қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла тағала: “Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр” (“Ағраф” сүресі, 199-аят) деп адамзат баласын барынша кешірімді болуға үндеген.
Сонымен қатар осы мереке күнінде көңілі қаяу мұқтаж адамдар мен міскіндер айт күндерінде көбірек көмек-қолдауды қажет етеді. Сондықтан да мұндай мұқтаж жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін көтеріп, мейірімділік пен жомарттық танытқан мақұл.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз жыл сайын рамазан айында үндеу жариялап, қоғамдағы әлеуметтік ахуалы төмен жандарға тиісінше көмек көрсетуге шақырып отыратындығын еске сала кеткен жөн. Біз бұл жетістіктеріміз үшін Алла тағалаға дәйім шүкіршілік етуге тиіспіз. Асыл дініміз шақырғандай, бейбіт, әрі өзара сыйластық пен ынтымақта, мейірімділік пен тұтастықта өмір сүрер болсақ, онда бұдан да қарқынды дами түсеріміз сөзсіз.
Әсіресе айт күндерін біздің халқымызда өзара туыстық қарым-қатынасты арттыру берік қағидаға айналған. Туыстық қарым-қатынас қазақта бір-біріне қол үшін беріп, көмек көрсету тұрғысында да өзінің кең пейіл бауырмалдығымен, дархандылығымен, жомарттығымен байқалады.
Ал қазақ халқының жанұядағы ұлттық ерекшеліктеріне келетін болсақ, ол ең бірінші салт-дəстүрден басталады. Салт-дəстүр дегеніміз — халықтардың кəсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс.
Бізде мақтан тұтатын ұлттық сана қалыптасқан. Ұлттық сана-сезім дегеніміз — өзінің ұлттық өкілділігін мойындай отырып, ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық, халық мұраларын, мақтанышын бағалай білу. Міне, бізге қалған мұралардың бірі – осы айт күніндегі бауырмалдық.
Қазақ халқы: «Дəстүрдің озығы бар, дəурені өткен тозығы бар», — деп заман талабына сай дəстүрлерді дəріптеп, тəлім-тəрбиенің пəрменді құралы ретінде пайдаланып келген. Еш уақытта ескірмейтін, тыныс тіршілігімізден түспейтін айт мерекеміз озық салт дәстүрімізбен біте қайнасқан.
Салт-дəстүр белгілі бір əдет-ғұрыптарымен байланыста туады және осыған байланысты əдет-ғұрыптарымыз бен салт-дəстүрлерде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады. Осының бəрінде ынтымақ, кішіпейілдік пен қайырымдылық, адамдық пен шыншылдық рухын ардақтап отырған.
Айт күндерінде қол алысып, төс түйістіріп амандасуымызда бауырмалдықтың ерекше үлгісі бар. Халқымыздың дəстүрлерінде қол алысып амандасуға ерекше көңіл бөлген. Əрбір қазақ жанұясында жас баланы сəби кезінен үлкендермен қол алысып амандаса білу дағдысына үйреткен. «Ағаңның қолын ал», — деп жатады ата-ана. Осы тəлімді ұстанған қазақ жұртында əдетте бірінші болып жасы кішілердің үлкендерге қол беру дағдысы қалыптасқан. Бұл үлкенге деген ілтипаттың, қадірлеудің белгісі. Үлкенге сəлем беру, орын беру, жол беру, төрге шығарып, аттандыру сияқты дəстүрлер өмір бойы ескірмейді.
Сондықтан адамның рухани байлығы оның имани және ұлттық сана-сезімімен байланысты деген ұғым қалыптастырған. Əрбір адамның рухани өмірінің байлығы оның ұлттық қадір- қасиетімен де өлшенеді. Адам өз ұлтының құндылықтарын, ережелерін меңгере отырып, ұлттық мəдениеттілікке көтеріледі. Əр адам өз ұлтының мəдениетін, басқа да діни құндылықтарын неғұрлым тереңірек білсе, соғұрлым ұлттық сана- сезімі жоғары деңгейде болады.
Ендеше ұлттық өзіндік сананың қалыптасуы Алла тағаланың мереке етіп бекітіп берген күндерінде паш етіледі. Адамзаттың арғы-бергі өмірін тұтас қамтыған Ислам дінін алып келген Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жет­кен ха­дис­терінің бірінде: «Алла үшін ең сүйік­ті іс – Аллаға иман келтіру, сосын туыс­тық байланысты сақтау, сосын жақсылыққа үндеп, жа­ман­дықтан тыю. Алла үшін ең жаман іс – Аллаға серік қосу, сосын туыс­тық байланысты үзу», – деген еді. Осы бір хадистің астарына бойлай отырып, туыстық пен тұтастықты сақтау исі мұсылманның игілікті ісі екендігін бағамдаймыз.
 
Осы орайда Отанды құрай­тын отбасының бір­лігін ең бірінші орынға қойсақ, абзал дініміз бен дәстүрімізге тамыр тартсақ, ел үшін атқарған алғашқы жақ­сы­лы­ғымыз сол болар еді. Ғұ­мырдың ұзақ болуы туыстық қа­рым-қатынас­тың жақсы болған­дығынан екен. Қазақ халқы әлім­сақтан дастарқанын жима­ған, ырыз­дық несібесін аяққа теппе­ген халық. Осы­ның бәрін Әнес ибн Мәліктен жет­кен риуаятта Алланың сүйікті ел­шісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ырызық-несі­бесінің мо­лаюын немесе ғұмырының ұзақ бол­уын қаласа, туыстық бай­ланысын жалғасын», – деп біздерге тура жол ұсынған.
Ата-бабаларымыз «Ай көрмесең туы­сың жат, жыл көрмесең жолдасың жат» немесе «ағайынның азары болса да, безері болмас», – деген ұлағатты, ғибратты сөздер қалдырған.
Алла Елшісі (с.ғ.с) Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта былай дейді: «Ше­жірелеріңнен туыс­тық қа­ты­нас­та­рыңды жалғай­тын нәрселеріңді үй­реніңдер. Шын­дығында, туыс­тық қатынасты жал­­ғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі». Осы бір хадистен қазақ халқының кемең­герлігін кө­ру­ге болады. «Төртеу түгел болса төбе­де­гі келеді», – деп айт­қа­нындай ағайын­мен жақсы мәміледе бол­са ол да жан­нат­қа бастайтынын, жан байлығына тікелей әсер ететін дүние. Сол секілді, жүрек ты­ныш­тығы да отбасы татулығына бай­ланысты болатыны сөзсіз. Жоғарыда аталған хадистер мен мақалдардан біз туыстық қарым-қаты­нас­ты үзген адамның бұл өмір тұрмақ арғы әлемде де жақсылыққа жетпесін аңғарамыз. «Ағайын тату болса – ас көп», – деп мәтелдеп отыратын қазы­н­а­лы қарт­тардың бүгінгі сынығы осы бір мә­тел мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзін жадына тұтса игі. Жаратқаннан жарық дүние бір-ақ рет бері­ле­тін­діктен, Алланың берген нығ­мет­теріне қанағат етіп, жақынымызды жатқа айнал­дырмай, айт күндері жүзімізді жарқыратып, туыс­тық пен ты­ныш­тықты ұранымызға айналдырайық ағайын!
Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлесін. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін мол етіп, береке мен ынтымағымызды арттырып, қуатты елге айналуымызды нәсіп етсін.
03 маусым 2019 ж. 902 0